22 Қазан, 2024 NEWS
Ұлытаудағы жанармай тапшылығы: Қосымша 24 вагон бензин жеткізілмек
ҚР Энергетика министрлігі Ұлытау облысында соңғы уақытта туындаған жанар-жағармай тапшылығы мәселесіне қатысты түсініктеме берді.
Көрнекі сурет
Министрліктің Ұлытау облысы бойынша таратқан мәліметіне қарағанда, өңірдегі жанар-жағармай қорлары, мәселен АИ-92 – 0,72 мың тонна немесе 10 күнге жетеді. Ал АИ-95 маркалы бензинен– 0,13 мың тонна қалған бұл шамамен 8 күнге жетеді деп есептелген. Дизель отыны – 3,06 мың тоннаны құрайды немесе 14 күнге жететін қор.
Өңірдегі Helios жанармай стансасының желілерінде бензин шектеусіз сатылып жатыр, тек кейбір жерлерде талондар бойынша жіберілуде
«Ұлытау облысына АИ-92 көлемінде 1400 тонна немесе 24 вагон жанармай жеткізілуде (Petroretail, С-Мұнай, Беркут). Бұл өңір үшін 2 апталық қор. Аталған көлемдегі жанармай 1-1,5 тәулік ішінде жеткізіледі», - делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар айта кетсек, бүгін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Өңір басшысы облыстағы кей жанар-жағармай бекеттерінде уақытша орын алған отын тапшылығына қатысты қысқа мерзім ішінде тиісті мәселелерді шешу міндетін жүктеді. Сондай-ақ кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына құзырлы органдармен бірлесіп, жанар-жағармай бойынша жасанды дүрбелең туындаған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір