• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 04:15:54
Алматы
+12°

Көзбояушылықтың көкесін Үкімет көрсетті

2013 жылдың 23 желтоқсанында ҚР Үкіметінің «Қазақстанның әлемнің 30 дамыған елінің қатарына кіру жөніндегі тұжырымдамалары» атты Қаулысы қабылданып, Президент қарауына жолданды. Енді бұл құжат бойынша Президенттің арнайы Жарлығы шығып, жүзеге асырыла бастайды. Бақылайтын – Президент аппараты. «Қазақия» осы құжаттың түйінді мәселелерімен таныстыруды жөн көріп отыр.

Тұжырымдама Елбасының 2012 жылғы желтоқсан айындағы Жолдауында ұсынылған, «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы елді модернизациялаудың жаңа саяси бағытынан бастау алды. Одан кейін Елбасы  2013 жылы Қазақстанның дамыған 30 ел қатарына кіруі жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Тұжырымдама соны орындау шараларының бірі деп білу қажет.

Қазіргі жағдайды талдай келе Үкімет сарапшылары мемлекетті модернизациялаудың екі сатысы бар екенін атап көрсетеді: алғашқысы – аграрлық экономикадан өндірістік экономика түріне көшу, екіншісі – өндірісті ғылым мен жаңа технологиялар негізінде дамыту. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан өзінің «Қазақстан 2030» стратегиясын 15 жылда орындап шыққан екен.  Өте тамаша жетістік! Алайда, құжатта алғашқы сатының қай бағытта табысты орындалғаны туралы нақты дәлел жоқ. «15 жылда орындап шықтық» деген сөз көңілге күдік ұялатты.  Себебі, алдымен аграрлық экономика жолға қойылуы тиіс еді. Бірақ, олай болмады. Оның үстіне бұл сала коррупцияға мейлінше бейім. Аграрлық мәселелерді шешкен болсақ, Тұжырымдамада «ауыл шаруашылығы жұмысына тартылған тұрғындар жаппай қызмет көрсету саласына кетуде» деген сөз нені білдіреді:   «ауылда істерге іс қалмадыны» ма, әлде «ауылдағы жұмыссыздық өндірісті дамытуға ықпал етедіні» ме? Түсініксіз. Іс жүзінде «алғашқы даму сатысын табысты, мерзімінен бұрын» аяқтасақ не болар еді? Онда, біріншіден − «Қазақстан дәстүрлі аграрлы ел болғандықтан, алдымен аграрлық саласын қарқынды дамытты, ауыл өркендеді, мыңдаған жаңа жұмыс орындары мен агроқалашықтар пайда болды. Ауылдың осындай қарқынды дамуы өндірісті үдемелі дамытуға жетелеуде. Соның арқасында агроөндірісті жаңа технологиялық деңгейге жеткізуге мүмкіндік туды. Ал, бұл ел экономикасын шұғыл түрде инновациялық технологияларға қарай бұруға мәжбүрлейді». Екіншіден, «ғылым мен жаңа технологияларды енгізу нәтижесінде агроөндірісте босаған жұмыс күштері модернизациялаудың екінші сатысы – инновациялық технологиялық өндірісті дамытуға тартыла бастайды» дер едік… Бірақ, Тұжырымдамада олай айтылмайды. Оның орнына жауырды жаба тоқып: «өнеркәсіптік өндірістің қарқыны артты», «халықтың табысы ұлғайды», «әлеуметтік жағдайы оңалды», «орта білім берумен толық қамтылды», «өмір сүру жасы ұлғайып, балалар өлімі азайды» деген жалпылама анықтамалар айтылады. Бұл дегеніңіз – нағыз көзбояушылық. Елбасыны, елді алдау!

Конституцияға қарсы тұжырымдама

Ал, енді, «Қазақстан экономикалық реформаларды жүзеге асыра отырып, қазіргі көпұлтты мемлекетті қалыптастыра алды» деген пікір тіптен түсініксіз. Егер олай болса, онда  осыған дейін жүргізілген барлық экономикалық реформалардың мақсаты «көпұлтты мемлекет құру» болып шыққаны ма?  Ал мұндағы мәселе «көпұлттылықты қалыптастыру» жөнінде емес, нақты − мемлекеттің дамуы туралы болып отыр ғой. Ал «мемлекет» − азаматтарының мүддесін қорғайтын құрал. Әрине, мемлекетке «ұлттық тұрақтылық» ауадай қажет,  бірақ, тұрақтылық пен бірлік ең алдымен мемлекеттілікті нығайтуға бағыталмай ма? Ал мемлекетті нығайту, өз кезегінде азаматтарының жоғары әлеуметтік жағдайына (тұрақтылық деп ұғыңыз) қол жеткізуінен көрініс табады. Және де, экономика заңы бойынша мемлекетті модернизациялауда шешуші фактор ретінде ұлттық қатынастар емес − нарық маңызды роль атқарады. Онда да, нарықтың әділетті заңдарға сүйенуі, еркін бәсекелестік болуы қамтамасыз етілсе ғана! Болмаса ешбір «модернизация» мүмкін емес екені ақиқат. Неге осы туралы айтпасқа! Сол сияқты, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жалпылама түрде емес, дифференциалды түрде, жіктеп көрсету Тұжырымдама жасаушылардың назарынан тыс қалған. Көп ойланбастан «көпұлтты мемлекетті» және ондағы тұрақтылықты өз активіне жатқыза салған.  Мәселеге бұлай келу − қоғамдағы «бай-кедей», «қызметкер-жұмыссыз», «ауыл-қала» секілді әлеуметтік жіктелуді жоққа шығару болады. Методологиялық тұрғыда бұл зор қателік.

Мұндай көзқарастың орын алуы «мәселеге мәселе ретінде қараудан» емес, үкіметтің ішкі есебінен туындайтын сияқты, яғни, мұнда Тұжұрымдама жасай отырып, өз қызметін де қалайда оңтайлы етіп көрсету ниеті байқалады… Бұл – ғылыми негізден, шынайылықтан ауытқу. Өйткені, біздегі «көпұлтты мемлекет» үкіметтің 20 астам «табысты» жүргізген реформаларының нәтижесінде пайда болған жоқ. Ол бізге сонау − құрдымға кеткен Кеңес Одағынан қалған «мұра».  Және біздің Конституциямызда «Қазақстан – унитарлы мемлекет» деп жазылған. Көп ұлтты мемлекет федерация болады. Бұл енді – саяси қателік.

Ал мақтан етерлік татулық (шынында да солай), алдымен − қазақтың туа біткен қасиетінен, екіншіден − еліміздегі бар халықтың өздерінің тағдыры ортақ екенін ұғуынан десе болады. Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар «бас жаққа барыспайық» деген қағиданы қатаң ұстанады. Тәрбие солай – «қазақ тәрбиесі»!

Себебі ашылмаған мәселенің шешуі де теріс болады

Тұжырымдама «модернизациялаудың екінші кезеңінде «өмір сүру сапасын арттыру», «денсаулық сақтау жүйесін тиімді ету», «өмір сүру жасын ұзарту»,  «сапалы білім», «басқару институттарының ашықтығы», «ақпараттық технологияның жаппай таралуы» деген мәселелер  алдыңғы қатарға шығады» дейді. «Осы көрсеткіштер бойынша Қазақстан дамыған елдерден 50 жыл артта қалып қойған. Өткен ғасырда бұл межені Жапония, Финляндия, Сингапур бағындыра алды. Жақында – Оңтүстік Корея осы қатарға қосылды» дейді.  Одан әрі «ХХ1 ғасырда қатаң бәсекелестік жағдайында дамушы елдердің дамыған елдер қатарына енуі одан әрі қиындай бермек» деп ескертілген. Солай екені рас. Алайда осы мәселенің себептері көрсетілмейді. Сондықтан «нақты істерге нақты бағыт-бағдар беретін тұжырымдама жасалынды» деп сеніммен айта алмаймыз. Ол үшін алдымен «өмір сүру сапасы», «денсаулық көрсеткіштері», «сапалы білім», «ашықтық», «ақпараттану» секілді ұғымдарға жан-жақты анықтама беріліп, олардың әлемдік стандарттары және басқа деректері сарапталуы тиіс еді.  Содан кейін, ол «деректерді» өзіміздің «қазақстандық» көрсеткіштермен салыстырып, егер ол оған сәйкес болмаса, сәйкессіздіктің пайда болу себептерін  объективті түрде ашып көрсетсе, әне, сонда одан шығар жолды да дәлме-дәл анықтау мүмкін болады. Сонда, ең бастысы, бағдарламаға не тұжырымдамаға халықтың сенімі артады. Бұл − өте маңызды нәрсе. Сонда ғана халық пен билік, халық пен мемлекет, мемлекет пен билік мақсаттары бір арнаға тоғысып, одан бастау алған «күшті ағын» кез келген бағдарламаны, бұл тұжұрымдамада аталған кез келген міндетті орындап шығуға қуатты болмақ. Ал сенім болмаған жерде − әркім өз мүддесі шеңберінде қалып, нәтижесінде қоғам өзінің дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алмайды.

Әрине, «мәселені ашып айту» оңай емес. Себебі, табиғи байлығы жағынан алдыңғы қатардағы Қазақстанның өзінің 17 млн. халқын «жетеміз» деп отырған межеге әлдеқашан жеткізуге болатын. Егер ашық айтсақ: елде жұмыссыздық жоғары, баға қымбаттауда, ауылдар тоқыраған, өндіріс пен жеңіл өнеркәсіп әлсіз, бәсекелестік қабілет төмен, білім беру мен денсаулық коррупцияланған, шағын және орта бизнес өркендемеуде және т.т.

Қазір осы қиыншылықтар мен жіберген қателіктерді ашық түрде мойындамай − «дамудың жаңа сатысына ауысу денгейіне жеттік» деп жалаң сеніммен айту мүмкін бе? Мүмкін емес. Сондықтан, тұжырымдама авторлары шындықты ашып айтудан гөрі, өткір сұрақтарды айналып өтіп, жағдайды жалпы сөздермен атүсті шолып өтуді оңтайлы санаған сыңайлы…

Біз бүгінгі мақалада ҚР Үкіметі дайындаған Тұжырымдаманың принципті мәселелеріне ғана назар аудардық. Алайда жақында ғана Елбасы «дайындалатын заңдар мен басқа да құжаттардың біразы сын көтермейді» деп  Президент аппаратынының жұмысын сынға алған болатын. Бұл сынның Үкіметке де қатысты екеніне дау жоқ. Ендеше, «сын түзелмей – мін түзелмейді» дегендей, болашақта Тұжырымдамада көрсетілген «дамыған 30 елдер қатарына ену» бағдарламасы мен іс-шаралары іске асырыла бастайды. Сондықтан бұл мәселе біздің газеттің үнемі «күн тәртібінде» тұратын болады.

Әбдірашит Бәкірұлы, Алматы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір