• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 22:27:56
+35°

Блогер Құралай Раисова киім сататын ZARA сауда желісінде қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұрағаны үшін дүкен қызметкерлері өзін қуып шықпақ болғанын хабарлады.

"Намысым жер, жігерім құм болды. Достық плаза сауда үйіндегі Зара дүкенінің балалар бөлімінде қазақша жауап сұрағанымыз үшін, өз жерімізде өз тілімізде сөйлегеніміз үшін жазықты болдық. Кәріс баланы қазақ екен деп, "қазақша айта бер" деп қалдық, әңгіме содан басталды. "Мне удобно на русском" дейді әлгі жігіт. "Енді бізге қазақша ыңғайлы, сіз түсініп тұрсыз ғой, айта салмайсыз ба, қанша болды?" десек, "МНЕ ТАК УДОБНО" дейді. Онда тіл білетін адамды шақыр дедік. Сол жердің администраторы мына қыз екен, ол кеп өзімізге тап берді. "Неге қазақша жауап бер деп сұрайсыздар. Ол басқа ұлт өкілі, біз международная компаниямыз. Сотрудниктеріміз қай тілде сөйлеуді өзі біледі", деп айтты. Сонда ол жерге ешқандай хақы жоқ, дауысы жоқ, қалауы жоқ қазақша сөйлейтін клиенттер келеді екен", деді Құралай Раисова Instagram желісінде. 

Артынша дауға дүкен әкімшілігінің қызметкері араласып, "басқа ұлт, қазақша білмейді" деп қызметкерін қорғаған.

"Өзіңнен үлкенірек бастық бар ма, айналайын, деп едік, енді охранниктер келді. Оларға да "ему удобно на русском" деп қарап тұр. Тіпті дүкенде қазақша сөйлей алмасақ, қайда барып сөйлейміз? Қашан сөйлеміз? Тек от басы, ошақ қасында ма? Бүйте берсек, қазақ тілі "кедейлер тілі", "домашний тәпішке" деген мазақтан қашан құтылады?!  Ең жаманы, біздің құқымызды қорғайтын, сөзімізді сөйлейтін ешкім жоғын түсініп, өзімізді жетім сезініп шықтық...", дейді блогер.

Құралай Раисова сондай-ақ дүкен қызметкерлерінің бірі "Выпроводите их" деп өздерін дүкеннен қуып шықпақ болғанын, оның сол әрекетіне наразылық ретінде дөрекі формада жауап бергенін айтады.

"Видео соңында "ЖАП АУЗЫҢДЫ" деп хормен айқайлағанымыз – қызға емес, сол кәріс жігітке, "Выпроводите их!" дегеніне солай жауап бердік. Өзі біздің тілді менсінбеуімен қоймай, қуып салмақшы. Шаңыраққа қарайын деп тұрған жоқ, өз үйімізден өзімізді қуып салғалы тұр ғой. Сондықтан, ол қай тілде сөйлесе, сол тілде жауап берілді. Менің тілімді құрметтемеген адамға сызылып мәдениет сақтар жайым жоқ екен. Осы видеоны бөлісіңіздерші, бәлкім үніміз жетер, бәлкім қазақ аудиториясынан кешірім сұрар..." деп жазды блогер.

Бұған дейін Chocofamily басшысы Рамиль Мухоряповтың ресейліктермен кездесу кезінде қазақша білмейтін өзге ұлт өкілдеріне орысша біле тұра қазақ тілінде жауап беру мәдениетсіздік екенін айтқан сөздері дау тудырған болатын. Кейін қазақстандықтардың көбі Chocofamily өнімдеріне байкот жариялап, оның үстінен Бас прокуратураға депутаттар, жекелеген азаматтар арызданған. Рамиль Мухоряпов болса, әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен кешірім сұрап, артық кеткенін мойындаған еді. 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Zara қазақ тілі

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір