• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 18:15:54
Алматы
+12°

Фото: Ленинград АЭС-інің фотографынан алынды

Қоғамда атом электр стансасы төңірегінде сан түрлі пікір бар. Оған себеп Чернобыль мен Фукусимадағы апат, Семей аймағындағы ядролық сынақтардан шошынып қалған халықтың АЭС жұмысына үмітінен қорқынышы басым. Жапония мен АҚШ сияқты ғылым-білімі жан-жақты дамыған елдің өзі толық қауіпсіздікті бере алмағандықтан, Қазақстанда АЭС салуға қатысты ел арасында екі түрлі пікір қалыптасқан. Яғни, бірі АЭС керек емес десе, бірі өндіріс секторларын және электр энергиясына деген жалпы қажеттіліктерді қанағаттандырудағы берер мүмкіндіктері мол дейді.

Атом стансасын салу және оның энергетикасын игеру оңай бола қоймасы анық. Ең алдымен, технологияның тілін білетіндер керек. Сондықтан Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаев осы салада жұмыс істейтін кәсіби мамандарды даярлау қажет екенін атап өтті. Әйтпесе, бейбіт атомды дамыту қиынға соғады. Уақыт өте келе, көмірден электр қуатын өндіруге шектеу қойылса, атом электр стансасын салудан басқа амал қалмайды деп отыр. Президенттің тапсырмасымен бұл мәселе бойынша жалпыұлттық референдум өткізіліп, ел талқылауына салынуда. Орталық сайлау комиссиясы атом электр стансасының құрылысы бойынша референдум өткізуге дайындық үстінде. Мемлекет басшысы нақты мерзімі кейін анықталатынын айтты. Осы орайда, ядролық технологияларды жеткізе алатын компаниялардың тізімі жасалды:

  • HPR-1000 қытайлық CNNC компаниясы;
  • APR-1400 реакторы бар корей KHNP компаниясы;
  • ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлары бар Ресей Росатом компаниясы;
  • EPR-1200 реакторы бар француз EDF компаниясы.

Сарапшылар мен мамандардың пікірі

Мақсат Халық, GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист.

–  АЭС салу туралы Ресей, Франция мен Корей мемлекетінен ұсыныс түскен. Қай ел салғаны тиімді әлде тәуелділік болмас үшін техниканы сырттан алып өзіміз салғанымыз дұрыс па?

–  Бәрібір де атом электр стансасын салған елдердің біреуінен техника алуымыз қажет. Бірақ Ресей болмағаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені шығынның бәрін көтере алмаймыз. Негізі мұрындық болған ресейліктер өздері салып береміз деп отыр. Бірақ біз үшін ол тиімсіз, тәуелдігімізді одан бетер арттырып аламыз. Қазақстандағы АЭС пен энергетикасын толығымен ресейліктер бақылайтын болады. Қытайдан да ұсыныс түскен. Оны да құптамаймын. Франция не Оңтүстік Кореядан алған абзал.

– АЭС-тің артықшылығы мен кемшілігін салыстырмалы түрде қарап, салмақтасақ. Шетелдегі қайғылы жағдай қайталанса, стансасынан келетін зардапты Қазақстанның экономикасы көтере ала ма?

– Орынды сұрақ. Шындығын айтсақ, бұл күрделі мәселе. Мен АЭС салуды қолдаушылардың не мүлде қарсы тараптың адамы емеспін. Бүгін болмаса да, ертеңгі күннің еншісіндегі іс, тиімді тұстары да көп. Мамандар да дайын, бүкіл шикізат бар. Қауіпсіздік жайына келсек, оған біздің үкімет дайын емес болмауы да мүмкін.

– Қауіпсіздік мәселесін ары қарай қозғасақ. Қазақстандық ғалымдар мен сол сала мамандары осы істі атқаруға қаншалықты дайын? Шетел тәжірибелерін қарасақ, апаттардың бәрі адам кінәсінен болды деп ұйғарым жасалған.

– Өз мамандарымыздың біліміне, біліктілігіне күмән келтірмеймін. Шет елде осы сала бойынша еңбек етіп келді. Бірақ Фукусимодағы жарылыстың өзін алсақ та, жер сілкінісі зардабынан болған. Сол сияқты Алматы да сейсмикалық жағдайы қауіпті аймақ. Және оның қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды.   

Мұрат Өтебайұлы, ардагер журналист:

Билік өзіне қарасты ақпарат құралдарын, қоғамдық пікір көшбасшыларын тартып, АЭС-тің қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. АЭС салуды қолдайтындардың басты аргументі: «Энергия тапшылығын жою үшін АЭС Қазақстанға ауадай қажет». Бұл сарапшылардың айтуынша, жаңсақ пікір, жалған гипотеза. Қазақстандағы энергетика мәселелерін ешқандай АЭС-сіз шешуге болады. АЭС-тен әлдеқайда тиімді, қауіпсіз және үнемді етіп, Ұлттық энергетикалық жүйемізді техникалық және технологиялық жағынан толық жаңартқанымыздың өзі энергия өндірісі мен оны сақтау тиімділігін 30-50 пайызға дейін бірақ көтере алады. Бұл 10 АЭС бере алатын энергиядан да көп. Ел болашағы зор қуат көздері – тиімділігі тек күшейе беретін күн, жел және су энергетикасы, әсіресе жел электр стансалары жағынан Қазақстанға тең келетін ел бірен-саран болар. Оңтүстік өңірлерімізде күннің көзі тіпті қыста да молынан жетеді. 2030 жылға дейін күн энергетикасының шығындары 25 пайызға азаяды. Енді бұл билік Балқашта АЭС салды делік. Сосын не болады? Қазақстан мен Ресейдің энергожүйесінде жұмыс істеген тәжірибелі, озық сарапшылардың айтуынша, «Егер жоба жүзеге асса, жыл сайын 675 миллиард теңгеге артық шығынданамыз. Бұл Қазақстанның әр азаматы электр энергиясының, сәйкесінше, тауарлар мен қызметтер бағасының қымбаттауына байланысты қазіргіден 35 мың теңгеге артық төлейді деген сөз». Сонда жыл сайын 675 миллиард теңгеден төлейміз. Олар өз миллиардтарын құрылыстан табады ғой. Ал біз сол миллиардтарды жылдар бойы бүкіл ел болып төлейміз.Оның үстіне осыған дейінгі Қазақстандағы ірі жобалардың барлығы дерлік коррупциямен аяқталғанын көрген халық бұл жобаның қаржысында талан-таражға түсіп кетпесіне кім кепіл деп алаңдайтынын жоққа шығаруға болмас. Атом энергиясы – өткен ғасырдың ескірген технологиясы, өркениет ғасырындағы тығырыққа тірейтін жол. 

Марат Байділдәұлы, қоғам қайраткері:

– Қазіргі геосаяси жағдайда атом электр стансасын салудың қажеті жоқ. Біріншіден дауысқа салатын болса, Ресей ұтатыны айдан анық. Олар Африкада салған, Түркияда стасасының құрылысын жүргізіп жатыр. Соны тілге тиек етіп біздің елде де салуға тырысады. Ресейдің салу технологиясы Еуропадағы энергетика жүйесінен 15-20 жылға кейіндеп қалған. Олар Қазақстанды айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізу үшін соны тетік ретінде пайдаланады. Жұмыс барысын үйретеміз деп өзінің ғалымдарын әкеліп, басшылыққа бекітеді. Саяси талаптарға көнбеген кезде міндетті түрде аядролық қоқан-лоқы жасайтын болады.

Екіншіден, құрылыс салатын компанияға көмектесемін деушілер табылады. Үлкен қаражат жүрген жерде үлкен коррупция жүреді! Қолды болған ақшаның кесірінен құрылыстың сапасы нашарлайды. Бағасы жоғарылайды да қауіпсіздік деңгейі төмендей түседі. Жақында ғана сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша елдер тізімі шықты. Сонда Қазақстан астынан санағанда екінші орында тұр. Бұндай сенімі селкеу кезде үлкен стратегиялық нысан салу қауіпті.

АЭС қайда салынады?

Бұл бірнеше жылдан бері қоғамда қызу талқыланып келе жатқан мәселе. Мамандардың пікірінше, құрылысқа қолайлы өңірдің бірі – «Үлкен» ауылы. Ол жерге 1,4 ГВттық екі блоктан тұратын қуаты 2,8 ГВт АЭС салынады деп жоспарланып отыр. "Қазақстандық Атом электр стансалары" ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша орталық Курчатов қаласы мен Үлкен ауылын қарастырғанда жер сілкінісі және геологиялық құбылыстар, гидрометеорологиялық және гидрологиялық жағдайлар, болжамды су тұтыну көлемі, АЭС құрылысының іргелес аумақтың жануарлар мен өсімдіктерге әсері зертелгенін алға тартады. Үлкен ауылында іске асырылмаған Балқаш ЖЭС жобасының алаңы болғандықтан, инфрақұрылымы бар, жерді тегістеу жұмыстары жүргізілген деп сол жерді таңдаған.

Электр қазандықтары арқылы көпқабатты үйлерді жылытып отырған ауыл тұрғындарына елді мекенді қайта көркейту үшін үлкен құрылыс салынуы белгілі деңгейде тиімді-ақ. Айына жалақысының жартысынан көбін жылуға беріп, өлместің қамын сүріп жүрген ел Балқаштың суын ішеді. Экономикалық жағынан алғанда, әрине, пайдасы мол, бірақ көлдің суына әсері болуы мүмкін бе? Экологтардың пікірін тыңдап көрейік.

Азаматқан Әміртай, эколог:

– АЭС-ке алынатын су таза болуы керек. Шамамен 15 мың тонна су сырттан әкелінеді және ол тек суыту үшін ғана пайдаланылмақ. Үшінші бөлік – мұздағышын іске қосатын болса, суды қажет етпейді. Балқаштан су алмайды, себебі оның суы жарамсыз.

– Үлкен ауылында АЭС салу тиімді ме әлде басқа орындарды қарастыру керек пе? Сіздің пікіріңіз.

– Орналасқан жері тиімді. Оңтүстік өңірлерге энергия жеткізуге ыңғайлы болмақ, орталыққа да жақын. Бұнда 1200 Мвт өндіріледі де үлкен зауыт-техникалардың пайдалануына беріледі. Қазір бәрі көмірді пайдаланады, одан шыққан түтін ауаны ластап, денсаулыққа кері әсерін тигізіп жатыр. Сол үшін таза энергия көзін табу маңызды. Ал сейсмикалық жағдайына келсек, АЭС-тің құрылысы өте берік, 20 баллдық шкалаға дейін жер сілкінісін көтереді.

Марат Байділдәұлы, журналист:

– Ядролық отынды жағу үшін көп мөлшерде су қажет. Қанша жерден қорғанышта болса да, белгілі деңгейде экологияға зиянын тигізеді. Демек, тұтастай Балқашты экологиялық апаттың алдына әкелеміз. Өмір сүру жағдайы нашар ауылдың әлеуетін көтереміз, жұмыспен қамтимыз деген сияқты неше түрлі айла шарғыларды қолданып, АЭС салуға тырысып бағады. Балқаштың батыс бөлігі тұщы, шығыс бөлігі ащы. Бұлар көлдің суына зиян келтірмейді деп алдап отыр. Қалдықтарды сол суға төкпегенде қайда жібереді? Ешқандай су көзі қажет болмаса, неге Сарыарқаға саламыз демейді?!

Шетелдік тәжірибелер

Жалпы есеппен алғанда әлемде 32 елде 394 ГВт қуат күшімен жұмыс істейтін 440 АЭС бар. 54 энергетикалық блок салыну үстінде, ал 201-і белгілі бір себептермен жабылып қалған. Ең көне және әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған стансасы Швейцарияда орналасқан. Ал қуат күші жағынан алда тұрғаны Қытайдың Гуандун провинциясындағы Тайшань стансасы, оның көрсеткіші 4590 МВт.

Тарихтағы ең алғашқы апат 1979 жылы Америкадағы Три-Майл-Айленд стансасында болды. Реактор қондырғысындағы сұйықтың ағуы дер кезінде анықталмағандықтан, салқындату жүйесі істен шығып, ауаға радеактівті йод тарайды. Егер уақытылы сүзгіні ауыстырып отырса, залалы да аз болар еді дейді мамандар. Стансаның жұмысы әлі  күнге дейін іске қосылмаған. Осы жағдайдан кейін 2012 жылға дейін АҚШ энергиялық блок салудан тартынып, дәл осындай 71 құрылысты тоқтатып қойған. Ал бүгінде бұл жолмен энергия алудан көш бастап отыр.

Дәл осындай себеппен 1986 жылы Украинадағы Запорожье стансасында жарылыс болды. Қызметкерлері мен аварияны жоюшылар тікелей радиоактивті сәулеленудің ауыр дозасын алды. Апаттан кейінгі алғашқы үш айда 31 адам қайтыс болды, тағы 19 адам 1987-2004 жылдар аралығында Чернобыль АЭС-індегі жарылыстың тікелей зардабын шекті. Бүгінде майдан даласында тұрған стансада апат болуы мүмкін деген қауесеттер мен болжамдар бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылып жүр. Қандай да бір себептермен апат орын алса, радиациялық бұлт Еуропаны аспанын жауып, НАТО-ны қақтығысқа тартуы мүмкін.

Келесі үлкен апат Жапониядағы «Фукусима» стансасында болған. Тарату құрылғылары, резервтік генераторлар мен батареялар орналасқан жертөлелерді су басып, тоқтан ажыраған соң салқындату жүйесі істен шығады. Апатты алдын алуға қанша тырысқанымен, іс насырға шауып үшінші блокта жарылыс болады. Су тасқынының салдары болғанына қарамастан, сарапшылар қорғаныс жүйесі бұндай үлкен апатқа дайын болмағанын және мекеме басшылығы мен үкімет жылдам нұсқаулық бере алмаған деп шешім шығарды.

Аталған үш апаттың да себебі адам ағаттығынан болды. Он жыл өтсе де Жапонияның солтүстік-шығысындағы бірнеше қала әлі жабық. Ядролық қалдықтар мен миллион тоннадан астам радиоактивті суды шығару үшін жүздеген мың жұмысшы қажет және бұл 30-40 жылға созылуы мүмкін деп отыр.

АҚШ пен Жапонияның өзі қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмады, жарылыстан туған үлкен көлемдегі зардапқа дайын болмады. АЭС жұмысы шығыны көп көмір жағатын стансаларға қарағанда тиімді екені анық. Бірақ жарылыс болса, бір блоктың өзінен туатын залал он жылдық жалпы ішкі өнімге тең түсетін зиян келтіреді.

АЭС-те ақаулар шыққан жағдайда, залалы қандай болады?

Стансадағы ақаулар екі негізгі зақымдаушы факторға әкеп соқтыруы мүмкін. Атап айтқанда: радиациялық әсер (тікелей әсер ету) және суды, топырақты, шаңды және радиациялық әсер ету аймағында болған кез келген объектілерді әлсіз сәулелену көзіне айналдыратын радиоактивті ластану. Бұған қоса, үлкен жарылыстар мен өрт шығу қаупі бар.

Ең қауіптісі – тікелей сәулелену. Ол небәрі бірнеше сағат немесе минутқа созылуы мүмкін, бірақ иондаушы сәулеленудің күшіне байланысты адам денсаулығына зор нұқсан келеді, 10 гр-дан асса бірден өліп кетуі де мүмкін. Әр түрлі радиациялық  жарақаттар: радиациялық (күйік, дерматит, пневмонит және т.б.) жедел сәуле ауруы пайда болады.  Гр (100 рад) мөлшерінің өзі аурудың алғашқы белгілеріне әкеп соқтырады, ал 1 Гр-дан асқан жағдайда жұлын жүйке жүйесінің не ішек-құрылыс зақымданады. 

АЭС жарылған кезде ауаға радиоизотоп (йод-129, йод-131)  тарайды. Йоддың бұл түрлері альфа, бетта, гамма-сәулелену энергиясын адам тәніне жылдам таратады. Ағза жасушаларында фотохимиялық реакция басталып, ДНҚ-ға зақым келтіреді, нәтижесінде қатерлі ісікке шалдықтырады, мутация пайда болады. Радиация салдарынан өмірлік маңызды органдар – қанайналым, жүйке, ас қорыту жүйесінің жұмысы нашарлайды. Әсіресе сәулелену қалқанша безіне қауіпті.

         P.S. Мамандардың пікірінше, энергия тапшылығы орын алатын көрінеді. Соған орай атом энергиясының бағасы да тұрақты түрде өсіп жатыр. Яғни атом энергиясы қолжетімді энергиялардың ішіндегі ең қымбаты. Осы күнге дейін Қазақстанда салынған үлкен жобалардың барлығы коррупциямен аяқталғанын ескерсек, құрылысқа бөлінген ақша талан-таражға салынып кетпейтініне кепілдік жоқ. Ресейге салдыртқан жағдайда билікті қолдарына беріп қойғанмен тең болмай ма?! Украинаға соғыс ашып жатқанын көре тұра, қасқырдың апанына тоғытылу әлде саяси айла-тәсіл, әлде ақымақтық болар.

Әсем Жұмақан

 

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: АЭС энергетика

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір