16 Ақпан, 2023 NEWS
Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың төрағалығымен өткен кеңеске қатысушылар көктемгі маусымға гидротехникалық құрылыстарды дайындау мәселелерін талқылады.
ТЖД және Қазселденқорғау қызметкерлері күн сайын қаланың барлық ауданындағы су айдынына, өзен арнасына мониторинг жүргізеді. ТЖД мәліметінше, Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Есентай, Қарғалы, Ақсай, Жарбұлақ, Тиксай өзеніндегі жағдай тұрақты. Судың іркілуі мен мұздар жоқ, су кедергісіз ағып жатыр, сең жүрмейді болжануда.
Күн жылынғанда еріген қар суының және нөсердің кедергісіз ағуы үшін 10 аудан әкімдігінің мердігер ұйымдары арықты тазалайды. 13 ақпандағы жағдай бойынша 765 км арық желісі қардан, мұздан және қоқыстан тазартылды, бұл жоспардың 57,5%. Бұл жұмысқа күн сайын 79 бірлік техника мен 283 адам жұмылдырылды. Арық желісін тазартуды ақпан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Қала халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылғы су тасқыны кезеңінде ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің, қаланың азаматтық қорғау қызметтерінің және әкімдіктің мердігерлік ұйымдарының күштері мен құралдарының жалпы саны 2 581 адам және әртүрлі мақсаттағы 1 078 бірлік әртүрлі техника жасақталды. Су тасқынына қарсы жұмыстарға 23 мың 500 қап және 17 мың 843 тонна инертті материал дайындалды.
Экология және қоршаған орта басқармасының ақпарат бойынша көктемгі кезіндегі су тасқынының алдын алу үшін қалада 6 өзеннің (Тиксай, Жарбұлақ, Есентай, Ойжайлау, Боралдай, Қарасу) аумағында 206 км жағалауды нығайту орындалды.
Жүргізілген түгендеуге сәйкес, жағалауды нығайту жұмыстарына тағы 127,7 км өзен арнасы қажет, оларда қатты жауын-шашын кезінде су тасқыны пайда болады. Қазіргі кезде ұзындығы 37,7 км төрт өзеннің (Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Бөкенбай және ҮАК) жағалауын нығайту және абаттандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын әзірленіп жатыр. Қалған 90 шақырымды Алматы қаласын дамыту бағдарламасы аясында 2030 жылға дейін абаттандыру жоспарға енген.
Қазіргі таңда Сайран су қоймасында механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Наурыз айында Әуежай көлі мен Қарасу шағын ауданындағы тоғанды тазалауды бастау көзделген.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша экология және қоршаған орта басқармасы су басуға бейімучаскелер бойынша мониторинг жүргізді. 102 учаске анықталды. Оның ішінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын шұғыл жүргізуді талап ететін су басуға барынша бейім 56 аумақ анықталды. Қазір бұл жұмыс 92%-ға орындалды, олар 31 наурызға дейін аяқталады деп жоспарланған.
2023-2024 жылдары 376 км арық желісін салу және жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыру аясында қалған 46 аумақты су басу мәселесі шешімін табады. Кеңес қорытындысы бойынша Ерболат Досаев жауапты бөлімшелерге су тасқынының алдын алу және оған қарсы күрес мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, мегаполис басшысы арық желілерін тазарту бойынша жұмысты бір аптада аяқтауды жүктеді.
Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір