• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

12 Маусым, 20:51:10
Алматы
+35°

14 Қазан, 2023 Сұхбат

Актер Бақыт Қажыбаев: Міржақып – күрделі рөл болды

«Оян, қазақ» фильмінің прокатқа шыққанына жиырма күннен асты. Көптің сұрауымен көрсетілім уақыты бір аптаға ұзартылған еді. Қазір кинотеатрларда келушілер саны көптігінен ине шаншар орын жоқ. Режиссер Мұрат Есжан фильмнің тұсаукесер рәсімінде: «Біздің елде тарихи кинолар аз түсіріледі. Бұндай дүниелерді көрмейді, түсінуге көпшіліктің деңгейі жетпейді деген тұжырым қалыптасады. Сол сенімді бұзсақ» деп көпшілікке үндеу тастаған.

Фото: ашық дерек көзінен алынған

Тілегі қабыл болып, кино үлкен резонанс тудырды. Атышулы фильмнің бас кейіпкері бүгінде елге танымал белді актерге айналды. Көптің көзайымы болған Бақыт Қажыбаевты Qamshy.kz тілшісі сұхбатқа тартты.

 – «Оян, қазақтың» табысты болуының себебі не? Бұған дейін Алаш зиялылары туралы біраз фильм түсірілген, бірақ бұндай үлкен жетістікке жете алмады.

– Абай атамыз айтқандай, «Әрбір істі аяқталуынан емес, басталғанынан көруге болады». Мұрат Есжанның бісмілләмен кино түсіруді бастағанынан, екінші кезекте бәрі де Алланың қалауымен болатынын естен шығармайық, бұл жерден Құдайдың құдыреттілігін көремін. Ұшқын, Ұларбек пен Мұраттың Алаш зиялыларына деген махаббаты деп білемін. Басқа дүние жазып, түсірсе де болар еді, бірақ ауыр тақырыпқа бел буды. Бар өнерін, қажыр-қайратын салып сценарийді жазып шыққан екен. Тарихи киноның сценариі дұрыс жазылмаса, алаштанушылар, әдебиетшілер мен тарихшылар үлкен сынға алар еді. Киноның үлкен жетістікке жетуі осы сценарийдің құрылымы мықты болғандығынан.

— «Оян, қазақ» киносындағы сіз үшін ең әсерлі сюжет?

– Мен үшін ең әсерлі сахнасы – әкесі ақталмай, Гүлнар Дулатова жиында жалғыз қалып қоятын сәті. Және соңғы бөлімде әкесінің ақталғаны туралы хатты қолына алған сахна әдемі шыққан.

— Фильмдегі Базарбек сияқты билікке оңай қол жеткізіп, халыққа кесірі тиіп жүрген жағымпаздар көп. Солар жайында пікіріңіз қандай?

– Бұндай адамдарға кез келгеннің пікірі оңды бола қоймас. Ондай бізде қазір де бар. Басшылық орынға отырса, халықтың қазынасына қол сұғып, өзінің мүлкіндей көріп кетеді. Бұдан артық айта берсек, тіл тигізген болармыз. Бастысы, Алладан тілейтініміз, ел үшін туатын ерлер көп болсын!

–  Қазақ қашан оянады?

– Елге қызмет еткен Алаш арыстары туралы осындай фильмдерді көптеп түсіріп, халыққа есімдерін жаңғырта берсек, үлкен нәтижеге жетеміз деп ойлаймын. Ел үшін жанын құрбан еткен ардақтыларымызға бұл кинолар өте аздық етеді. Алты серия деген дым емес. Бозторғайдай шырылдап елдің қамын айтқан, ғылым-білімге шақырып, ағартушылықпен айналысқан, егемендік алсақ деп ұлы арманмен өткен тұлғаларымыздың алдында борыштармыз. Бейбітшілік заманда Алаш зиялылары туралы фильм түсірмеу қиянат болар еді. Халықтың санасын оятудың бірден бір жолы осы деп білемін. Алаш партиясының өкілдері десек, бірден Әлихан, Міржақып пен Ахмет ойға оралады, одан ары аса алмаймыз. Бұдан бөлек қанша қайраткер бар. Солардың әрқайсысына бір фильм түсіруге болады. Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, туралы осындай үлкен жеке бір проект жасаса, қап ішіндегі алтын секілді жарқырап шыға келеді. Үлкен сұраныс туып отырса, алдағы уақытта түсірілуі керек шығар.

– Міржақып сияқты ірі тұлға қайта туа ма, қалай ойлайсыз?

– Ел басына күн туса, бұндай тұлғалар арамыздан шығып жатса таң қалмаймын. Қазақ мықтылығын тарихта талай рет көрсеткен. Бейбіт заманда, бәлкім, аңғармай жүрген шығармыз.

— Кино, театр саласындағы ең қиын да күрделі рөліңіз қандай болды?

– Міржақыптың рөлі мен үшін күрделі болды. Қанша дегенмен тарихи тұлға. Дұрыс сомдалмай жатса, актерға одан өткен үлкен қайғы-қасірет жоқ. Халықтың көңілінен шықпаса, үлкен өкініш сол болар. Міржақыпты сомдағанымды көпшілік жаратпаса, мен өзімді жегідей жеп қояр едім. Көп ізденіс пен дайындықты талап етті. Ұзақ дайындалдым. Осы рөлді алғанда қуаныш пен қорқыныш қатар тұрды. Сериал экранға шыққанға дейін қатты қобалжыдым.

– Міржақып Дулатовтың рөліне дайындығыңыз жайында айтып өтсеңіз. Қалай және қанша уақыт дайындалдыңыз?

– Әр әртістің өз актерлық шеберханасы болады. Оны ашып айта берген де дұрыс емес. Сыр қылып қалдырайын, айып етпессіз.

— Театр сахнасы мен киномотографияда қандай үлкен рөлді сомдауды армандайсыз?

– Бейбарыс сұлтанның рөлін сомдауды армандаймын. Осындай тарихи тұлғаның образын алып шықсам, одан кейін шынайы махаббатқа құралған бір фильмге түссем. Махаббат болғанда да, жәй ғана сезім емес, оның құндылығын ашып суреттейтін, биіктігі мен адалдығын көрсететін шынайы оқиғаға құралған сценарий болса. Махаббатқа қол жеткізу үшін де күресу жолы бар. Статистикаға қарасақ, қазір жастардың үйленгенінен ажырасқаны тез. Өмірдің сан қиыншылығына қарамастан, әр адам бақытты болуға лайық. Биік махаббатқа қол жеткізіп, соны сақтап қалудың жолын білсе, үйренсе. Қоғамның басым көпшілігі ақша табуды біледі, жұмсауды білмейді. Отбасын құруды біледі, оны сақтап қалуды білмейді. Соларға үлгі болатындай сезім жайында сапалы бір кино түсірілсе деп іштей армандаймын.

– Махаббат жайында сөз қозғаған екенсіз. Көрермен қыздар қауымына қызық болар, алғашқы махаббатыңыз жайында айтып берсеңіз.

– Менде алғашқы махаббат деген жоқ екен. Махаббат деген әлі алда шығар деп үміттенемін.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Сізге шығармашылық табыстар тілейміз! Енді Алла жазса, сізді Бейбарыс сұлтанның рөлінде көрейік!

 

 

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір