19 Қазан, 2023 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Бағлан Алшынбаев Сәтбаев қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімшесінде қарауыл бастығы болып қызмет істейді.
– Біздің қызметіміз – адамдарды құтқару. Мен 2009 жылдан бері осы саладамын. Қатардағы өрт сөндіруші болып кірген едім, кейін бөлімше командирі болдым. Былтырдан бері қарауылға басшылық жасаймын. Қызметімізді орындағанымыз үшін халық алғысын жаудырып жатады. Бірақ бірде-бір әйелден алғыс орнына айқай естіген кезіміз де болған, – деп бастады әңгімесін Бағлан.
Өртеніп жатқан үйдің бір бөлмесінде түтінге тұншығып өлім халінде жатқан, аузынан арақтың исі мүңкіп тұрған жігіт ағасын құтқарушылар сыртқа шығарып, жәрдем көрсетіп, аман алып қалады. Сол сәтте үйдің өртеніп жатқанын естіген әлгі кісінің әйелі жұмысынан сұранып келеді де, күйеуінің өлім аузынан аман қалғанын естиді. Сосын қуанудың орнына ашуға беріліп, құтқарушыларға «Бұл пәлені неменеге құтқардыңдар? Өлмесе неге өмірем қаппады?» деп кәдімгідей ұрсып-ұрсып тастайды.
– Мұндайды бірінші рет көруіміз ғой. Бәріміз біртүрлі болып қалдық. Сөйтсек, біз құтқарған адам әйелінің тапқан-таянғанын араққа салып, жанжал шығарғаннан басқа ештеңемен шаруасы жоқ, әбден жүйкесіне тиген жан болып шықты, дейді Бағлан.
Құтқарушылар өмірінде сан түрлі жағдайлар кездеседі. Әрине, адамға араша түсіп, ажалдан, майып болудан құтқарып қалу – қастерлі міндет. Сол үшін де ел алғысына бөленесің. Дегенмен арасында Бағлан айтқандай, «айқай» естіп қалатын да кездер де болады екен. Құтқарушылар өмірі сонысымен де қызық шығар,
бәлкім?
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір