28 Қараша, 2023 Барлық аймақтар
Таксишінің табысы үкіметтің тамағына тас болды
Соңғы кездері үкімет тарапынан жол көлік саласына қатысты сын көп айтылуда. Әсіресе, inDriver мен ЯндексGo таксилерін «жабайы» атап, шектеу қоюды депутаттар жарыса талап етіп жатыр.
Фото: ашық дерек көзінен алынған
Статистика биылғы 10 айда елімізде 11 мыңнан астам көлік апаты болып, соның салдарынан 1 942 адам жан тапсырған дейді. Жол-көлік апатының басты себептері – жылдамдықты арттыру, көліктің техникалық күйінің нашарлығы, жүргізуші куәлігінің сатылуы, жолдардың сапасыз жасалуы. Айналып келгенде мұның бәрі елдегі әбден қалыптасқан парақорлар жүйесінің нәтижесі. Оны депутат Ерболат Саурықов та жасырмайды. Көлікке қатысты мәселені көтеріп, бақылауды күшейтуді сұраған сол. Бұған қоса, ол «жабайы» таксист болып жүрген жүргізушілерді кінәлады.
– Алматыға күн сайын кіретін 700 мыңға тарта көліктің жартысы қалаға ақша табу мақсатымен келеді. Олар таксилетіп күн көреді. Салдарынан республикамызда көлік апаты ең көп тіркелген өңірлердің көш басында Алматы қаласы тұр. Биыл 8 айда мұнда 826 көлік апаты тіркелді. Үштікті Алматы және Жамбыл облыстары тұйықтайды, – деді ол.
Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің салық төлемейтін таксистермен күресіп жүргені қашан. Департамент есебінше, тұрақты жұмысы барлар, тіпті мемлекеттік қызметтегілер де бос уақытында қосымша табыс үшін «жабайы» таксист бола жөнеледі. Өйткені оларға жалақысы жетпей жатыр, құрығанда бензинін ақтайын дейді. Көлігі бар жұрт жұмысқа келерде, үйіне қайтарда жолаушы іліп кетуге тырысады.
Департаментке дәл сондай тиіп-қашқыш таксистер маза бермей келеді. Таксист атаулы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, табысының бір мөлшерін салық органдарына төлеп отыруы тиіс екен, заңға салсақ. Бірақ таксисті жеке кәсіпкер деп санау санаға сыймайды. Кәсіп жасап отырғандар inDrive пен ЯндексGo сияқты компаниялар, салықты солар төлеп отыр. Ал жүргізушілер тек тіркеліп, алған тапсырысының белгілі пайызын компанияға төлейді. Сондағы сұрақ, жетіспегеннен амалсыз таксист болатындар компанияға бір төлеп, мемлекетке салықты тағы төлеуі керек пе?
Қазақстанда inDrive және Яндекс қосымшаларының пайда болуы жолаушылар тасымалы саласына үкімет жасай алмаған даму әкелді, үлкен серпін берді. Оны мойындаудың орнына үкімет оған да шектеу мен тыйым салуды көксейді. Қыркүйек айының соңында көлік министрлігі комитетінің басшысы Әли Алтай былай деген:
– “Жүргізушілер 8 сағаттан артық көлік жүргізбеуі керек, өйткені олар қырағылығын жоғалтады. Бізде жол-көлік оқиғаларының 35 пайызы дәл осындай жағдайларға байланысты. Біз жол картасын қабылдаймыз, ол жерде заңсыз тасымалдаушылармен күресетін пункттер бар. Соның ішінде InDrive және Yandex бағдарламалық қосымшалары да бар. Бұл жұмысты Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүргізетін боламыз", – деген көлік комитетінің басшысы.
Ішкі істер министрлігі көліктің орташа жылдамдығын, заңсыз таксистердің тұратын орындарын және жүргізушінің қанша сағат көлік жүргізгенін бақыламақ. Көлік рөлінде 8 сағаттан артық отырсаң, айыппұл салынады.
Яндекс жүргізушісі, 30 жаста:
– Мемлекеттік мекемеде жұмыс істеймін. Отбасым бар, шығын көп. Миллионнан асатын кредиттерім бар. Бір жалақы бәріне жетпейді. Сол үшін кешкі уақытта және демалыс күндері Яндекспен адам тасимын. Екі алым төлейміз: компанияға бір және онымен серіктестік орнатқан таксопаркқа бір береміз. Сонда бір тапсырыстан 20% ұсталады. Егер үкімет бізді кәсіпкер есебінде тіркеп, есесіне алымның пайызын азайтса, қолдайтын едім. Ең абзалы, осындай қосымшаны өзіміздің IT мамандар жасап шығарса, салығы аз болса дейміз. Себебі интернет трафигіне кететін ақша да өз қалтаңнан шығады. Бұл жүйені құртып, орнына басқасын ұсына алмаса, халық көшеден көлік тоқтатуға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде өте қауіпті.
inDrive жүргізушісі, 28 жаста:
– Негізгі табысым осы. Қолымдағы малымнан басқа жеке кәсібім, не қызметім жоқ. Қапшағай мен Алматының арасында адам мен ұсақ-түйек заттар жеткізіп тұрамын. Бір күнде 15 мың теңге тапсам, оның 6-7 мыңы бензинге кетеді. Таксистерге тағы салық салынса, күнкөріс анық қиындайды.
Көлік министрлігі Қазақстандағы қалааралық жолаушылар автобустарын жаңартуды жоспарлап отыр. Таксиді шектеумен автобустарға сұраныс арттырмақ. Вокзал жұмысын жандандырып, бәрі мемлекет қарауына өтсе дейді. Бірақ біздің заманда халыққа жеңіл көлікпен жүру ыңғайлы, себебі такси үйіңнен алып кетіп, жетер жеріңе бір-ақ жеткізеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір