Фото: eldala.kz
Астананың Байқоңыр аудандық соты Нұржан Әлтаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынған "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігінің қаулысын заңсыз деп тапты.
"Бірлестік мүшелерінің жалпы жиынында көпшілік кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде Әлтаевты ұсынуға қарсы дауыс берген" делінген сот баспасөз қызметі хабарламасында.
Хабарламада, Әлтаевты 6 адам қолдап, 11 адам қарсы дауыс бергені, дауыс берген кей адамдар бірлестік мүшесі болмағандықтан дауыс беруге де құқығы болмағаны айтылады. Ал Әлтаев кандидатурасын ұсыну мәселесі қозғалған "Мұқалмас"-тың жиынында өзін 28 адам қолдағанын, 13 адам қарсы шыққанын жеткізген.
Нұржан Әлтаев орталық сайлау комиссиясына құжаттарын 7 қазанда өткізген. Артынша оны ұсынған "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігінің кей мүшелері қаулыға қарсылық ретінде сотқа арыз түсіріп, ОСК Әлтаев құжаттарының заң нормаларына сәйкестігін тексеруді тоқтатқан.
Саясаткер алдынан шыққан кедергілер биліктің ұйымдастыруымен әдейі жасалған деп санайды.
Ол 2020 жылы мәжіліс депутаты ретіндегі өкілеттігін тоқтатып, "Ел тірегі" деген атпен партия құратынын мәлім еткен. Содан бері өзін оппозиция қатарына жатқызады. Бірнеше рет рұхсат етілген митинг өткізіп, партия жақтастары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, абақтыға қамалғаны бар. Алайда "Ел тірегі" белсенділерінің билікке сыны, тіркелмеген өзге партия белсенділерімен салыстырғанда жұмсақтау. Партияны тіркеу бойынша бірнеше әрекеті сәтсіз аяқталған. Әділет министрлігі "Ел тірегінің" құжаттарында шикіліп бар десе, белсенділер мұны биліктің жаңа саяси күшті саясат сахнасына шығармауға тырысуы деп бағалайды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір