19 Қараша, 2024 NEWS
Депутат Алматы метросының құрылысына 1 миллиард доллар бөлуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Алматы метросының құрылысын жалғастыру үшін қомақты қаржы бөліп, бюджет кодексіне соған сай өзгеріс енгізуді ұсынды.
Фото: metroalmaty
Парламент мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев Instagram әлеуметтік желісіне видео жариялап, онда Алматы қаласы метросының құрылысын жалғастыру үшін 1 миллиард доллар бөлу жөнінде ұсыныс жасағаны туралы баяндады.
-Үкімет кепілдігімен метро құрылысына 1 млрд доллар бөлінсін. Жоба не себепті маңызды? Себебі Алматыда қозғалу мүмкін емес. Біздегі метро емес, соқыршек қана. Президент метроның екі желісін салуды тапсырған. Әуежайдан "Барлық" базарына дейін. Оны жүзеге асыру үшін көп қаражат қажет, - деп мәлімдеді. Сондай-ақ Пономаревтың пікірінше, метроны тез арада салу қажет, өйткені көлік кептелісінен көз ашпайтын Алматы тұншығып жатыр.
-Ауқымды қаражат. Ақша "Эксимбанк" арқылы алынады. Жоспар бойынша, жылына 8-13 млрд теңгеден өтеліп отырады. Сегіз жылда қаражат толық төленіп, метро да салынады деп үміттенемін, - деді депутат.
Сергей Пономарев бюджет кодексіне осындай өзгеріс енгізуді ұсынғанын, осыған қатысты хабарды халыққа жеткізіп отыратынын да айтты.
Бұған дейін өткен жылы желтоқсан айында Алматы метросының "Қалқаман" бекеті 2025 жылы ашылатыны мәлім болған-ды. Кейін 2030 жылға дейін "Барлық" базарына дейін тағы үш бекет ашу жоспарда бар екені хабарланған болатын.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір