22 Маусым, 2023 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Қаңтар оқиғасы кезінде Семей қаласының полициясында азапталып өлтірілген Жандос Жотабаевтың ісі бойынша айыпталған уақытша қамау изоляторының фельдшері Гүлмира Төлеубекова бір жылға шартты түрде сотталды. Бұл жөнінде "Власть" басылымы хабарлады.
Сот Төлеубекованы үш жыл медицина мекемелерінде жұмыс істеу құқығынан айырып, моральдық өтемақы ретінде Жотабаевтың отбасына 500 мың теңге төлеу міндеттеді. Сонымен қатар, жәбірленушілер өтемақы қорынан 30 630 теңге өндіреді.
Гүлмира Төлеубековаға "кездейсоқ бір адамның өліміне әкелген медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісті дәрежеде орындамау" бабы бойынша айып тағылған. Ал фельдшерді қорғаушылар тарабы оның Жотабаев өліміне қатысы жоқ деп хабарлап, бұл іс бойынша бірінші кезекте оны азаптаған полиция қызметкерлері мен уақытша қамау изоляторын жауапқа тарту қажеттігін айтқан.
Бұған дейін Жотабаевтың өліміне байланысты "қатігез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар" бабы бойынша полиция қызметкерлері Әлішер Қанақынов пен Ерсұлтан Ағзановқа айып тағылған. Олардың сот процессі енді ғана басталды.
Еске сала кетейік, Жандос Жотабаев былтыр 6 қаңтарда "бейбіт митингке қатысқаны үшін" ұсталған. Ол полиция бөлімшесінде екі күн қамауда болып, кейін уақытша қамау изоляторына ауыстырылған. 17 қаңтарда изолятор қызметкерлері жедел жәрдем шақырып, Жотабаевтың қайтыс болғанын хабарлаған. Жандос Жотабаевтың бауыры 2022 жылы ақпанда зерттеу кезінде марқұмның өкпесінен сұйықтық табылғанын, мұндай жағдай қатты соққыға жығылған адамда болатынын айтқан. Бауырының айтуынша, оның 11 қабырғасы сынған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір