25 Желтоқсан, 2022 NEWS
Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Бала қуанышы - өз қызығыңнан биік тұратын тұғырлы ұғым. Әр перзенттің пәк көңілін шаттыққа бөлеу білгір ұлтқа тән іс. Бүгінгі күні дәл осы ата-дәстүрден жаңылмай Алматы облысында «Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!» тақырыбында Президент шыршасы өтті.
Балалардың мейрамына айналған шара облыс орталығы Қонаев қаласында салтанат құрды.
Мерекелік шараға әр өңірден 9 жастан 13 жасқа дейінгі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар, аз қамтылған отбасының балалары, үздік оқитын, республикалық және халықаралық оқушылар олимпиадаларында, спорттық жарыстарда жетістікке жеткен, жалпы саны 200 астам бала қатысты.
Аймақтықтың түкпір-түкпірінен келген балаларды Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа жыл мерекесімен арнайы құттықтады.
«Бүгінгі жаңа жыл мерекелік шыршасына жиналған дарынды балақайлар! Сіздерді төрімізге келіп жеткен Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл – зор қуанышпен асыға күтетін, биік арман-мақсаттарды белгілейтін ғажайып мереке.
Президентіміз сіздердің болашақтарыңызға үлкен үміт артып, зор сеніммен қарайды.
Саналы тәрбие арқылы бойларыңызға сіңген сапалы білімдеріңіз тек қана игілікке, жақсылыққа жарасын!
2023 жыл еліміз үшін табысты, денсаулық пен молшылық, татулық пен ынтымақ, асыл мұраттарымызға жететін берекелі жыл болғай. Әр отбасында бақытты баланың күлкісі мен сыңғыры естілсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, жарқын болашаққа деген сенім нық болсын!»,-деді өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімі құттықтау сөзінен кейін, президенттік шыршаға қатысушылар үшін дәстүрлі сыйлық Қазақстан Республикасы Президентінің атынан әр балаға 100 мың теңге сомасында ақшалай сертификат, Х.Андерсеннің үш тілде жазылған ертегі кітабы, Президенттің құттықтау хаты мен заттай сыйлықтарды табыс етті.
Шара барысында балаларға арналған қойылымдар ұсынылды.
Жан-жақтан келген мереке қонақтары үшін ән мен биден шашу шашылып, ертегі мен мультфильм кейіпкері керемет көңіл күй сыйлады.
Бұл көрініс Президент шыршасына алғаш рет келгендерді ерекше әсерге бөледі. Соның бірі, Аяулым Ізтілеу.
«Мен биыл тұңғыш рет осындай шыршаға келіп тұрмын. Өзіме қатты ұнады. Жаңа жылдың келгені сезіліп жатыр. Президентімізге алғысымды білдіремін, біздерге осынау қуаныш сыйлағаны үшін», - дейді Аяулым Ізтілеу.
Жаңа жылдық мерекенің басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар бұл жолы да кештің көркін кіргізді.
Әр келген қонақтың әніне билеп, өлеңдеріне шынайы қуанып, ақ тілектерін де жеткізді. Бұл осы бір шараның шарықтау шегіне жеткізген боямасыз сәт дейді келуші оқушылар.
«Мұндағы алған әсерім ерекше. Бірінші рет келгендіктен қобалжыпта тұрмын. Әйтсе де, барлығы ұнап жатыр.Ерекше қуанып тұрмын»,- деді Мадина Төленді.
Түрлі түсті шамдар, үлкен шырша, ырғақты әуен, мың бұралғар би бұның барлығы бала көңілінің төрінен орын алған Президенттің ерек сыйы болғаны сөзсіз.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір