26 Ақпан, 2024 Қарағанды облысы
Жедел жәрдем көлігінің тағы бір жүргізушісі соққыға жығылды
Соңғы уақытта Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау жағдайы жиілей бастаған. Бұл мәселе Мәжіліс қабырғасында да көтеріліп, қоғамдық резонсқа ие болған. Енді, міне, бұған тағы бір факті келіп қосылды. Күні кеше Теміртау қаласында жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін екі ер адам тепкілеп, тонап кеткен.
әлеуметтік желіден алынды
Оқыс оқиға 26 ақпанға қараған түні шақырту бойынша белгілі мекенжайға келіп, ақ халаттылар үйге кіріп кеткен кезде көпқабатты тұрғын үй ауласында болған.
Жәбірленушінің әріптестері оқиға орнынан түсірген видеоны желіде жариялады.
«Шақырту бойынша келгенбіз. Жүргізушіні сабап кеткен. Кейбір заттар ұрланған", делінген видео сипаттамасында.
Видеодан көліктің ішіндегі заттардың бүлінгенін көруге болады.
Қарағанды облысы полициясының баспасөз қызметі аталға оқиғаға қатысты күдіктілердің ұсталғанын жеткізді.
"Белгісіз екеу медициналық қызметкерлермен бірге шақырту бойынша оқиға орнына келген 45 жастағы жедел жәрдем жүргізушісіне дене жарақатын салды. Полиция қызметкерлері 25 және 29 жастағы екі күдіктіні ізін суытпай ұстады", деп хабарлайды Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, бұған дейін Қарағандыда сөзге келіп қалған ер адам жедел жәрдем жүргізушісін ұрып тастаған. Кейін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жедел жәрдем қызметкерлерін жақтап, мәлімдеме жасады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір