• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 13:48:31
Алматы
+12°

Бүгін "Қазақстан халқына" қорының ресми өкілі редакциямызға хат жолдап, Қаңтар оқиғасында қаза тапқан Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханға бірнеше рет қаржылай көмек көрсетілгенін хабарлады. Қор өкілі хатта Айдос Мелдеханның Qamshy tv арнасына берген сұхбатындағы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жазған. 

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Айдос Мелдеханға хабарласып, мәселенің жай-жапсарын білді. Айкөркемнің әкесі "Қазақстан халқына" қорынан қаржылай көмек алғанын растады. Алайда қордан бөлінген қаражат шығындарды толық өтеуге жетпеген. Сол себепті Қаңтар оқиғасында 7 оқ тиіп жараланған Жанель есімді қызының емі үшін астындағы көлігін сатып, ағайын-туыс пен халықтан көмекке ақша жинаған. 

"Айкөркемнің қазасын көзімен көрген Жанель әлі күнге дейін ем алып жүр. Түркияда денесіндегі оқтан қалған фрагменттерді алып тастау үшін ота жасалды. Ота аяқталғаннан кейін, 2 сағаттан соң қызымды "қонақ үйге барыңдар", деп клиникадан шығарып жіберді. Денесінен оқтың қалдықтарын ала салып, күрделі ота жасай тұра ешқандай күтім көрсетпей ауруханадан бірден шығарып жіберу сұмдық қой! Сол кезде Олжас Құдайбергеновке көмек сұрап хабарластым. Біраз айқай-шу болды. Ақыр соңында полиция қызметкері қызым мен әйелімді клиникадан қуып шықты. Қордағылар соның бәрін жақсы біледі. Сол жағдайды естен шығармасын"–дейді Айкөркемнің әкесі.

Айдос Мелдехан Түркиямен келісімшарт дұрыс жасалмағанын айтты. Тіпті, ол тәуелсіз БАҚ-қа сұхбат беріп, шындық іздеген соң әдейі осындай әрекетке жасалды деп күдіктенетінін айтып қалды. 

"Қазақстан халқына" қоры қаза тапқан кішкентай қызымды 7 млн теңгеге бағалап отыр ма? Қызымның орнын ешқандай ақша толтыра алмайды"– дейді Айдос Мелдехан.

Айкөркемнің бейітінде

Бұдан бөлек қызынан айырылған әке Қаңтар қырғынында 4 жасар Айкөркемнің сүйегін моргтан алып кету үшін өз қалтасынан 2,5 млн теңге төлеген.

"Моргтағы қызметкерлер қызымның денесін алып кету үшін 2–3 млн төлеу керегін айтты. Туған-туыстан ақша жинап, сүйегін әрең алғанбыз. Ал Жанельдің денесінде оқтың қалдықтары әлі бар. Психикалық жағдайын есептемеген күннің өзінде ем-домы біткен жоқ. Әр шығынымды есептесем, қордың бөлгенінен асып кетеді. Соған қаражатым жетпегеніне ашынамын. Қызыңызды оқуға түсіреміз деген еді. Ол да жайына қалды. Бейбіт заманда бір баламды атып өлтірді, енді аман қалған қызым үшін шырылдап жүрмін"– деп мәлімдеді Айкөркемнің әкесі.

Олжас Құдайберген

пвы         

Айым Нұрсапа

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір