21 Сәуір, 2023 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Ресейдің "Вагнер" жалдамалы әскер жасағына қосылған Қазақстан азаматы видео мәлімдеме жасады. Ол желіде тараған видеода Ресейдің Украинаға жасаған шабуылын "арнайы операция" деп атады.
"Мен өз еркіммен арнайы әскери операцияға үлесімді қосуға келдім. Маған бұл жер ұнады. Ұжым да жақсы, өзімді тапқандай сезінемін. Психикалық жағдайым жаман емес. Мені бұл жерге ешкім күштеп әкелген жоқ" – деді ол.
Еске сала кетейік, 23 жастағы Марғұлан Бекенов Ресейдің Томск қаласына оқуға кеткен. Осыған дейін Бекеновтің анасы Алмира Бекенова ұлын "Вагнерге" алдап қосып, соғысқа әкеткенін айтқан болатын. Ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Марғұлан Бекенов "Вагнер" қатарына өз еркімен қосылған деп мәлімдеді.
"Вагнер" – Ресей президенті Путиннің жақтасы, Ресей Федерациясының қаһарманы атағына ие Евгений Пригожиннің жеке әскери бөлімі. "Вагнерліктер" Украинамен қатар Сирия мен Африка елдеріндегі соғысқа қатысып жатыр. Сарапшылар "Вагнер" тобының әрекеттерін қылмысқа жатқызады. Пригожин өзінің жеке әскери бөліміне Ресей түрмелерінде отырғандарды, Орталық Азиядан келген мигранттарды тартқан.
Қазір "Вагнер" Украинаның Бахмут қаласында болып жатқан ауыр шайқасқа қатысып жатыр. Украинадағы соғыста Пригожин "әскерінің" көп шығынға ұшырағаны да айтылады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір