• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Сәуір, 15:56:40
Алматы
+35°

Оралхан – қаңқу мадаққа, желең сөзге, бір мысқал жалаң насихатқа мұқтаж жазушы емес. Оның тобарсып қалған маргинал «шала таланттардан» артықшылығы – осы. Ол өз өлкесінің сұрапыл ғаламатын ғана емес, өз тағдырының да соқпақ-соқпақ тарамын жазған жезайыр. Ол Тәңір дарытқан талантты именбей игеріп, елеусіз қалған кіндік Отанының көсегесін көгертіп, будақ бұлтқа қылбұрау салған жансыз Алтайдың мың жылдық мұздақ кейпіне дем бітірді. Ақиқатында, Оралхан Бөкей қаламының құрсағынан туатын құдіретті күштің киесін, жазушылық жолдағы атқарар миссиясын әуелден-ақ түйдек-түйдегімен түсінген. Жазушының өзі мектеп қабырғасынан түлеп ұшар сәулелі сәтінде:

 «Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырды. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан әсте кем емес. Бірақ оны жырға қосып, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ десек қателеспейміз. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Сондықтан да мен жазушы болуды армандаймын. Адам арманын алдына мақсат етіп қойса, оған жетуге тиісті. Мен де мақсатыма жетемін деп сенемін», – деген екен.

 Оралхан заңғар Алтаймен егіз іспеттес. Оның ішкі табиғаты, рухани инерциясы Өр Алтайдай көркем һәм биік. Қаламгердің балаң шағында-ақ шексіз сұлулыққа қанық болуы, оны демі құмыққанша пірәдардай сүюі де өзіндік мәнге ие. Экзистенциализм ілімі адам баласының болмысы, мінезі, тұрпаты туған жеріндегі климаттық ерекшеліктерге ұқсас болатындығы жайлы тұжырымдайды. Оралханның қасиетті топырақтан жаралғаны, өз туған жерінің табиғи құнарын бойына сіңіргені осы ғылыми ақпарға дәнекер дәйек секілді. Бұл хақында партизан жазушы Қасым Қайсенов былай деп қаузайды: «Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар шыңдарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді. Тауларының сілемдерін жайлаған ерке еліктеріндей елгезек еді. Өркеш- өркеш тастарындай ірі еді. Қалам сілтеген алыптардың бірі еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді».

Даусыз, Оралхан Бөкей туған жер алдындағы перзенттік борышын қалтқысыз өтеді. Назарсыз қалған қиыр шығыстағы қаймана қазақты, көкті көтеріп тұрған кербез Алтайды қойны-қонышына дейін қалың көпшілікке танытты. «Абай десе қазақты, қазақ десе Абайды таны» деген ұранға кәміл ұйысақ, онда Алтайға Оралханды теліп, тәпсірлеп жазуымызға да орамды негіз бар. Автордың «Мезгіл әуендері», «Қамшыгер», «Көк тайынша» сынды озық әңгімелері мен «Мұзтау», «Сайтан көпір», «Өліара», «Қар қызы», «Атау кере» повесттерінде Алтаймен астасып жататын шытырман хикаялар баяндалады. Дегдарлы уақыт пен сыншыл қауымның үдесінен іркілмей өткен Алтай мен Оралханның қазақ әдебиетінде, алаш руханиятында тамырлас болып қалатыны шүбәсіз. Бұл жайлы Рабиға Сыздық: «Жазушы Бөкеев – туған өлкесі - әсем Алтайдың, асқақ Алтайдың жыршысы! Оның шығармалары Алтай өлкесінің гимні іспеттес» дейді.

Ал Әлібек Асқаров болса: «...Оралхансыз Алтай жетім сияқты. Бірақ өзі іңкәр жүрекпен жырлап өткен Алтайдың үстінде Оралханның рухы мәңгі қалықтап жүргендей көрінеді де тұрады», - деп ішкі толқынысын білдіреді. Бұл толқыныс Оралханды өлшеусіз сүйетін мұқым қазақтың шын жоқтауы, азалы үні сияқты. Елеулі еңбегін өлтірмейтін оқырман барда Оралханның есімі өзі асқақтатқан Алтайдан да биік екені хақ!

Оралхан Бөкейдің көркем әдебиеттегі әлеуеті, жазушылық қыры пейзаж цивилизациясының төңірегімен шектеледі деп пайымдау ағаттық. Анығында, халықшыл қаламгер Өр Алтай арқылы сол замандағы қара қазақтың сортаң күйін, қауақ басы кеңестік құлдықта жүрген қараша халықтың ахуалын жеткізді. Оралхан жазған туындылардың түпкі идеологиясына үңілсек, әдет-ғұрпынан айырылған, сара жолынан жаңылған тұтас елдің зары, көмескі үні, қаңсып қалған шындығы жатыр. Бір ғана «Бура» әңгімесі арқылы шовинистік тоталитаризмге қарсы кереғарлықты ұстанып, жат идеологияның қазаққа тигізер зарарына қарсылық білдірген. Алашты тұқыртуға бағытталған саяси қарекеттердің аңдамаған тұстан келуін поезд образы арқылы беріп, аяғында бодандық құрсауынан құтылу үшін жанкешті тірлікке бел буған қазақ зиялыларын бураның кейпінде көрсетеді. Түбінде өлігін жан баласынан жасырып, зілі өлшеусіз поезд астына түскен төрт аяқты бураның тектілігін түйсінеміз. Тіпті Оралхан өз шығармалары арқылы оспадар билікті қалам күшімен осып-осып жібергені де қауесет пікір емес. «Қасқыр ұлыған түнде» атты әңгімесінде тасыр қоғамның әкелген зардабын, құлдық сананың негізінде ұлтымызға тигізген тақсіреті мен қасіретін, одан бөлек қағылез саясатқа жұтылып кеткен шалғайдағы қазақтың кембағал күйін баяндайды. Шағын әңгімеде Арай есімді кейіпкер өз ауылының сорақы хәлі жайлы: «...Бірақ сіздер мұндай ауылды менсінбей, тура, түзу де, жайлы тегіс жолмен үлгілі селоға тартасыздар, тек сондай тамашаны ғана көріп жазасыздар», - деп өрбітеді. Қабырғалы жазушының шығармасындағы бұл сюжет еркіндікке қолы жетіп, өркениет көшіне қосылған бүгінгі қазақ қоғамында әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Ең өкініштісі де, ең шерлісі де – осы. «Мұзтау» повесі де мылқау жұртқа астыртын ишара танытатын туындылардың бірегейі. Автор Асан шалдың аңызы арқылы тарихи ақиқаттың айналасындағы деректердің көзін ашып, солақай саясатты сынаған.

Оралхан Бөкей – даңқты сөз зергері ғана емес, цензураға қарсы толқу жасаған қайраткер. Ол – лиризм, романтизм жанрында ғана емес, реалистік бағытта қалам тербеген ұлт күрескері. Осы турасында Марат Қабанбай:

«Цензураның мың ширатылған қызыл жылан жіптерімен қол-аяғы мықтап байланған О. Бөкей кеңесті кемсітудің жолын дәл тапты; ол – қазақты биіктету, рухын ояту... Қаламгер сондықтан да кітаптан кітапқа қазағын Алтайдың асқар шыңына өрлете берді. Ең аяғында, өзі де қасқа құлынын жетектеп, қар жамылған Мұзтаудың ұшар биігінде күнге қасқая қарап, Кербұғыдай қарысып тұрып қалды. Мәңгілікке!..».

 Оралхан – жазушылық майдандағы феномен! Әдебиет пен журналистиканы ұштастырып, сөз магиясын жетік меңгерген бесаспап өнер иесі. Қаламгер өз еңбектерінде оқырман психологиясына тән нүктелерді жаңылмай дөп басып, сана түкпіріне көркем катарсис сезімін ұялатады. Осы еректік оған екі егіз сүрлеуде де емін-еркін көсілуге жол ашты. Ақын Қуанышбай Құрманғали өзінің Оралхан жайлы естелік жазбасында жазушының «Мені әдебиетке әкелген – журналистика» деп пікір білдіргенін әспеттейді. Оралханның әдебиетке келуіне шындық ілімі саналатын журналистика сеп болса, оның Алтайды Алатауға алмастырып, журналистиканың қасиетті табалдырығынан жатсынбай аттауына қайырым, жәрдем берген баспасөз айбозы Шерхан Мұртаза еді. Сол шақтағы «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы болған Шер-аға қаламы қарымды жас дарынның талабын байқап, қауырсын қанатының астына алады. Оралхан Бөкейдің өзі осы жайлы:

«Қарғадай кезімде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған үш-төрт очеркімді оқып, ауылда қаперсіз жүрген кезімде республикалык басылымға жұмысқа шақырдыңыз. Университеттің үшінші-ақ сырттай оқып жүргеніме қарамастан, ең бір қиын да жауапкершілігі үлкен бөлімдерді сеніп тапсырдыңыз», - деп інілік ыстық ықыласын білдіреді. Шынайы талантқа қоңылтақсып қарау – бүгінгі біздің дүмбілез қоғамның кемшін тірлігі. Шер-аға пасықтықтан, кеудемсоқтықтан ада болды. Ол талантты таныды, жарылқады. Шындық шырақшысының арқасында Оралхан бастаған қазақ журналистикасының алтын буыны жасақталып, апайтөс дарындардың үркердей шоғыры қалыптасты. Көксеңгір тұлғаның тағлым тәлімімен көгерген Оралхан Бөкей қазақ публицистикасы үшін де қажырлы еңбек етіп, телегей тер төкті.  «Жұлдыз» журналында жүріп сөз кәусарының қайнар бұлағын сарқып ішті. «Қазақ әдебиеті» газетін басқарып тұрған уақытында жанкешті қарекеттерге бас ұрды. Мархабат Байғұт өз естелігінде Оралханның «Қазақ әдебиеті» газетінің оқылымын арттырып, қалың оқырман арасында кең қолданысқа түсуі үшін оңтүстік аймақтың  бірнеше ауданына үгіт-насихат жүргізгенін жазады. Оқырманның Оралханға сусап, халық жадында менмұндалап тұруы осыдан. Өзін ұлықтайтын ордалы ел барда Оралханның ортаймасы анық һәм заңдылық! Пендешіліктен биік ердің дәуір дүрмегі құдіреті күшті көк сияның төңірегімен шектелген жоқ. Мемлекеттік қызметтің де қанды қасабына араласты. Ұлт мүддесі үшін озбырлық танытпады. Бойкүйезділікке, немкеттілікке жаны қас болды. Еңбек жолындағы осы бір ең соңғы нүкте оның тағдырын тұйыққа бояды. Ғапыл ғұмырмен өзі де қош айтысқанша жақындарымен сыналып, ажал катастрофасына қарсы тұрды. Қарындасы Мәншүк қаза болғанда жүрегі қан жыласа, жарық жалғанға әкелген ғазиз анасы бақилық болғанда күре тамыры үзілді. Жұмыр жердегі еш пенде құдай сызған шеңбердің иірімінен асып шыға алмайды... Оралхан Бөкейдің батпаңдай қайғысы көпке дейін сейілмеді. Тікен тіршіліктің зілін бірге еңсерген жары Айманды да қара жердің қойнына тапсырды. Жұрттың айтуынша Оралхан Бөкей бейіт басында елең-алаң боздаған күйде: Өлгенде жаныңа жатамын, саған ескерткішті көзімнен аққан қанды жасыммен жазамын – деп, ант берген екен. Ауыр қазадан кейін қосағынан айырылған қаламгердің көңілі күйреуіктеніп, жаны жадаулық тартты. Өзі де 4-5 жыл еш дүние жазбай, шығармашылық деградацияға ұшырағанын айтқан. Тіпті екі баласы үшін ғана өмір сүріп жүрмін деп, ішкі ғибадатханасының зарлы үнін жеткізген. 1993 жылдың нaypызында жaзғaн күнделігінде жaзyшы былaй депті: «Бүгiн тaңepтeң epтeмeн Ceмeйгe ұшyым кepeк eдi. Бapa aлмaдым. Қыpықтың бeciнe кeлгeндe, Құдaйдaн жaлбapынып жүpiп, бip ұл (Aйxaн), бip қыз (Aйжaн) cұpaп aлдым. Maғaн дeгeн тaғдыpдың тaлқыcы көп eдi... Eндi, eндi eңipeyдeн eciмдi жиып, шүкipшiлiк aйтa бepгeн кeздe, ayзымнaн түciп қaлғaн бoтaқaным  Aйжaнымның бүйpeгi жaзылyы eкiтaлaй aypyы бap дeгeн ayыp cөз ecтiдiм. Ceң coққaндaй eмec-ay, қaлың ceңнiң acтындa қaлғaндaй xaлдeмiн. Көзiмдe жac... Көңiлiм үйдiң пешiндeй yiлдeйдi... Құp cүлдepiм... Нe icтeймiн? Қaйдa бapaмын? Қapaғым-ay, жүpeгiмдi қaқ aйыpып, қaнcыpaттың-ay! Қaйтeйiн? Қaйcыбipiн aйтaйын? Өзiмдi aлып, бaлaмды қaлдыpcaңшы, Aллaм!»...

Оралханның қайғысы – күллі қазақтың ортақ қайғысы! Оның шала басындағы шала мұңы – халықтың мұңы! Ол – бұқараның ғұмырлық жүгін, қасіретін арқалаған қайыспайтын қара нар. Ең аяныштысы сол, Оралхан тағдырының талқаны Үндістанда таусылды. Ғұмыр-дариясын Өр Алтайда бастап, өмір көшін  Гималайда аяқтады. Дели шаһары қазақ үшін «сайтан көпір» атанды. Мезгілсіз қазадан кейін алаш руханияты «қасқа құлынын» таба алмай, сүлесоқ күй кешті. Қоңыртөбеге телміріп, күйеуін күткен Мағрипадай бұл қазақта Оралханнан әлі күнге күдерін үзген жоқ. Расында, Оралханы жоқ қазақ әдебиеті – мүйізі сынған жарымжан кербұғы. Оралханы жоқ Алтай – басынан қаңбақ қана ауатын төмпешік. Шөгер болса Алтай мен Алатау шөгер, бірақ  Оралхан шөкпес. Ол – ешкімнің қолы жетпейтін биіктік! Ол –  мың жылда бір туатын үркер! Ол – Мәңгілік!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Журналистика факультетінің 4 курс студенті Ерасыл Сайлауғали

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір