• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 12:17:16
Алматы
+12°

Билік Жанболат Мамайды соттағалы жатыр. Тәуелсіздікпен құрдас жас саясаткердің соты – «Жаңа Қазақстаннан» үміт күткен кез келген жасты ойландыруы тиіс.

Жанболат Мамай – ұлтшыл, полиглот, оппозицонер, жаны болат жас саясаткер.

Жанболат Мамай – жалған оппозицонер, шетелден қаржы алатын алаяқ, ашулы халықты алаңға шақырған бүлікші.

Көкірек көзі ашылған, ақ пен қараны ажырата алатын әділетшіл «аз» топ пен қолында закон қуаты бар, ақпарат алаңын толықтай уысында ұстаған билікшіл «көптің» пікірі осындай. Ал кімнің «аз», кімнің «көп» екенін «уақыт» сағаты көрсетіп келеді, әлі де көрсетеді. 30 жыл көзбояушылық жасаған «көп» пен «Жаңаөзенде», «Қаңтарда» қан кешкен «аздың» тарихы - соның дәлелі.  

Жанболат 18 жасында-ақ «Рух пен тіл» клубының жалынды тізгіншісі болды. Ұлттың рухын жоқтады, тілдің теңдігін іздеді. 23 жасында «Жаңаөзендіктердің» жанында болып, мұнайшылардың мұңын бөлісті. Сотталды, ақталды. 29 жасында «Әбілиязовтан ақша алды» деген айыппен тағы да абақтыға қамалды. Аяғына тұсау, ауызына қақпақ салынды. Бұғауы шешілген соң тағы да бұғып қалған жоқ. Алаштың қанды кегі, жан жарасы – «Зұлмат» фильмін көрсетті. Іле-шала «Қазақстанның демократиялық партиясын» құруға кірісті. Тіркелмеген партия тірлігін жалғастырып келеді. Билік «ұйымдастырылған төңкеріс» деп санаған «Қанды қаңтарда» қара нөпір халықпен бірге алаңға барды. Таяқ жеді, ұсталды, енді сотталып жатыр.

Иә, жас саясаткер. Артық-кем айтылған сөзі, 100 пайыз кесіп-пішілмеген қадамы болуы заңдылық. Асылы буыны бекімеген Тәуелсіздік үшін Алаштың әрбір жасы осылай күрессе керек еді. Бұл күрес мемлекеттілікті шайқалту, егемендікті жоғалту, ел арасына бүлік салу емес екені көзі қарақты жұртқа айдан анық ақиқат. Бұл сот – Жанболат Мамайдың ғана соты емес. Бұл соттау – жалынды жастарды,  ұлтшыл, мемлекетшіл патриот азаматтарды, ашық пікірді, әділетті көзқарасты соттау! Егер Жанболаттың көздегені – билік, мансап, ақша болса, оған оның таланты да, күш-жігері де, білім, білігі де асып жетеріне ешкімнің күмәні жоқ шығар. Тек сәл ғана иіліп, икемге келсе болғаны. Бірақ Жанболат ондай жолды таңдамады. Қартайған әке-шешесін, шырылдаған әйелін, шиеттей балаларын ойлап, Отан алдындағы парызын «Отбасының бақытына» байлаған жоқ, басын бәйгеге тікті.

Егер құзырлы орындар тайға таңба басқандай фактілермен «Бүлікшіл Жанболатты» соттап жатса онда сөз бөлек еді. Жұлынына құрт түскен жүйенің кемшілігін айтқан, қарапайым жұрттың жанайқайын жеткізген саяси ұстанымы үшін соттау – басқасы басқа «Жаңа Қазақстан», «Еститін үкімет», «Әділетті қоғам»  деп жар салған қазіргі биліктің әлем алдындағы, қазақ алдындағы «қарабет» тірлігі, «сүйегіне таңба» болар тарихи қателігі болары сөзсіз.

Қазақта жаны болат жастар көп! Біреулер «қасықтай қаны, шыбындай жаны қалғанша» билікті жақтайды. Біреулері мақаласына май тамызып, билікті мақтайды. Біреулер ақтайды, біреулер даттайды. Әйетуір жанын салады, барын салады. Сөйтіп, мақсатына жетеді. Мансап алады, орынтаққа жайғасады. Өз таңдауы. Билікті ішінен өзгертем дейтін азаматтардың үміті ақталғанын қалаймыз. Қарапайым жұрт ортасында қал-қадерінше елдің қызметінде жүрген «Жаны болаттардың да» еңбегі жансын дейміз. Ал Жанболат Мамайдың жөні бөлек. Оның «қателігі» - алдында абақты күтіп  тұрсада, айтарын ашық айтып, шындық үшін шырылдауы. Ол қандай шындық?

Мемлекеттік деңгейде жүргізілген 30 жылдық «қарын қамы», «қалта қамы» - тіл, діл, дін дейтін ұлттың үш тұғырын мүгедек халге жеткізді. Шын мәнінде аздаған адамның қалтасы мен қарынын қампайтқан сатқын тірлік - Алаштың арын, ұлттық мұратын, тәуелсіздік ұстанымын мүгедек етті. Тұтас бір дәуірдің байлығын ғана емес,  «жастығын» ұрлады. Түңілген, үміті үзілген, дәрменсіз, рухсыз, шаршаған «жоғалған ұрпақ» шоғыры қалыптасты. Өз ұлтын, мемлекетін, елін, жерін шексіз сүйген азаматтарға тек «билікпен ауыз жаласу» дейтін таңдау қалдырды. Әйтпесе жаусың, дұшпансың, бүлікшісің!!! «Биліктің керемет қадамдарын түсінбегенің үшін» бөлектейді, ұсыныс-пікірлеріңді «қыстырмайды», «ұлт қамы» дегенің ұсақтық, «елдің қамы» дегенің ертек деп қабылдайды. Ашық айтсаң оппозиция, алаңға шықсаң «қылмыскер» боласың!

Айналайындар-ай!  Өздері айтпақшы «тәуелсіздік», «егемендік», «тыныштық» билікке ғана керек емес шығар! Санасында саңлауы бар әр қазақтың дұғасы сол емес пе?! Жылатып айтқан досты, жылы сөз айтқан қасты ажырататын уақытқа келдік қой! Көзінен жас төккен көптің бәрі «Көр соқыр» емес! «Көргеніміз осы тәуелсіздік, тәжірибеміз аз» дейтін емес мың жылдық ел тарихы, 30 жылдық «Жас Қазақстанның» сабағы енді қателесуге мүмкіндік бермесе керек еді.

Дара биліктің жолы – «Тәуелсіздік» пен «Билікті» бір ұғымға айналдырды. Бұл деген сөз «Билікті құлату» - Тәуелсіздікті жоғалту дегенмен бірдей. Ресеймен ажырамас одақ құрған, Қытайдың инвестициясына шешілместей байланған, аз ғана олигархтың қамалына айналған «билікті құлату» - тәуелсіздікке қатер төндіретіні айдан анық. Бірақ қазақ баласы «Тәуелсіздіктен айырылады екенбіз» деп «Билік дәрменсіздігіне» көз жұмып қарайтын төзім сабырдан шаршады.  Егер «Жаңа Қазақстан» Алаш жұртының шын егемендігін ойласа, «қазақы сабырдың» қатерімен ойнамауы тиіс. «Тәуелсіздік» пен «Халық» бір ұғымға айналғанда ғана мемлекет те, билік те мызғымас тұрақтылыққа, шайқалмас берекеге жетері сөзсіз.

Бір Жанболат Мамайды соттау – жаны болат мың жастың жігерін жанитыны анық. Соттаумен, түрмеге тоғытумен, атумен, өлтірумен жетістікке жетсе «Назарбаев билігі» жетсе керек еді. Адам айнаға, билік оппозицияға қарап өзін түзейді. Өзгеше пікір, балама көзқарас ең алдымен биліктің өзіне керек. Жалған оппозиция жарға жығады. Қарапайым халықтың шынайы тілегін революция емес эволюциялық жолмен жеткізген қарсы топтарға, әсіресе жас саясаткерлерге мүмкіндік берілмесе, жасанды мақтау, жаттанды ұранмен ешқандай билік ұзаққа бармайды.

Осы заманда, осы дәуірде өмір сүріп жатқан Жанболаттың замандасы ретінде бір ауыз сөз айту – сөз ұстаған әрбір жастың міндеті деп есептеймін. Жанболат – ешкімнің екі туып, бір қалғаны емес шығар. Бірақ олда қазақ. Жай қазақ емес! Елім, жерім, ұлтым деп шырылдаған жас саясаткер. Әр салада жүрген жаны болат жастардың біреуі! Бұл жазбаны Алаштың бір баласы ретінде Жанболат Мамайға араша сұрау деп біліңіздер. Жанболаттың пікірімен келіспеу, оның ұстанымын қолдамау – әркімнің құқығы. Дегенмен айдың, күннің аманында, «Жаңа Қазақстан» деп жар салған кезеңде жалындаған жас саясаткерді 6 жыл бас бостандығынан айыру – бүкіл қазақ үшін, әсіресе жастар қауымына ешқандай абырой әпермесі анық! Бұзығы мен тентегінің өзіне кешіріммен қарайтын халық едік. Тәуелсіздікке түкірген бөтенді, миллиардтарды қылғытқан жемқорларды соттаудың орнына сауатты, қайратты, саналы жасқа кісен салатындай не күйге түстік?! Елім дейтін ерлерге араша болайық, ағайын!

Біләл Қуаныш, «Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір