• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 07:16:01
Алматы
+12°

15 Қыркүйек, 2023 Экономика

Халыққа 70 000 теңге! Өздері жеке ұшақпен ұшып, 6 млнға виски ішіп талтаңдайды...

Бұрындары үкіметте бір бастама көтеріле қалса, елге пайдасы тигенін қалап үміттенетінбіз. Қазір қандай да бір реформа қолға алынса, «бюджеттің қаражаты тағы желінеді-ау» деп бармақ тістейміз.

Фото ғаламтор желісінен алынды

Өткенде  ұлттық экономика министрлігі қазақстандықтардың меншігіндегі сән мен салтанатқа қатысты бір қызық деректерді жария етті.   Аталмыш министрдіктің есебінше,  елімізде бағасы  қымбат тұратын тауарлардың мынадай импорты тіркелген:

 0,70 литрі 5 995 968 теңге тұратын «MACALLAN 50YO» вискиі және ликер-арақ бұйымдары (акциздің сомасы – 714 теңге), 3 литрі 4 225 131 теңгеге бағаланатын «Cognac Remy Martin Louis XIII» коньягі (акциздің сомасы – 300 теңге), 0,75 литрі 888 929 теңге болатын «Сhateau Petrus» шарабы (акциздің сомасы – 26 теңге) елге әкеленген. Сондай-ақ министрліктің жаңа Салық кодексі консультативтік құжатында 15 данасы 143 100 теңге болатын «Cohiba» сигаралары, 40 данасы 120 мың теңге сомасына «Don Antonio Churchills» сигаралары әкелінді, - деген дерек бар.

Бұдан бөлек құжатта қазақстандықтардың иелігенде қанша жеке яхта мен ұшақ бар екені көрсетілген.

Яхталар мен жеке ұшақтар шектеулі адамдар тобында ғана бар. «Жеке тұлғалардың меншігінде 490, ал заңды тұлғалардың меншігінде 176 яхта, жеке тұлғалардың меншігінде 248 ұшақ, заңды тұлғалардың меншігінде 665 ұшақ бар, - делінген ведомство ақпаратында.

Жалпы, былтырдан бері елдегі сарапшылар ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблема бар екенін айтудай-ақ айтып жүр. Халықаралық сарапшылардың өзі (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растады. Осы ретте, елде халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асатынын,  мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін еместігі де дәлелденді.

Үкіметтің «байлардың жиғанын ортақ қазанға саламыз, заңсыз иемденген қаражаттарды мемлекетке қайтарамыз» дегеніне де біраз болды. Осылайша бір жылда 1,5  млрд долларды қайтардық. Ол қайтарылған қаражаттар елдің әлеуметтік секторын дамытуға жұмсалатыны да белгілі болды. Десек те, турасын айту керек, біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, бай мен кедей арасындағы алшақтықты жою, инвесторларға қолайлы жағдай жасау деген дүниелерді 30 жыл бойы қозғап келдік. Бірақ осы аралықта елге жаны ашыған бай-манапты да, байлардың байлығының қызығын көрген халықты да көрмедік.

Деректерге жүгінсек, 2022 жылы бір жылда АӘК алатындардың саны 1 млн-ға жуықтапты. Бұл елдің болып-толып өскенін емес, экономиканың шатқаяқтап тұрғанын, әлеуметтік жағдайдың төмендігін көрсетеді. Қазір біреулер кедейленіп жатса, енді біреулерге қымбатшылық майдай жағып, еселеніп, байып жатыр.  Елдегі  сараптау-талдау орталықтарының есебінше,  республика халқының  55 пайызы айлығын шайпұлына ғана жеткізе алатын орта шаруалар болса, ендігі бір 10 пайыздық меже күнкөріс жағдайы, тіптен, төмен адамдардың еншісіне бұйырыпты.

Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков «бұл көрсеткіштердің өзі елде шұғыл түрде нақты реформа жасау керектігін көрсетеді» дейді.

Сондай-ақ маманның пайымдауынша, елдің жағдайы түзелуі үшін, алдымен, атқарушы билікте жүрген шенеуніктерге тойымды көзқараспен баюды үйрену керек.

– Кеңес өкіметінің тұсында облыстық басылымдарда бір ауданның басшысы жайлы, оның шылқыған әл-ауқаты жайлы жазылатын болса, оны дереу тексерудің астына алатын. Біз қазір әкімдердің, министрлердің, үкімет мүшелерінің байлығына сүйсініп қарап отыра беретін болдық. Талап ете алмаймыз. Байығандар байып жатыр, ал қарапайым халық кедейленіп барады, — дейді экономист-маман.

Сондай-ақ маманның айтуынша, бізге қазір ұлттық холдингтердің,  ұлттық компаниялардың жұмысын ерекше назарға алу керек. Ұлттық компаниялар арқылы мемлекеттік сатып алулар саласындағы сыбайластық, тендерді жасырын өткізу және бағаны жоғары қою мәселелерімен шұғыл түрде айналысқан жөн. Бұдан бөлек елдегі алпауыт компаниялардың қызметкерлері мен басшылары арасындағы жалақының айырмашылығын да ретке келтірген абзал.

 Бұған қатысты сарапшылардан бөлек мәжіліс депутаттары да өз ойын айта бастады. Өткенде мәжіліс қабырғасында депутат Ринат Зайытов,  ұлттық компаниялардың басшылары, орынбасарлары жылына жүздеген миллион сыйақы алатынын айтты. Осыған байланысты депутат «елдегі ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы керек» деп санайды.  

«Министрліктер есептесін. Меніңше ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы керек», - деген депут бюджетке салмақ түсірмей, ең төменгі жалақыны көтеруге болатынын алға тартты.

«Сіз ұлттық компаниялардың басшылары, орынбасарлары жылына қанша сыйақы алатынын білесіз бе? Жүздеген миллиондап алады. Неге соны ретке келтірмейді? Мен ненің есебінен көтеруге болатынын шешу үшін түрлі жол тауып беремін. Мен ғана емес, бүкіл депутаттар тауып береді», - дейді мәжілісмен.

Ол бұл мемлекеттің шығынын қысқарту емес, тек сандарды ойнату екенін атап өтті.

«Қызметкерлердің санаты деген болады, солардың рұқсат етілген межелері. Соны ретке келтірсе, бұл өз өзінен шешілетін сұрақ. Ақыры қымбатшылықпен күресе алмасақ, біз халықтың табысын көтеріп беруіміз керек», - деді Зайытов.

Қазір республикадағы ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайды. Президент келесі жылдың қаңтарынан оның мөлшерін 85 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.

Рас үкімет Зайытов айтқандай ең төменгі жалақыны 300 мың теңгеге көтере алмасы анық.  Зайытовтың бұл мәлімдемесін қазір популизм деп жатқандар да баршылық. 

Қалай десек те, халықтың жағдайын үкімет білмейді емес біледі. Өз кезегінде атқарушы билік  елдің әлеуетін көтеру хақында уәделер де беріп қояды. Бұрындары үкіметте бір бастама көтеріле қалса, елге пайдасы тигенін қалап үміттенетінбіз. Қазір қандай да бір реформа қолға алынса, «бюджеттің қаражаты тағы желінеді-ау» деп бармақ тістейміз.  Расында бұған дейінгі реформалар сауатты орындалып, бюджеттің қаражаты «ұстағанның қолында тістегеннің аузында» кетпегенде  әлеуметіміздің әлеуеті әлдеқайда жоғары болар ма еді?! Бізде керісінше,  әрбір реформа бай бағландарды одан әрі байыту үшін қолға алына ма дейсің?  Ақиқатында бай-манаптар жеке ұшақ, яхта, құны 6-7 млн теңге тұратын шарап, вискиді қызметтік жалақыларына ала алмасы тағы анық.  Әйтеуір байығандар шылқып баюда.  Ал қара халыққа тауыққа шашқан тарыдай ғана несібе бұйырып жатқаны әділетті ме?!

Алтын КҮМІСБЕК

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір