26 Қазан, 2022 NEWS
Фотоколлаж
Тәуелсіз Қазақстан тарихының алғашқы 15 жылында билікте жүріп билікке қарсы тарапқа өткен саясаткерлер аз болмалы. Алайда олардың дені қуғынға ұшырады, қылмыстық істер бойынша түрлі айып тағылып, түрмеге қамалды, шетелге қашуға мәжбүр болып, сырттай сотталды. Билікке бәсекелес атанған соңғы ірі тұлғалар өмірі өліммен аяқталды. Содан бері билік ішінде жүріп билікке ашық қарсыласқан ірі саясаткерлер бой көрсетпеді. Содан бері жиырма жылға жуық уақыт өте шықты. Жылы кабинет, жұмсақ креслоны тәуекелі көп күрескерлікке алмастырған азаматтар енді біреудің жадынан шыға бастаса, кейінгі жастар оларды мүлде танымауы мүмкін. Аз-кем еске түсірелік.
Әкежан Қажыгелдин
Жоғары биліктен отставкаға кетіп, ашық оппозицияға шыққан алғашқы саясаткер. Қазақстанның екінші премьер-министрі. 1997 жылы отставкаға кетіп, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты авторитаризм орнатты, неопотизмді өршітіп, адам құқықтарының бұзылуына немқұрайлылық танытты деп айыптады. 1998 жылы президент сайлауына кандидатурасын ұсынатынын мәлім етті. Алайда үстінен іс қозғалып, сол жылы шетелге кетуге мәжбүр болды. 2001 жылы «лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және пара алды» деген айыппен сырттай 10 жылға соттады.
Балташ Тұрсымбаев
Биыл тамыз айында өмірден өткен саясаткер де тәуелсіздіктің алғашқы жылдары карьерасы өрлеп, жоғары лауазымдар атқарған. 1991-1995 жылдары премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі, Қостанай облысының әкімі, қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, сыртқы істер министрлігінің арнаулы тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі болды. Елші бола жүріп, билікті сынады. 1998 жылы елшіліктен, премьер-министрдің орынбасары қызметіне ауыстырылып, Назарбаев қайта сайланған президент сайлауынан кейін қызметінен босатылды. Содан бері ақырғы күндеріне дейін елдің қоғамдық саяси өміріне белсене араласты. Тіпті өмірден өтерден аз уақыт бұрын саяси партия құратынын мәлім еткен.
Серікболсын Әбділдин
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, оның төрағасы болған, 1999 жылғы президент сайлауында Назарбаевтың негізгі қарсыласы атанып, сол жылы депутат болып сайланған Серікболсын Әбділдин екінші мыңжылдықтың аяғы, жаңа мыңжылдықтың басында билікті, соның ішінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты ашық сынаған көрнекті тұлғалардың бірі. Ол экс-қарсыласының кемшілігін айтқанымен, саясатын сынағанымен «жеке бас араздығым жоқ» деп отыратын. Тіпті Назарбаевтың артықшылығын да тізуден тартынған емес. 2010 жылы өз еркімен Қазақстан коммунистік партиясының төрағалығынан кеткен. 2019 жылы 31 желтоқсанда өмірден өтті.
Мұхтар Әблязов
Әблязов тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кәсіпкерлікпен айналысып, 1997 жылы «KEGOC» ұлттық компаниясына басшы, 1998 жылы энергатика министрі болып тағайындалады. 1999 жылы Назарбаевтың басқару тәсілі жүйелі реформа жасауға мүмкіндік бермейді деп сол кездегі президентке сын айтып, ұзамай ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінеді. 2001 жылы бір топ шенеунікпен бірге Қазақстанның демократиялық таңдауы қоғамдық бірлестігін құратынын жариялады. Ұзамай қамауға алынып, 6 жылға бас бостандығынан айырылады. 2003 жылы саясатқа араласпаймын деген шартпен бостандыққа шығып, түрлі қаржы ұйымдарын басқарады. 2009 жылы Тұран Әлем банкі мен Темір Банктің қаржысын жымқырды деп айыпталып, шетелге қашып кетті. Қазақстан соты оны сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырды. Әблязовтың үстінен Қазақстаннан бөлек Ресей және Ұлыбритания іс қозғаған. Ал Франция оны саяси себеппен қуғынға ұшырады деп танып, 2020 жылы босқын мәртебесін берген. Әблязов әлі күнге дейін Францияда. Әлеуметтік желі арқылы Қазақстан азаматтарына жақтастарына жиі үндеу тастайды. 2017 жылы Қазақстанның Демократиялық таңдауы қозғалысын құрғанын мәлім еткен. Алайда бұл қозғалыстың 2002 жылғы қозғалысқа еш қатысы жоқ. Қозғалыс Қазақстанда экстремисттік деп танылып, белсенділері ұдайы құзырғы орган бақылауында жүреді. Митингке шықса, бірден қамалады. Ал Еуропарламент Әблязовтың ҚДТ қозғалысын "бейбіт саяси қозғалыс" деп атаған.
Ғалымжан Жақиянов
Мұхтар Әблязовпен бірге 2002 жылғы ҚДТ бірлестігін құрушылардың бірі. Бірлестік құрылатынын айтқаннан кейін Павлодар облысы әкімі қызметінен алынып, артынша қамалған. Түрмеде әлдекімдер қастандық ұйымдастырмақ болған. 2005 жылы шартты жазамен босап, шетелге кетеді. Моңғолияда, АҚШ-та ұзақ жыл тұрып жуырда елге оралған.
Жармахан Тұяқбай
Кеңес өкіметі кезінде, артынша тәуелсіз Қазақстан тұсында құқық қорғау саласында көп-көрім лауазым атқарған Жармахан Тұяқбай Тергеу комитетінің төрағасы, Бас прокурор орынбасары, мәжіліс депутаты/төрағасы бола жүріп 2004 жылы оппозицияға кететінін мәлім етті. 2005 жылы «Әділетті Қазақстан үшін» Демократиялық күштер блогы атынан оппозицияның ортақ кандидаты ретінде президенттікке кандидат атанады. 2006 жылдан 2019 жылға дейін жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясына төрағалып етеді. Алайда өзін оппозициялық санайтын саяси ұйым Тұяқбай тұсында елдегі сайлауларға бойкот жариялаумен шектеліп, саяси науқандардан тыс қалып келді. Тұяқбай туралы ел арасында «ЖСДП-ны билікке өткізіп берді» деген әңгіме бар.
Заманбек Нұрқаділов
Аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, қоғамда салмағы бар саясаткер еді. Алматы әкімі, мәжіліс депутаты, Алматы облысының әкімі, Төтенше жағдайлар агенттігің төрағасы қызметтерін атқарған. 2004 жылы наурызда Нұрсұлтан Назарбаевты сынағаннан кейін агенттік жетекшілігінен алынған. Артынша оппозицияға өтіп, коррупцияға қарсы қоғамдық комитет құратынын жариялады. «Әділетті Қазақстан үшін» оппозициялық қозғалысының құрылтай комитетіне енді. Назарбаевты ашық түрде жемқор деп атап, «билікті заңсыз иемденіп отыр» деп айыптайды. Сол кезде елде кезекті мерзімінен бұрынғы президент сайлауы науқаны жүріп жатқан. Сайлауға бір айдай уақыт қалғанда, 2005 жылғы 12 қарашада саясаткер өз үйінен өлі табылды. Оның денесінде үш оқтың ізі анықталды. Тергеу Нұрқаділов екі рет кеуде тұсынан, бір рет басынан атып өзіне қол жұмсады деген қорытынды жасады.
Алтынбек Сәрсенбайұлы
Заманбек Нұрқаділовтің қазасынан үш айға жуық уақыт өткенде билікте жоғары қызметте жүріп оппозицияға кеткен тағы бір саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы қастандықпен өлтірілді. Ол баспа және бұқаралық ақпарат, ақпарат және қоғамдық келісім, мәдениет министрі, Ресейдегі төтенше және өкілеттіелші қызметтерін атқарған. 2003 жылы «Ақ жол» партиясының тең төрағаларының бірі атанып, 2004 жылы қайтадан ақпарат министрі болып тағайындалады. Алайда сол жылы парламент сайлауындағы заңсыздықтар туралы айтып, отвтавкаға кетеді. «Ақ жол» партиясы екіге бөлінгеннен кейін тіркелмеген «Нағыз Ақжол» партиясын құрушылардың қатарында болады. 2006 жылғы 11 ақпан күні серіктерімен бірге Талғар ауданындағы Көктөбе ауылының маңындағы сайдан өлі табылды. Әуелде қастандыққа тапсырыс беруші ретінде сенат аппаратының басшысы Ержан Өтембаев, кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің экс-төрағасы Әлнұр Мұсаевқа кінәлі деп танылды.
Аралары жақын қос саясаткердің қазасынан кейін билік арасынан ірі оппозиция тұрғалары да, жүйеге балама боларлық қуатты саяси құрылым да шықпады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір