21 Наурыз, 2014 NEWS
Мұхан Исахан. «Наурызды – елден, елдi Наурыздан ажыратуға болмайды!»
Көшпендi Қазақ өркениетiнiң ұлы нышандарының бiрi ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мерекесi. Алайда соңғы жылдары Наурыз мерекесi жөнiнде кейбiр фундаменталды...
Көшпендi Қазақ өркениетiнiң ұлы нышандарының бiрi ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мерекесi. Алайда соңғы жылдары Наурыз мерекесi жөнiнде кейбiр фундаменталды түсiнiктегi дiни оқымыстылар ел iшiнде жағымсыз пiкiр қалыптастырып жүр. Олардың пiкiрiнше, Наурыз мерекесi бүгiнгi күнге үзiлiп-талып жеткен көне зороастризм сенiмiнiң сарқыншағы-мыс. Ал зороастризм – отқа табынуға үндейтiн бұзылған сенiм болғандықтан, бұл дiннiң ритуалдары хақ сенiмге қайшы екенi айтпаса да түсiнiктi. Расында да, Наурыз мерекесi зороастризм сенiмiнiң сынығы болса, онда бұл сыни пiкiрдiң шынайылығына шүбә келтiре алмаймыз. Бiрақ Наурыз мерекесi шын мәнiнде зороастризмнiң сарқыты ма, жоқ әлде, Хақ дiннiң төл мерейлi мерекесi ме?
НАУРЫЗ ЗОРОАСТРИЗМНIҢ ҚАЛДЫҒЫ ЕМЕС Наурыз сөзi – зороастризм сенiмiнiң отаны болған парсы жұртының тiлi бойынша “жаңа күн” деген мағынаны бiлдiредi. Бұл сенiмде жақсылық жарықтан, жамандық атаулы қараңғылықтан бастау алады. Наурыз мерекесi осы айдың 22-сiнде тойлануының себебi, осы күнi жамандықтың қайнар көзi түнгi түнектiң жiңiшкерiп, күндiзгi жарықтың ұзаратыны, зороастризмдегi жарықты iзгiлiктiң бастауы ретiнде бағалайтын сенiмiмен үйлесiм тапқан. Ал зороастризм сенiмiнде отқа ерекше құрмет көрсетiлуiнiң себебi, от – жарықтың бастау көзi (Бачинин В.А. Религиоведение. Энциклопедический словарь. 56 стр. Изд-во Михайлова В.А., 2005). Ертеде шығыс халықтары Наурыздың 21-шi күнi түнде отты алаулатып жағып, жаңа жылды жарықпен қарсы алатын болған. Әлi күнге дейiн парсы тектес ұлыстар Наурыз мерекесiнде отты маздатып жағып, үстiнен секiрiп, өздерiн пәле-жаладан тазартып жатады. Қазiр ұлтымыздың Наурыз мерекесiнде отты алаулатып жағуды үрдiстен үзген себебi, отқа табыну ислам сенiмi бойынша Ұлы Жаратушыға серiк қосқандық саналады. Дегенмен, дәстүрге берiк ауылды жерлерде әлi де от ананы шақырып “алас, алас” деп жын-шайтанды қуу, жаңа түскен келiннiң босағадан оң аяғымен аттарында отқа май тамызу, өлген адамның басына шырақ жағып қою секiлдi салттар сақталған. Зороастризм сенiмiнiң мұндай сарқыншақтарының мәдениетiмiзге сiңiстi болып кеткенiн салт-ғұрыптарымызға жiтi назар аударғанда ғана бажайлай аламыз. Десек те, “Наурыз” сөзiнiң парсы тiлiнен шыққанына қарап, ғажайып бұл мерекенi зороастризм сенiмiне телуге бола ма? Әдебиетшi ғалымдар мен өнертанушылар Әз-Наурыз мерекесiн қазақ халқы ислам дiнiн қабылдамастан бұрын тойлағанын айтады. Олардың пiкiрiнше, Наурыз мейрамы – қазақ халқының көшпелi тұрмысының қуанышты кездерiн бейнелейтiн ұлық мереке. Қыс тоқсанның iшiнде мал-жанын шүберекке түйiп, әупiрiмдеп көктемге әзер шыққан ел – өрiстегi малдың аузы көкке iлiнiп, арқа-басының кеңiгенiнiң құрметiне ұлыстың ұлы күнiн ат шаптырып, аударыспақ ойнап, жамбы атып, балуан күрестiрiп, ұлан-асыр той жасайтын болған (Б.Кенжебаев. Қазақ әдебиетi. I том. Алматы 1949, Ш.Хұсайнов, Ы.Дүйсембаев. Қазақ ауыз әдебиетi және халық ойындарындағы театр-драмалық элементтер. Қазақ ССР Ғылым академиясының хабарлары. № 78. Алматы 1950). Белгiлi әдебиеттанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовтiң пiкiрiнше, Наурыз мерекесiн көшпелi түркi жұрты зороастризм сенiмiнен бұрын тойлаған. Оған дәлел ретiнде көне “Афрасиаб” жырын мысалға келтiредi. “Афрасиаб” жырында көшпелiлер көктем шыға ұлыстың ұлы күнiн тойлаған. Ал “наурыз” – Иран мәдениетiнен Тұран мәдениетiне сiңiскен термин. Яғни, көшпелi түркi жұртының ұлыстың күнiн тойлауы “наурыз” терминiмен бекiтiлгенмен, мазмұн тұрғысынан алып қарағанда ұлыстың ұлы күнiн тойлау ежелден түркi жұртында бар дәстүр деп бiледi. Наурыздың отқақұлдыққа еш қатысы жоқ екенiн Жағда Бабалық та өз зерттеулерiнде дәлелдеуге тырысады. Абыздың айтуына қарағанда қытай жылнамаларында арғы ата-бабаларымыз саналатын ғұндардың Наурыз мерекесiн тойлағаны жазылған. Ғұн қағандары күн мен түн теңелген 22 наурыз күнi таң алагеуiмде таудың басына шығып, көкке қолын жайып, Тәңiрден тiлек тiлеп, “Әумин” дескеннен кейiн, абыздар қобызбен аңыратып тұрып 9 қоңыр күй тартып, iле-шала 365 жiгiт қолдарындағы қобызбен 365 күй тартады. Яғни, әр күнге бiр күйден арнайды. Осылайша Наурыз мерекесi басталып, түрлi дән-дақылдан наурыз көже жасалып, салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындар өткiзiлiп, ат шаптырып, көкпар тартылып, мерекенi мәре-сәре болып тойлайды екен (Жағда Бабалық. Наурыз – мұқым ғаламның жыл басы мерекесi. Қазақстан-Заман газетi. № 11. 2010). Наурыз түркiнiң төл мерекесi екенiн зерттеушi Бақыт Әбжет те дәлелдеп жазды. Оның жеткiзуiне қарағанда, көне түркiнiң мифi бойынша жердi өгiз көтерiп тұр деп есептелiнедi. Жердi бiр мүйiзiне салып көтерiп тұрған көк өгiз мүйiзi талғанда екiншi мүйiзiне қарай ауыстырады. Жердi жылына бiр рет қана екiншi мүйiзiне аударады, осы кезде жер қайта жаңарып, тiршiлiктiң ояна бастауы жаңа жылдың келгенiн бiлдiредi. Өгiз белгi бергеннен халық Наурыз мейрамын тойлауға кiрiсетiн болған. Мысалы, әзiрбайжандар Көк Тәңiрiнiң құрметiне жұмыртқаны көкке бояп, оны айнаның үстiне қояды. Жұмыртқа тербеле бастаған кезде өгiз жердi екiншi мүйiзiне ауыстырды деп, жаңа жылды тойлауға кiрiседi екен (Бақыт Әбжет. Наурыз мерекесiнiң тойлану кезеңдерi. Қазақстан-Заман газетi. № 11. 2010).
АШУРА МЕН ӘЗ-НАУРЫЗДЫҢ АТАЛУЫ БАСҚА БОЛҒАНМЕН... Зерттеушiлердiң жоғарыда келтiрген деректерi Наурыз мерекесiнiң шығу тарихы үшiн аса құнды болғанымен, Әз-Наурыздың Хақ дiнге қайшы емес екенiн толыққанды дәлелдей алмайды. Әйтсе де, Наурыз мерекесiнiң Хақ дiнге қайшы емес, керiсiнше, дiни мереке екенiн Мәшһүр Жүсiп бабамыздың “Нұх, Наурыз тарихы” атты еңбегiнен анық көруiмiзге болады. Ғұлама бабамыз Наурыз мерекесiнiң шежiресiн былайша тарқатады: “Бұл наурыздама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегi, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мiнiп, алты ай, он күн суда жүзiп, су тартылып, кемесi Қазықұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көрiп, қара жердi басқан. Бiреудiң әкесi, бiреудiң баласы, бiреудiң бауыры, туысқаны қырылып қалып, “салт атты, сабау қамшылы” болып судан шыққан”, – деп Нұх (с.а.у)-ның қауымның топан судан аман-есен құтылғандарына шүкiршiлiк ретiнде қазан көтерiп, той жасағандығын жеткiзедi. Одан ары қарай: “Сөйтсе, сол күнде ай есебiмен санағанда “Мұхарамма” айының оны екен де, жұлдыз есебiмен санағанда, күннiң хамале бiр уәжiбiне кiрген күнi бiрiншi хамале болып табылған. Нұх пайғамбардың тұңғышы – “Сам” деген баласы. Ғараб, Ғажам – сол самның ұрпағы. Бiреуi ай есебiн ұстап, жыл басын “Мұхарамма” деп санап, оны “Ғашура күнi” – деп, мейрам қылып ұстап қалған. Бiреуi – Ғажам жұрты, жұлдыз есебiн ұстап “Бiрiншi хамале - жыл басы” деп мейрам қылып ұстап қалған. Мұның ұстап қалған күнi число есебiмен марттың тоғызына дәл келiп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерiсiне тұпа-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны бiздiң қазақ “Бұхар есебi” дейдi. Бұл есептен бiздiң қазақ жұрты орысқа қарағанша, аумай, жаңылмай ұстап келген”, (Мәшһүр Жүсiп . Ит дүние. Нұх, Наурыз тарихы. 242 бет. Алматы 2008) дейдi. Машһүр Жүсiп бабамыздың бұл дерегiн Жағда Бабалық ақсақал өзiнiң “Наурыз – мұқым ғаламның жыл басы мерекесi” атты мақаласында былай деп тiрiлте түседi: – 1970 жылдары Мәскеудегi Ленин атындағы кiтапхананың архивiнен ескi бiр жырды кездейсоқ оқығаным бар едi. Араб графикасымен жазылған жыр екен. Ол жылдары арнайы рұқсатың болмаса, көшiрмесiн жасатпайтын. Көшiрмесiн алмағаннан кейiн авторының аты-жөнiн ұмытып та қалыппын. Осы шығармада жер-жиһанды топан су қаптағанда Нұх пайғамбардың кемесi кеп Қазығұрт тауының басына тоқтағаны, дәл сол күнi күн мен түннiң теңескенi әсерлi баяндалады. Нұх пайғамбар күн мен түннiң теңесуiнiң құрметiне, сондай-ақ, азғынданған қауымның жойылып, жаңа бiр тiршiлiктiң басталғанын тойлағаны суреттеледi. Жыршы бұл мерекенi “Наурыз” деп көрсетедi. Бiрақ жыр иесi Нұх пайғамбар қайтыс болғаннан кейiн Наурызды тойлау үрдiсi ұмытылғанын, арада үш ғасыр өткенде ғана Наурыз атты алып тұлғалы адам Нұх пайғамбардың бастамасын жалғастырып, жыл басы – Наурызды тойлауды қайта қолға алып, осылайша Шығыс халықтары Наурызды жыл басы мерекесi ретiнде тойлауды үрдiске айналдырғаны жырланған. Мәшһүр Жүсiп бабамыз жоғарыдағы “Нұх, Наурыз тарихы” атты еңбегiнде Ашура мен Наурыздың шығу тегi бiр екенiн көрсетiп отыр. Расында да мұсылмандық дереккөздер бойынша Нұх пайғамбардың қауымы топан судан Мұхаррам айының оныншы күнi – Ашура күнi құтылған. Нұх қауымы Аллаға шүкiршiлiк ретiнде қазан көтерiп, дорба түбiндегi там-тұм қалған бидай, арпа, ноқат, бұршақ, құмық секiлдi дақылдарды айран-сүтке малып, жеңсiк ас әзiрлеп, арқа-жарқа болып той жасаған. Бұдан кейiн адамзат баласы әрбiр жылы топан су қасiретiнен құтылған күннiң құрметiне Мұхаррам айының оныншы күнi Ашура мерекесiн дәстүрлi түрде тойлай бастаған (Хусейн Алгул. Мүбәрак күндер мен түндер. Ыстанбул, 1996). Яғни, бұл деректерден Наурыз мерекесiнде дайындалатын түрлi дән-дақылдар қосылып жасалатын Наурыз көже мен Ашура тәттiсiнiң мазмұны бiр екенiн аңғарамыз. Ал Ашура мен Әз-Наурыз мерекесi бөлек-бөлек екi уақытта тойлануының себебiн, Машһүр Жүсiп бабамыз Нұх (с.а.у)-ның бiр ұлы бiр жылы 355 күннен тұратын ай есебiмен, келесi бiр ұрпағы бiр жылы 365 күннен тұратын жұлдыз есебiн ұстауына байланысты өзгерiске ұшырағанын жеткiзедi (Мәшһүр Жүсiп. Ит дүние. Нұх, Наурыз тарихы. 242 бет. Алматы 2008). Демек, Нұх (с.а.у)-ның қауымының топан судан құтылған күнiн Григориян немесе Омар Хаямның күнтiзбесiмен жүретiн Шығыс халықтары жұлдыз есебiмен Наурыз айының 21-iне тойласа, ал, ай есебiне негiзделген хижра жыл санауын ұстанатын өзге халықтар бұл мерекенi Мұхаррам айының оныншы күнi тойлайды. Тiптi, базбiр түркi халықтары Ашура мен Әз-Наурызды бiр мезгiлде атап өтедi. Мысалы, Ахмет Аляздың айтуына қарағанда, Анатолияның Мараш өңiрiнiң тұрғындары әрбiр жылы ақпан айының 21-iне Ашура деген атпен Наурыз мерекесiн тойлайды екен. Яғни, бұдан шығатын тұжырым, қай жағынан алып қарағанда да Ашура мен Әз-Наурыздың бiр мереке екенiн аңғарамыз.
ӘЗ-НАУРЫЗДЫҢ СЫНЫҒЫ – ҚЫЗЫР-IЛИЯС, МАНКУН, КӨРIСУ, СЕЛТ ЕТКIЗЕР... Бүгiнгi Түркияның Тракия аймағының тұрғындары Наурыз мерекесiн сәуiрдiң 23-шi жұлдызында “Қызыр-Iлияс күнi” деген атпен тойлайды. Қызыр мен Iлияс кiм дегенге келетiн болсақ, Құранның Кахф сүресiнде Қызыр бабаның Мұса (с.а.у)-мен кездесiп, оған хикмет iлiмiн (илми-ләдуни) үйреткенi баяндалады. Ал Құранның Саффат сүресiнде Iлиястың жөйттерге пайғамбар етiп жiберiлгенi айтылады (Өмер Насухи Билмен. Ислам ғылымхалi. Акшағ баспасы. Анкара. 486-489 б). Әсiлi, қазақ халқының дүниетанымында да “Әз-Наурыз мерекесiнде “Бақ қарап, Қыдыр дариды” (Ақедiл Тойшанұлы. Бақ пен Қыдыр. Дала мен Қала газетi. 16.10.2010) деген ұғым бар. Яғни, бұл деректерден де Қызыр-Iлияс мейрамы мен Әз-Наурыздың бiр мереке екенiн бажайлаймыз. Түркiнiң бiр бұтағы шуваштар наурызды “Нарас” немесе “Манкун” деп атайды. “Манкун” келгенге дейiнгi қыстың соңғы екi аптасында қыстан аман-есен шыққанының құрметiне “Саварни” дейтiн мерекесi басталады. Саварниден кейiн “Калам” мерекесi сәрсенбiде басталып ұлы күнге, яғни “манкунге” дейiн бiр апта бойы тойланатын болған. Осы шуваштарға қоңсылас отырған Самара өңiрiнiң қазақтары Наурыз мерекесiн “Қамал айт” деп атайды. Наурыз мерекесiн бұлай атауының себебi, осы күнi қамал (көктемнiң алғашқы айының парсыша атауы) айы туады. Жұлдызнамада тоқты жұлдызы пайда болады. Ертедегi қазақтар тоқты жұлдызы (қамал) пайда болғаннан бастап қыстың қаһары қайтты, жыл басы келе жатыр деп жаңа жылды қарсы алуға кiрiскен (Бақыт Әбжет. Наурыз мерекесiнiң тойлану кезеңдерi. Қазақстан-Заман газетi. № 11. 2010). Елiмiздiң батыс өңiрiнде күнi бүгiнге дейiн жалғасын тауып келе жатқан “Көрiсу” атты iзгi дәстүр бар. “Көрiсу” дәстүрi Наурыздың 14-iне тойланады. Бұл дәстүр бойынша қыстың көзi қырауда шаруаның жайымен жүрiп қалған ағайын көктем шығып малдың аузы көкке тиiп, алды-арты кеңейгеннен кейiн амандық-саулық сұрасып, бiр-бiрiне сәлемдесе барады. Омар Хаям астрономиялық зерттеулер арқылы күн мен түннiң теңесуiн дәл тауып, жаңа жыл мерекесiн Наурыздың 22-сiне ауыстырғанға дейiн, Наурыз мерекесi айдың 14-iне тойланып келген. Яғни, Мекемтас Мырзахметовтiң “Наурыз мерекесi зороастаризм сенiмiнен бұрын бар болатын” деген пiкiрiн негiзге алсақ, көшпелiлердiң бұрынғы жаңа жыл мерекесi қазiргi “Көрiсу” дәстүрi болуы әбден мүмкiн. Жас күнiмiзде бiздiң оңтүстiкте Наурыз мерекесi айдың 21-iне тойланатын. Бiз көзiмiзбен көрiп, куә болмағанмен, осы күнi балиғатқа толып, отау көтеруге әзiр болған жiгiттер ұнатқан қыздарына айна, тарақ сыйласа, бойжеткен қыздар жақсы көрген жiгiттерiне кесте тiгiп, тәттi ас әзiрлеп беретiн “селт еткiзер”, “ұйқы ашар” деген салттың болғанын үлкендерден еститiнбiз. Нелiктен “селт еткiзер”, “ұйқы ашар” салты Наурыздың 21-iнде аталып өтедi дегенге келетiн болсақ, осы күнi жыл басы болғандықтан, жастар бiр жас қосумен болашақ жарына айна, тарақ сыйлаумен өзiнiң балиғатқа толып, отау құруға әзiр екендiктерiн тұспалдайтын болған. Мағжан Жұмабаевтың атақты “Наурыз мерекесi” туралы мақаласында “Қазақтар Наурыз мерекесi күнi бiр-бiрiне “жасың құтты болсын!” деушi едi” (М.Жұмабаев. Шығармалар. 2-3 том. Наурыз. 356 бет. Алматы, 1996) деген дерегi, бiздiң бұл ойымызды жандандыра түседi. Демек, “селт еткiзер” мен “ұйқы ашар дәстүрiнiң астарынан жыл басы болған Наурыз мерекесiнiң iздерiн көре аламыз. Бұдан Наурыз мерекесiнiң көшпелi қазақ жұртының төл мерекесi екенiн тануға болады. Ал жаңа жыл атауын бiлдiретiн “наурыз” сөзi парсы тiлiнен транцформацияланған. Яғни, мазмұндық тұрғыдан алып қарағанда, көшпелi түркi жұрты “наурыз” терминiн қабылдағанға дейiн де Қызыр-Iлияс, “Көрiсу”, “Селт еткiзер”, “Ұйқы ашар” секiлдi дәстүрлер арқылы жаңа жылды мерекелеген деп топшылауға негiз бар.
НҰХ ПАЙҒАМБАРДЫҢ ӘЗ-НАУРЫЗЫ ИСЛАМҒА ТАҢСЫҚ ЕМЕС Дәстүрлi исламда құқықтық үкiм берудiң он бiр қайнар көзiнiң бiрi –“шариғаттан бұрынғы шариғаттар”. Бұл бойынша көне дiндердiң құндылықтары Хақ дiннiң қағида-ұстындарымен қабысып жатса, онда ол құндылықтарды ұстануға толықтай рұқсат берiледi. (М.Ә.Зехра. Исламдағы саяси, сенiмдiк, құқықтық мазхаптар тарихы. Ыстанбул, 1996). Ал Наурыз мерекесiнде бiр кездерi болған от жағу үрдiсi әлдеқашан салт-дәстүрiмiзден шығарылып тасталғанын негiзге алсақ, Нұх пайғамбар тойлаған Наурыз мерекесiнiң исламға ешқандай алабөтен емес екенiне көз жеткiземiз. Тiптi қазақ халқы бұл мерекеге “әзиз” атауын берiп, ұлыстың ұлы күнiн “Әз-Наурыз” деп қастерлейдi. Сондай-ақ, Әз-Наурыз мерекесiн тойлау барысында атқарылатын ағаш отырғызу, көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге iлу, балуандар күресi, айтыс, ән-жыр мен терме-толғау айту секiлдi дәстүрлер де Имам Ағзам мектебiндегi “әдет-ғұрып” (Хайреддин Қараман. Ислам құқығы. Измир,1996) қайнар көзiне қайшы емес. Атам Қазақ Әз-Наурыз мерекесiнде “Ұлыс оң болсын!”, “Ақ мол болсын!”, “Жаратушымыз жарылқасын!”, “Жасың құтты болсын!” деп, iзгi-тiлектерiн жүректен ақтара айтады. Көктемнiң келгенiн алғаш жеткiзетiн құсты “Нәурiзек” деп атап, оның ұшып келуiн жақсы ырымға балайды. Осы ұлық мереке күнi дүниеге келген жас сәбилерге азан шақырып “Наурызбай”, “Наурызгүл”, “Мейрам, “Мейрамгүл” деп ат қояды. Бiрiн-бiрi “өкпеге қиса да өлiмге қимайтын” халқымыз ұлыстың ұлы күнiнiң құрметiне көкiректе берiш боп қатқан өкпе-назды ерiтiп, бiр-бiрiн құшағына алып, төс қағыстырып, қайта жарасып жатады. Демек, осындай iзгiлiкке құралған ұлыстың ұлы тойы – Әз-Наурызды қалайша Хақ дiнге қайшы деп айта аламыз?!
Түйiн Уағында ұлтты ұлыстың ұлы күнiмен қайта қауыштырған Өзбекәлi Жәнiбеков “Наурызды елден, елдi Наурыздан ажыратуға болмайды”, деп Әз-Наурыздың Алаш жұрты үшiн қаншалықты маңызды екенiн дөп басып айтқан болатын. Әз-Наурыз халықтың көңiлiн көтерiп, қуанышқа бөлеп, iзгi-тiлектер айтысып, жақсылыққа үндейтiн Хақ дiнге қайшылығы жоқ халқымыздың ежелден тойлап келе жатқан жыл басы мерекесi. Бұл ұлық мерекеге бiр сәт өзгенiң көзiлдiрiгiмен емес, өз көзiмiзбен қарасақ ғана, даурығуды қойып, салт-дәстүрдiң даналығын терең сезiне алмақпыз. Ендеше, осыны ұғып-бiлудi Тәңiр тағала фундаменталды түсiнiктегi бауырларымыздың пешененесiне жазсын деп тiлеймiз! Нұх пайғамбардан берi тойланып келе жатқан Әз-Наурыз мерекесi құтты болсын, ағайын! Дәйiм ұлыс оң болып, ақ мол болсын, Алаш жұрты!
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір