Фото: Азаттық
Прокуратура алдында аштық жариялаған қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмаз Тілепов денсаулығына байланысты аштықты тоқтатты, деп жазады Азаттық.
Оның айтуынша, сейсенбі күні оның қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем көлігі шақыртылған. Ауруханаға жеткізіліп, система қойылған. Дәрігерлер оған аштықты жалғастыруға тыйым салған.
Алмаз Тілеповтің сөзіне қарағанда, 6 маусымда оны Іле аудандық полиция бөлімінің бастығы шақырып сөйлескен. Полиция бөлімінен шыққаннан кейін жағдайы нашарлаған.
– Негізі полиция бөліміне кірмей тұрып та біртүрлі болып тұрғанмын. Кіріп шыққаннан кейін жағдайым мүлде нашарлап кетті. Полиция бөлімінің бастығы ұлымды заңсыз ұстап әкетуге қатысты әлі баға берілмегенін айтты. Әлі тексеріс жалғасып жатыр деді. Мен оларға "Думанды 30 күн толып кетпесін деп әдейі 2 күнге босатып, одан кейін қайтадан қамауға алдыңдар" дедім. Мұны өздері де мойындайды. Думанды босату бойынша талабым жөнінде олар 7 маусымда дөңгелек үстел өткізетінін айтты, – деді Алмаз Тілепов.
Оның сөзінше, дөңгелек үстелге әкімдік пен прокуратура өкілдері де қатыспақ.
Бұған дейін Алмаз Тілепов ұлын босатуды талап етіп, аштық жариялаған еді. Оның денсаулығына алаңдаған ұлы Думан Мұхаммедкәрім адвокаты арқылы аштықты тоқтатуды сұраған.
Жуырда сот "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған журналист Думан Мұхамедкәрімді 25 тәулікке қамаған. Билікті қатаң сынаумен танылған журналист 1 мамыр күнгі оппозиция митингісі қарсаңында қамалып, изолятордан 26 мамырда ғана босап шыққан еді. Наурыздағы парламент сайлауынан бері ол осымен үшінші рет қамалып отыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір