• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 03:14:46
Алматы
+12°

Жан Таңатар әлеуметтік желіде ағылшын тілін қазақша үйрететін эксперт ретінде танымал. «Zhan academy» орталығының негізін қалаушы. Qamshy.kz ақпараттық агенттігі халықаралық деңгейдегі Celta коуч Жан Таңатардың сұхбатын оқырман назарына ұсынады.

Ағылшын тілінен сабақ беруіңізге не себеп болды?

Барлығы «Ауылдың баласы оқиды дейсің бе?» деген сөзден басталды... Осыдан 5 жыл бұрын тәлімгеріммен бірге инстаграмдағы нысаналы аудиторияны анықтау үшін кездестік. Менен «кімге ағылшынша үйреткің келеді?» деп сұрады. Өзім ауылда туып-өскен соң ауыл балаларына ағылшынша үйреткім келетінін айттым. Тәлімгерім болса «Ой, қойшы! Ауылдың балалары оқиды дейсің бе?!» деп қолын бір сілтеді. Біртүрлі болып, көңіліме алып қалдым.

Мен Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Тәтті ауылында туып-өстім. Қанша жерден ауылдың қызы болсам да кішкентайымнан «Америкаға барамын, ағылшынша сөйлеймін» деп армандадым. Сол себепті ауыл балаларының да армандарын құнсыздандыруға болмайды деген ойда болдым. Алайда тәлімгерім бірінші ақшаны ойлау керегін, ал ауыл балалары ағылшын тілін үйрететін курсты сатып ала алмайтынын айтып қоймады. Кейін нысаналы аудитория мұғалімдер болсын деген ортақ шешімге келдік.

mo

«Ауылдың қызы» деп шеттетілген кезіңіз болды ма?

Әке-шешемнің қаржысы жетпеген соң оқу кезінде Алматыдағы апамның қолында тұрдым. Апам «ауылдың балалары қаланың өмірін көтере алмай, бұзылып кетеді» деп ойлап, маған тиісіп, түртпектей беретін. Сол себептен бе екен өзімді қалада жайсыз сезінетінмін. Көшеге шықсам барлығы «мына қыз ауылдан келген» деп саусағымен мені көрсетіп тұрғандай күй кештім.  

Ауылдан келген соң орыс тілінен қиналдым. Ал ағылшын тілінде сөйлеу одан он есе қиын. Әкем «сені оқытуға қаражат жетпейді» деп ауылға шақырса да университетке оқуға түстім. 4 жыл оқуымды өзім төледім. Бірақ оқуды аяқтасам да ағылшын тілінде еркін сөйлей алмадым. Бұл – мәселе қазір де өзекті.

Ағылшын тілі мамандығын аяқтағандар еркін сөйлей алмайды. Бұл – Қазақстандағы жүйенің нәтижесі. Университетте студенттің деңгейін тексермей, бәрін бір жүйемен оқытады. Ең бастысы – диплом алып шығу. Біздің топтағы студенттің 90%-ы ағылшынша сөйлемей диплом алса, 10-ы ата-анасының көмегімен шетелге барып, қосымша курс оқып ағылшынша сөйледі. Біз сияқтылар даяшы, бармен секілді қарапайым жалдамалы жұмыстар істейді.

Жан Таңатар

Сіз ағылшын тілін қалай меңгеріп алдыңыз?

Біраз уақыт өткен соң бала кездегі арманым еске түсіп, мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрдым. Мектепте 10 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан мұғалімдердің де ағылшынша сөйлей алмайтынын көріп таңғалдым. Бірақ мен олардың жолымен жүргім келмеді. Осылайша, 1 жылдан соң мектептегі жұмыстан шықтым.

Бір жыл уақытым текке кетпеді. Себебі өзіме ағылшын тілі ұнайтынын, басқаларға тіл үйретуден рахаттанатынымды түсіндім. Тіл үйренуді жалғастырып, шетелдік мамандардан дәріс ала бастадым. 2016 жылдың өзінде ағылшын мамандары 25 мың теңгеге оқытатын. Сол жылдары жолдасымның қолдауын қатты сезіндім. 150 мың теңге несие алып, ағылшын тілін үйренуге кірістім. Уақыт өте келе онлайн түрде білім алуды жалғастырдым, түрлі методикалармен таныстым.

Тәжірибем жоғары және қолданатын методикам тиімді болған соң 2018 жылдары мені көптеген оқу орталықтары шақырып, дәулетті отбасының балаларына ағылшынша үйрете бастадым.

Бірде сондай оқушымның анасы «Сізге рақмет! Қызым Америкаға оқуға түсті. Шетелдіктер ұстазы кім екенін сұрап, мақтап жатыр» деп хабарласқан кезде қатты қуандым.

Жан Таңатар

Қазіргі балаларды қандай методика қызықтырады?

«Mini story» деген методикам бар. Хокк есімді америкалық ұстазымнан үйрендім. Қарапайым ғана оқиға желісі арқылы сабақ түсіндіру маған қатты ұнады. Ойлана келе «Неге аюдың құйрығы шолақ?» деген секілді қазақ ертегілерін аударып, жүйелеп шықтым. 20 оқиға жазып шықтық. Оқиға арқылы ережелерді түсіндірсек, адам тез есте сақтап қалады. Тіпті оқиғаны қайталап айтып беріп, ағылшынша сөйлей алатынына таңғалып жатқан шәкірттерім көп. Оқиға соңында түйін яғни мораль бар. Әр оқушы оқиғаға қатысты ойын ортаға салады.

Әлеуметтік желіде америкалық Celta бағдарламасымен білім алғаныңызды жазыпсыз. Осы бағдарлама туралы толығырақ айтып өтсеңіз.

Celta – ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерге арналған курс. Пандемия кезінде 850 мың теңгеге оқыдым. Қазіргі бағасы 1,5 миллиондай. Бірақ ақша төлеп қатыса салатын курс емес. Арнайы іріктеуден өттік. Алғашында Англияға барып оқығым келді. Алайда ол жақта онлайн болған соң Ыстамбұлға бардым. Celta-ға қатысу үшін 3 бөлімнен тұратын сынақтан өттім: тест тапсыру, эссе жазу және интервьюден өту.

Менімен бірге Саманта есімді америкалық оқыды. Ол туған тілін қанша жерден жақсы білсе де тесттен құлады. Біз, мысалы, қазақша жақсы сөйлесек те ережелерді басқаларға жөндеп түсіндіре алмаймыз ғой?! Сол кезде кез келген ағылшыннан сабақ ала беруге болмайтынын түсіндім.

Практика кезінде түрік балаларға ағылшын тілін үйреттік. Әр деңгей бойынша алдымызға оқушылар келді. Олар ағылшынша түсінбейді, ал біз түрікше білмейміз. Бірақ сабақты түсіндіріп, ақпаратты жеткізе алу – шарт. Осындай бірнеше бақылау болады. Үшеуінен құлаған адамға сертификат берілмейді. Біздің топтағы ирандық жігіт сабақтың соңы таяп қалғанда құлап, сертификатын ала алмады.

Жан Таңатар

Алғашында ауыл балаларына ағылшынша үйретуді армандайтыныңызды айтқан едіңіз. Сол арманыңыз орындалды ма?

Алматыдағы оқу орталығын ашқан кезде іштей бірнәрсе жетіспейтіндей болып көрінетін. 1 млн, 2 млн теңге ақша айналымын жасасақ та жайсыздықты сезіндім. Алматының бір бұрышында отырып, тек сол жақта тұратындарды оқытуды қаламадым.

Сол себепті 2020 жылы онлайн білім беруді қолға алдым. Ауылдың баласын оқыту үшін бірінші мұғалім тәрбиелеуім керегін түсіндім. Қазір шәкірттерімнің 80 %-ы – мұғалімдер. Ең қызығы, көбі ауылдық, аудандық мектептерде мұғалім болып жүргендер. Демек ауыл балаларына ағылшын тілін үйретемін деген ойым іске асты.

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір