02 Қараша, 2023 Барлық аймақтар
Қауіпті ойыннан Қазақстанда 200 бала қаза тапты
Балалар арасында тарап жатқан «Жүгіріп өт, не өл» ойыны туралы әлеуметтік желілелерде үлкен шу болған.
Фото ғаламтор желісінен алынды
Дегенмен, бұл ойын әлі де тыйылмай тұр екен. Ойынның тәртібі – бала көлік жолын кесіп, жүгіріп өтеді. Не дөңгелек астына түседі, не ойында жеңіске жетеді. Алдымен Ресей мен Украинада пайда болған бұл ойынның салдарынан қазір Қазақстанда зардап шегіп жатқандар өте көп.
Біріншіден, баланың өмірі қиылса, екінші ұшы кінәсіз жүргізушілердің басына сор боп жатыр.
Ішкі істер министрлігі бұл ойынға қатысты арнайы деректер жоқ екенін мәлімдегенімен, кәмелетке толмаған балалар арасында жол-көлік апатына ұшырау оқиғалардың көп тіркелгенін айтты. Биылғы тоғыз айда елімізде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 2,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 200-ден астам бала қаза тапты, 3 мыңға жуық бала жарақат алды, делінеді ІІМ мәлімдемесінде.
«Жүгіріп өт, не өл» ойынының салдарынан Риддерде кішкентай баланың көлікті күтіп тұрып, жақындағанда әдейі жүгіргені бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Алайда Риддер ІІМ «ол жерде кінәлі бала емес, бағдаршамның қызылына өтіп кеткен көлік кінәлі» деген тұжырымдама жасады.
Заңгер Бағдат Амандосұлының айтуынша, қандай жағдай болмасын, көлік жүргізушісі ереже бұзғаны үшін жауапты болады дейді.
– Көлік жүргізушісі ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша, яғни көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша жауапты болады. Себебі, ҚР Азаматтық кодексінің 931-бабының 1 бөлігі бойынша, жоғары қауiптiлiкпен байланысты көлік құралдарының иелерi егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, онда жоғары қауiптiлiк көздерiмен келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi болып табылады, – дейді заңгер.
Бұған дейін ІІМ қауіпті ойын туралы көлік жүргізушілері мен балаларға ескерту жасаса да, бұл ойын әлі тыйылмай тұр. 30 қазанда әлеуметтік желілерде Астана қаласы, Сауран көшесінде бір топ баланың жолды ары-бері 4-5 рет кесіп өткен видеосы тарады. Одан бөлек, мұндай оқиға Маңғыстау, Ақтау, Атырау, Риддер, Шымкент қалаларында қайталанған.
– Бұл қауіпті ойынның пайда болуының бірнеше нұсқасы бар. Кейбіреулер осы және басқа да өлімге әкелетін ойындардың артында бір топтар тұруы мүмкін деп санаса, кейбірі мұны ғаламторда пайда болған ойын деп есептейді. Мәселен, GTA ойынына қатысушылар арасында осындай «челленждер» болған. Бұл ойын балаларға ғана емес, жүргізушілерге де қауіп төндіретін шын өмірдегі шын ойынға айналды. Яғни, жүргізушілер де ойынға байқаусызда кіріп кеткен ойыншыларға айналды, – дейді психолог Жанар Орынбасарова.
Сондай-ақ психолог бұл ойынға ата-анасының қарауынсыз, не қамқорлығынан айырылған, өзін төмен бағалайтын балалардың көбірек ойнайтынын айтады.
– Мұндай қауіпті ойындарды ойнау арқылы балалар жеңіске жетіп, өзін-өзі батылдырақ көрсетуге, басқалар үшін маңыздылығын дәлелдемек болады. Психологияның тәсілі. 12-16 жастағы өтпелі кезеңде бала өмірдің шексіз емес екенін түсінбейді. Ол өлімнің не екенін білмеуі де мүмкін. Дәл осы өтпелі кезеңде ата-ананың бала алдындағы рөлі маңызды. Яғни, әке-шеше балаларымен қарым-қатынасты нығайтып, компьютер, планшеттегі ойындардан алшақтатуға тырысуы керек. Бірақ қатаң тыйым салуға болмайды. Онда баланы ашуландырып аласыз. Жай ғана оның бар назарын спортқа, үйірмелерге аударып, қызықтыру керек,– деген кеңесін береді маман.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір