29 Наурыз, 2014 NEWS
Шыңғыс Ергөбек. Украина жағдайы: кім не ұтты?
Соңғы кезеңде Украинада белең алған саяси дағдарыс бірінші кезекте ұлттық мемлекетті құрумен байланысты процесс. Кеңестер одағы ыдыраған тұста, Украина Еуропа...
Соңғы кезеңде Украинада белең алған саяси дағдарыс бірінші кезекте ұлттық мемлекетті құрумен байланысты процесс. Кеңестер одағы ыдыраған тұста, Украина Еуропа одағына ұмтылыс танытқанша өзіне үйреншікті Ресей орбитасының тұсында сақталып қалуға ынта білдірді. Дегенмен ұлттық сана мен шын мәніндегі тәуелсіз мемлкеттілік идеясы уақыт өте келе басымдық таныта бастады. Мұның себептері де салдары да күрделі. Бұл мақала шеңберінде біз Қырымның тағдыры мен Қырымда орын алған саяси мәселенің геосаясатқа ықпалына тоқталсақ деген мақсат қойып отырмыз.
Қырым ежелден әлемдегі ең маңызды стратегиялық түйінді аймақтардың бірі. Алтын орда мемлекеті ыдырағаннан кейін Ноғайлы мемлекеті мен Қырым хандығы оның рухани ізбасары ретінде дамыды. Түркі халықтарына геостратегиялық басымдық беріп отырды. Кейінгі кезеңінде Осман империясының бір бөлігі ретінде Ұлы империяның Қара теңіздегі стратегиялық мүдделерін қорғап, аймақтағы ең ықпалды күш ретінде қалыптасты. Тіпті Петр І Азау теңізіне жасаған жорығында жеңіліс табуының өзі қуатты Қырым мемлекетімен байланысты болды. Бірақ кез-келген Түркі мемлекеті секілді Қырым хандығының түбіне мемлекеттің ішіндегі алауыздық жетті. Ресейдің Қырым түбегін басып алып Қара теңізге ықпал жүргізуге деген ниеті ішкі саяси дағдарысқа ұласып, Қырым хандығының Ресей империясының құрамына кіруіне ықпал етті. Негізі жоғарыда айтылған екі мемлекет Ноғай ордасы мен Қырым хандығына байланысты Ресей империясының ерекше позициясы болғандығы және бар екендігі аңғарылады. Ресей өзінің тарихи жадында осы екі мемлекетті Алтын орданың ізбасары және тиісінше мирасқоры ретінде қабылдағандығы аңғарылады. Ноғай ордасын ала салысымен Алтын орданың астанасы болған Сарай қаласын жойып жіберуге ынталануы, Қырымды алған тұста жаңа билік орталығын Бақшасарайдан Севастопольге ауыстыру идеясы да осы екі ұлыстың мемлекеттігін ұмыттыру ниетін білдіреді. Бұл психологиялық комплекс ұлыресейлік шовинизммен қосыла отырып, Қырымды өзге егеменді мемлекеттің құрамында қалдыра қоюы екіталай еді. Бертін келе Кеңестер одағының құрамындағы Ресей Қырымды Украинаға сыйлағанымен Мәскеу бұл аймақты жіті назарынан шығарған емес.
Украинадағы дау бастала салысымен Ресейдің Қырымды өзіне қосып алуға деген ниеті айқын сезіле бастады. Бұған негіз де жоқ емес еді.
Біріншіден, Ресейдің Қара теңіздегі әскери-теңіз флотының негізгі базасы Қырымда орналасқан. Яғни бұл аймақтың ресми Мәскеуден тәуелсіз бір орталыққа бағыну сценариі ешқашан Ресей федерациясының жоспарына кірмеген.
Екіншіден, Украина секілді өзіне ағайын мемлекеттің территориясын аннексиялау арқылы Ресей өзінің көршілерін өзінің өмірлік қажеттіліктер аймағына жатқызатындығын көрсетті. Яғни, өзінің маңында Ресейден дербес, Ресеймен келісілмеген саясат жүргізетін мемлекеттің болуы солтүстік көршіміздің жэоспарына кірмейді. Ал бұл орын алған жағдайда «отандастар» мүддесін қорғау ниетімен Ресей күш қолданудан тайынбайтындығын көрсетті.
Үшіншіден, Путиннің билікте қалуына және жеке билігінің нығаюына ықпал ететін фактор «күшті лидерге арқа сүйейтін, күшті мемлекет» идеясы екендігі айқын. Ресейдегі демократиялық құндылықтар мен үдерістердің тоқтатылуы қоғам тарапынан наразылық тудырмай жатқан жоқ. Бұған жазда Мәскеуді дүрліктірген Болотный оқиғалары мысал бола алады. Билік өз атынан бұл әрекеттерді тоқтату үшін идеологиялардың ішіндегі ең қарапайым әрі тиімді құрал ұлыресейлік шовинизмге бет бұруы ішкі мәселелерден назарды сыртқа аударатындығы сөзсіз.
Төртіншіден, Путин Ресейдің тарихында жер жинаушы патша ретінде қалғысы келетіндігі сөзсіз. Бұл тарихи танымдағы ең күрделі әрі даулы мәселе тұлғаның тарихтағы орнын қайта қарауға ықпал етеді. Әйтпесе, ешқашан орыстың жері болып есептелмеген аймақты, «Ресейге қайтты» деудің өзі үлкен әбестік емес пе?
Ең қызығы Қырымның тағдырын шешуге қырым татарларының өздерінің жетерлікті қатыспағандығы. Қырымдағы татар диаспорасының ойы, ешқашан бір мемлекеттің құрамынан шығып, екінші мемлекеттің құрамына кіруден тұрмасы етенеден белгілі. Либералды Киевті қатал Мәскеуге ауыстыру идеясы татарлар тарапынан ешқандай қолдауға ие болған жоқ, қайта қарсылық туғызды. Дегенмен бұл дауыс ескерусіз қалды. Шын мәнінде Қырым татарларының ойы әзірге Украина құрамында қалып автономияның шегін мүмкіндігінше кеңейту. Уақыт өте келе теңіздің арғы жағындағы Түркияға және өзге де түркітілдес мемлекеттерге арқа сүйей отырып, өз мемлекеттігіне қол жеткізу болғандығы айқын. Қырымды Украинаның құрамында қалдыру үшін ресми Анкара мұндай әрекетке барып та үлгерді. Түрік республикасының сыртқы істер министрі Мәскеуге келіп Украинадағы кез-келген территориялық өзгерістерге қарсы екендігін мәлімдеді. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев та Ресей тарапынан Қырымға әскер кіргізбеуін өтініп Ресей президентіне телефон шалуы бұл сценарийді мүмкін қылғандай еді. Бірақ Ресей бұл пікрмен келіспеді. Осылайша Қырым татарлары өз мемлекеттігін құру мүмкіндігінен айрылып қалды.
Қырымның Ресей құрамына кіргенінен ұтылған жалғыз қырым татарлары емес. Қырымды құрамына қабылдаудан ең көп ұтылған Ресейдің өзі.
Біріншіден, Қырымды өз құрамына кіргізу арқылы Ресей бүкіл Украинадан айрылды. Украинадағы алғашқы түрлі-түсті төңкерістен кейін билікке келген Ющенкоға қарсы саясаттың нәтижесінде Ресей өз жақтасы болып табылатын Януковичті билікке әкеле алды. Бүгінгі күні мұндай сценарийдің болуы мүмкін емес. Ешқашан ешбір ұлт өз территориясының бір бөлігін аннексиялаған мемлекетпен жақсы қатынас құруды өзінің негізгі мақсаты етіп қойған саясаткерді қолдамасы аян. Бұдан басқа Қырым ылғи эллекторалды тұрғыдан Ресейді жақтаушы партияларға дауыс беретін аймақ болатын. Бүгінгі күні бұл аймақ тұрғындары украиналық саяси аренадан кетіп қалды. Яғни шын мәнінде ресейшіл саясаткерлерге дауыс беретін эллекторат азайды.
Екіншіден, Ресей кеңестік одақ ыдырағаннан кейін алғаш рет өзге мемлекеттің территориясына қол сұғып, шын мәнінде аннексиялады. Яғни әлемдік аренада әлсіздерді қолдаушы, әділет сүйгіш Ресейдің бұл әрекеті солтүстік көршіміздің ғаламдық деңгейдегі беделіне нұқсан келтірді. Оңтүстік Осетия мен Абхазияда Ресей бұл мемлекеттердің тәуелсіздігі үшін күрескер ретінде көрінгісі келді. Яғни әділетсіз Саакашвилиден осы екі мемлекетті құтқарып қалды. Ал Қырым жағдайында Ресей Қырым тәуелсіздігі үшін күрескер бола алмасы анық. Себебі Қырым тәуелсіздігін алған жоқ, Ресейдің құрамдас бөлігіне айналды. Тіпті, ресми Кремльдің өзі мұны орыс жерлерін жинаудағы үлкен жетістік деп қарастыратындығын жасырмады.
Үшіншіден, Ресей Қырымдағы әрекеттері арқылы өз көршілерінің алдына үрей ұялатты. Себебі кез-келген көрші мемлекеттің дербес, тәуелсіз саясат жүргізуге деген ынтасы Ресей тарапынан мұндай қарсылық тудыруы тең дәрежелі әріптестік орнатуға деген бастаманы жоққа шығарғандай болды. Еуроодақпен ассоцияция туралы келісімшартқа ресми Киевтің қол қою ынтасының өзі Ресейдің мұндай қарсылығы мен санкцияларына ұшырауы кез-келегн шекаралас мемлекетке күдік ұялататындығы айқын.
Төртіншіден, Ресей Қырымды қосып алудың нәтижесінде экономикалық санкцияларға ұшырады. Бұл Ресейдің өзіне де, Ресеймен тығыз экономикалық байланысты дамыту ынтасы бар елдер үшін де тиімсіз. Әрине, Ресей экономикасы әлемдік экономикада өзіндік орны бар қуатты экономика, бірақ санкция қолданушы мемлекеттердің әлеуеті бұдан кем емес. Сондықтан, Ресейге деген қарсылық тек қана бұл мемлекеттердің санкция енгізуіне ғана алып келмейді, бұл елдер арасында интеграциялық процесстерге жол ашады. Яғни бұл елдердің экономикасы өзара интеграциялану арқылы Ресейге байланысты қолданған санкциялардан болуы мүмкін шығындардың тәуекелін төмендетеді. Соңғы уақыттағы Барак Обаманың Брюсселге сапарында талқыланған ең маңызды сұрақ та осы. Егер АҚШ Еуропаның газға деген мұқтаждықтарын жақын арада қамтамасыз ете алатын болса онда санкция Ресейге ауыр тиері сөзсіз.
Бесіншіден, Ресейдің Қырымды қосып алуы аймақтық қауіпсіздік туралы келісімдердің, тіпті экономикалық келісімдердің түкке тұрмайтындығын көрсетті. Яғни, Ресей өз мүддесіне қайшы келетін болса кез-келген шартты белден басатындығын айқындады. Тіпті НАТО-ға альтернативті әлем концепциясын ұсынып жүрген Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің өздері бұл мәселеде бірізділік таныта алмады.
Бірақ бұл саяси дағдарыстың ең маңызды сабағы ұлттық мемлекеттілік пен мемлекеттік тәуелсіздік идеясының өзектілігінің жаңа сапаға көтерілгендігін айқындап берді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір