• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Мамыр, 22:58:02
Алматы
+35°

21 Қараша, 2023 Экономика

"Қазақстанда "Жемқорлар дәуірі" аяқталуға жақын"

Қазақстан цифрлық теңгені енгізіп, алаяқтық пен жемқорлықты жояды.

фото ашық дереккөзден алынды

Қазақстанда цифрлық теңге айналымға енгізілді. Сандық дәуірге қадам бастық.

Бірақ бұл цифрлық теңгеден не пайда, экономикаға қандай әсері тиеді, деген сұрақ көп.

Цифрлы теңге – теңгенің жаңа эволюциясы. Баяғыдағы мыс, қола, күміс, алтын ақшалардың орнына қағаз ақша келсе, енді жаңа дәуірде цифрлық теңге пайда болып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, цифрлық теңгені қолдану көп нәрсені жеңілдетеді. Әсіресе, мемлекеттік сатып алулар мен тендерлерді қадағалау біршама оңтайланады.

– Қазір бізде есеп айырысудың екі түрі бар. Біріншісі, қолма-қол ақша, екіншісі онлайн төлем (POS терминал, карта арқылы төлем). Ал цифрлық теңге есеп айырысудың үшінші құралына жатады. Оның ерекшелігі – интернетпен де, интернетсіз де жұмыс істей береді. Банк қосымшалары арқылы, QR, телефон номері арқылы да, NFC арқылы да төлей бересіз. Яғни, бұған дейінгі төлем түрлерін толықтырады. Цифрлық теңге қолма-қол не банк шотындағы ақшаңыздың электронды аналогы. Түсінікті болу үшін тағы тәптіштейік, қолма-қол ақшаның оңай, еркін, жылдам пайдалануға болатын виртуалды аналогы. Дәл қолма-қол ақша сияқты жалақы, зейнетақы ретінде пайдалануға болады. Цифрлы ақшаның әрқашан ізі бар. Сондықтан мемлекеттік сатып алу, тендерлерді қадағалау да жеңілдейді. Әрі қазіргі кезде барлық жерде қолма қол төлемге қарағанда онлайн төлемді пайдалану 86 пайызға жетті, – дейді қаржы маманы Ербол Азанбек.

 

Цифрлы теңгенің қызметі қандай?

 

Цифрлық теңгені енгізуге Қазақстанның Ұлттық банкі жауапты болғаннан кейін, олар отандық валютаның  технологиялық платформасын жасап шығарды. Цифрлық теңге жобасының жетекшісі Айнұр Кенжаева цифрлық теңге мен онлайн төлемде пайдаланылып жүрген ақшаның еш айырмашылығы жоқ екенін әрі ол үшін ешқандай пайыз ұсталмайтынын айтады.

"Цифрлық теңге заңды төлем құралы болғаннан кейін оны еліміздің барлық азаматы шексіз қолдана алады. Оны смартфондағы қосымшалар мен карточкалардағы төлем арқылы қолдануға болады", дейді ол.

Цифрлық теңгені қандай жағдайда шығаруға болады? Сарапшылар жалақысын цифрлық теңгемен алатын қызметкерлер үшін ешқандай шектеу жоқ дейді. Ал мемлекеттік сатып алуға қатысты міндетті бақылауды қажет ететін жағдайларда цифрлық теңгені валютаға аударуға, қолма-қол ақшаға айналдыруға болмайтынын айтады. Яғни, мемлекеттік бюджет қаржысы, құрылыс материалдары үнемі цифрлы түрде қадағаланып отырады.

Қаржыгер Айбар Олжай цифрлық теңгеге тосырқай қараудың қажеті жоқ екенін әрі оның қағаз ақшадан еш айырмашылығы жоғын айтады.

– Цифрлық теңгені кәдімгі қағаз теңгенің көшірмесі деп атауға болады. Екеуінің атқаратын қызметі бір. Тек банкнотаны біз қағазға басатын болсақ, оның цифрлық баламасына ондай шығындар қажет емес. Тура сол теңге, бірақ қағазға басылмаған, электронды сақталатын ақша деп айтсақ болады. Сондай-ақ, ол ешқандай да криптовалюта емес, оған жауап беретін мекеме бар – ұлттық банк. Ұлттық банк цифрлық теңгені шығарады, оны бақылап отырады. Ал криптовалюталар орталықсыздандырылған. Олар үшін ешкім жауап бермейді. Олар күрт құнсызданса да, жоқ болып кетсе де, бір де бір жан жауапкершілік арқаламайды. Криптовалюта құны күн сайын құбылып тұратынын білеміз. Ал цифрлық теңгенің құны қолма-қол теңге құнымен бірдей болады, – деп жауап берді ол.

Сонымен қатар, сарапшы цифрлық теңге толығымен қолданысқа енгізілсе, алдағы уақытта жемқорлық пен алаяқтықтың азаятынын айтады.

– Цифрлық теңгенің басты айырмашылығы – қауіпсіздігінде. Бұл ақшаны сізден ешкім ұрлап кете алмайды, оның қалай қолданылғаны көрініп тұрады. Алаяқтар ол жазбаны өшіре алмайды. Әрі  цифрлық теңге адамның жеке өмірінің құпиялығына кепілдік береді. Заң бұзылмаса, сіздің ол ақшаны қалай, қайда жұмсайтыныңыз да құпия болады, деп қосты ол.

P.S. Цифрлық теңгені QR, банк қосымшалары арқылы қолдануға болады. Оған интернет қажет емес. Яғни, NFS не блютуз арқылы байланыстырылғандықтан, зат сатып алу, сату үшін интернеттің болуы міндетті емес.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір