• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Маусым, 05:38:11
Алматы
+35°

Бұл туралы Мәжіліс депутаты болып сайланған белгілі журналист Ермұрат Бапи Abai.kz редакциясына берген сұхбатында айтты. 

– Сонымен, Ермұрат аға, Қазақстан Парламентіне депутаттығыңыз құтты болсын! Енді не істейсіз?

- Рақмет!.. Енді не істейміз? Әрине жұмыс істейміз! Бұған дейінгі саяси көзқараспен, бұрынғы азаматтық ұстаныммен, халықтық-қоғамдық беталыстан таймай жұмыс істейміз. Менің алдымда бұдан басқа жол жоқ. Кері бұрылуға – қалыптасқан қасиетім, тәрбием дейін бе, әсте көнбейтінін білем. Оның үстіне, жаңа жол іздейтін уақыттан өтіп кеттім...

29 сайлау округі бойынша өзін-өзі үміткерлікке ұсынып, кеше ғана тәуелсіз депутат болып сайланған әріптестеріме «Халық блогы» фракциясын құру жөнінде Фейсбук парақшамда үндеу жарияладым. Біз – егер 29 депутаттың тәуелсіз екені рас болса, халықтың мұң-мұқтаж мәселесіне сай жұмыс істеуіміз керек.

- «Бұрынғы бағытта» дейсіз... Оныңыз сіздің оппозициялық бағытыңыз емес пе, солай ғой? Ендеше, оған билік мүмкіндік береді деп ойлайсыз ба?

- Біріншіден, менің қалай жұмыс істейтінімді билік шешпейді. Маған мандат берген билік емес – халық, менің сайлаушыларым. Сондықтан, биліктен рұқсат сұрайтын құлқым да, қақым да жоқ. Мен өзімнің сайлаушыларымның алдында ғана есеп берем!

Екіншіден, бүгінгі саяси жағдайда биліктің қоғаммен, оппозициямен мәмілелі жұмыс істеуге, ашық болмаса да, бүйрегінің астында терең жатқан ықыласы бар деп ойлаймын. Ендігі теке-тірестен түк шықпайтынын биліктің түсінетін кезі келді. Бұл түсінік қоғамның да санасына сіңуі керек шығар... Тай-таласпен «Жаңа Қазақстан» құрылмайды. Оны билік тек қана қоғамның тікелей және қоян-қолтық араласуымен ғана құра алады. Әйтпесе, Тоқаев мырзаның «Жаңа Қазақстан» идеясы далбаса декларация болып қалады. Менің ойымша, билік осыны түсініп отыр.

Үшіншіден, шынымды айтсам, маған сенім артқан халықтың алдындағы жаңа жауапкершіліктің салмағынан қорқамын. Бұрын билікпен алысып жүргенде, менде мұндай сезім болмаған. Ал енді халықтың сенімін арқалау жауапкершілігі – мен үшін тіптен басқа сезім болып тұр...

- Ермұрат аға, билік «түсініп отырса», мынау сайлауды неге қарақұрықтатып жіберді, неге халық қолдаған тәуелсіз кандидаттарды өткізбей тастады?

- Рас айтасың, Нұргелді! Бұл жағдай қоғамды қопарып тастайтындай дүрбелеңге айналып кетті. Сайлау учаскелері ұзақ уақытқа созбай, хаттаманы бақылаушыларға дер уақытында бергенде, дәл осындай дау-дамай туар ма еді? Барлық ырың-жырың осыдан шығып тұр ғой. Яғни, билік дауыс беру процессін бақылауда ұстап тұрғысы келді, бірақ сценарий бұзылып бара жатқанынан секем алып, назарбаевтық «қолмен басқаруға» көшті. Бірақ оның өзін өгіз соқамен жер жыртқандай етті.

Егер барлық үміткерге протоколдар дер уақытында берілгенде, дәл осындай дабыра тумас еді. Бәлкім, ондай жағдайда бүгін наразылық танытып жүрген әріптестерімнің біразы шу көтермес пе еді, кім білсін? Сайлау ісіне ебдейсіз араласумен билік бәрін былықтырды. Гәп осында жатыр деп ойлаймын.

Мен енді «судан өтіп алған соң», анау-мынау деп, «өзеннің арғы бетінде қалған» әріптестеріме не дейін? Соттан да үміт болмасын бұрыннан білеміз. Оның үстіне, өзінің өтпей қалған кандидаттарын қолдап, наразылық алаңына жиналған халықты да көріп тұрған жоқпын. «Патовая ситуация»!

- Әйтсе де, сіздің бір бақталасыңыз Инга Иманбай ар-ожданыңызға тиердей біраз сөз айтып жатыр, оған да жауап бермедіңіз...

- Мен оған не деймін? Тап-таза истерика! Қазақ айтады «жеңілген адамның сөзі құрысын» деп. Инганың жалаулатып жүргені – өзі жеңіске жеткен 5-6 учаскеден алынған протокол. Ал менің қолымда бақылаушыларым мен сенімді өкілдерім сағат таңғы беске дейін учаскелерден алған, біразы «тірі» мөр басылған, көпшілігі – фотокөшірме, 60 протокол бар. Бұл біздің округтегі 184 учаскенің үштен бірінен алынған құжат.

«ДАТ»-тың осы бейсенбі күні шығатын санына сол 60 қаттаманы тегістей басып шығарамыз. Әділетті салыстармалы түрде айту үшін, мен газеттің тең жартысын осы протоколдарды басуға арнадым. Айтпақшы, Инга Иманбай жеңген учаскелердің де хаттамасын да жариялаймыз. Ақиқат үшін аянуға болмайды. Интернеттің вирталь әлемінде емес, газет бетіне басылып, архивтерде қалсын.

Менің сайлаудағы жеңісіме күмәні бар адам болса, сол хаттамаларды салыстырып, өзіне тоқетер тұжырым жасап алады деген ойдамын.

- Дегенмен, сіз айтқандай «истерикамен» интернетті шулатып жатқан Ингаға бір жауап беруіңіз керек еді ғой?..

- Мен өзіме сенім артқан халықтан басқа ешкімнің алдында жауап беруге міндетті емеспін! Менің 25 жылдық «ДАТ»-ым мен үшін жауап береді.

- Ереке, дегенмен кеше ғана Жанболат Мамаймен бір оппозициялық майданда бірге жүрген едіңіз, оны қолдап-қорғап, «ДАТ»-тың әр санына дерлік жарияланым жасадыңыз. Кезінде Жанболатты ЖСДП-ға төраға етемін деп, сиезге алып барған жеріңізде партиялық төңкеріске тап болып едіңіз. Ал енді оның өз келіншегіне керауыз сөз айтуына тыйым жасамағанын қалай түсіндіңіз?

- Бұл енді жалғыз Жанболаттың ғана проблемасы емес деп ойлаймын. Демпартияда данагөй «Аятолла Хомейни» болып отырған Төлеген Жүкеевтің «тек!» деуге жөні бар еді ғой! Яғни, имансыз «истерикаға» оның да үлесі бар деген сөз!

Оның үстіне, Жанболат пен Инга екеуінің артында мені өзінің жауы санайтын Бергей Рысқалиев тұр. Жаңаөзеннің жанайқайына қатысы бар экс-әкім партияны ғана емес, Жанболаттың отбасын, балаларының «Тамос» мектебіндегі жылдық ақысы миллиондаған теңгелік оқуын қаржыландыратын Бергей «музыкаға заказ беруге» қақым бар деп ойлайтын шығар. Бірақ бұл енді басқа тақырыптың әңгімесі. Мен әзірге ондай әңгіменің деңгейіне түсе алмаймын.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Ермұрат Бапи

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір