• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 20:53:34
Алматы
+35°

Бүгін – Халықаралық аудармашы күні. Осыған орай кәсіби аудармашы, белгілі фантаст жазушы Жоан Роулиңнің "Хәрри Поттер" атты жинағын қазақша сөйлетушілердің бірі Саят Мұхамедияр Қамшы порталына сұхбат берді.

– "Хәрри Поттердің" қазақша аудармасын оқығандарға сіздің есіміңіз таныс. Алайда сіз жайлы жинақ аудармашыларының бірі дегеннен өзге ақпарат аз. Сондықтан өзіңізді аз-кем таныстырып өтіңізші... Аударма саласына қалай келдіңіз?

– Өзім бұрынғы ШҚО ендігі Абай облысының тумасымын. 2010-2014 жылдары Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде Аудармашы-референт мамандығы бойынша оқып, 2016 жылы Болашақ бағдарламасы бойынша АҚШ-қа магистратураға түстім. 2018 жылы Монтерейдегі Миддлбери халықаралық зерттеулер институтын Жазбаша және ауызша аударма магистрі дәрежесімен тәмәмдадым. Содан бері еліме қайтып, білген-түйгенімді, үйренгенімді Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ Аударма және филология факультетінде басында оқытушы, қазір аға оқытушы ретінде қызмет етіп келемін. Аудармаға келуге мектептегі ағылшын тілі мұғалімім ықпал етті десем қателеспеймін. Марқұм Гүлшара Тәкенқызы ағылшын тіліне деген қызығушылығымды оятты. Алғашында тіл үйрену үшін ғана таңдаған мамандық кейін уақыт өте жаңа қырларынан ашылып, сүйікті кәсібіме айналды. Оған университетімдегі мұғалімдерге алғыс айтамын.

– Қазақстандағы аудармашылар қалай маманданған? Аудармашы ауызша мен жазбашаға қатар жетік болуы керек пе, әлде екеуінің бірін негізгі сала ретінде алып жүруге бола ма?

– Қазақстанда аудармашыларды дайындайтын ЖОО жетерлік. Өзім оқыған Абылай хан университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Сүлеймен Демирел және тағы басқа мықты аудармашыларды дайындайтын білім ордасы ретінде қалыптасқан университеттеріміз бар. Аудармашы дегенде көбі оны ауызша да жазбаша да аудара беретін адам ретінде қарайды. Дегенмен екеуі екі бөлек қабілет пен дайындықты талап етеді. Кейде ол бір адамның бойында табылып жатса, кейде аудармашы тек ауызша, не жазбаша аудармаға ғана бейім болып жатады. Ауызша аудармамен айналысатын адамдарға жазбаша аудармашылардың күні-түні көз майын тауысып, компьютер алдында отыруы қызықсыз көрінуі мүмкін. Жазбаша аудармашыға ауызша аудармадағыдай көпшілік алдында сөйлеу, қиын сөздерді лезде табу, сөздік қарай алмайтыны ұнамауы мүмкін. Аударманың қай түрі ұнайды, қайсысын кәсіп еткісі келеді адам өзі шешкен жөн.

– Сіздің шәкірттеріңіз қайда жұмыс істейді?

– Мен универститетте жұмыс істегелі 4 жыл болды. Біздің кафедра аудармашы-референттерді даярлайды. Қазір олар Қазақстанның түпкір-түпкірінде әртүрлі салада жұмыс істеп жүр. Көбі аудармашы, мұғалім, немесе ағылшын тілін көп пайдаланылатын менеджер, туризм, банк, не экономика саласында қызмет етеді.

– Аудармашылардың жұмысы туралы тақырыпты жалғастыра түсейікші. Бүгінде шетелде оқыған, бірнеше тілді жетік меңгерген мамандарды кез келген саладан табуға болады. Оларда аудармашыға деген мұқтаждық аз, тіпті жоқ болуы мүмкін. Оның үстіне мәтін аударатын сайттар мен қосымшалар да дамып кеткен. Аудармашылар күнделікті немен айналысады? Нарық заңы аудармашыдан гөрі, шет тілін білетін нақты сала маманына деген сұранысты көбірек тудырып отырған жоқ па?

– Дұрыс айтасыз. Дегенмен ағылшын білетін кісіге қарап тұрсаң аудармашы қажет жоқ секілді көрінеді. Ол кісі бәрімен өзі сөйлесе береді. Мәтіндерді де Google Translate-пен аудара салуға болады. Алайда ондай бағдарамалар соңғы 10-15 жылда сапасы әлдеқайда жақсарғанына қарамастан әлі де адам жасаған аудармаға сапа жағынан жете алмайды. Әлбетте жылдамдық жағынан ұтады. Бірақ көп жерде сапаға мән беретінін ескеру керек. Сондықтан да аудармашылар әлі де қажет. Плюс соңғы кезде осындай бағдарламалармен жұмыс істейтін мамандарға да сұраныс бар. Яғни пост-едитор дейді, автоматты аудармадан өткен мәтінді жөндеп беретін аудармашы. Ол батыс елдерінде кең тарап бара жатыр.

Нарық заңы сондайға итерсе де, маман толассыз құжаттарды аударып отыра ма, әлде өз міндетін атқара ма? Әрбір мамандық бостан бос пайда болмайды. Сондықтан тіл бар жерде аудармашы да бола бермек. Тек уақыттың ағымына, технологияның өзгерісіне қарай олар да өзгереді деп ойлаймын.

Америкада оқыған кезде бір ұстазым "Компьютер ешқашан адам аудармашының орнын баса алмайды. Бірақ компьютері бар аудармашы адам аудармашының орнын баса алады" деп еді. Сондықтан 21 ғасыр бізге не әкелерін күтеміз.

– Тіл үйренуге бейім, аудармаға қызығатын жастарға мамандық туралы қандай кеңес айтасыз?

– Аудармашы кәсібі ол үнемі оқуды, жаңа нәрселерді, сөздерді, ұғымдарды үйренуді талап етеді. Біліміңіз жан-жақты, технологиялық өзгерістер жайлы хабардар болуды талап етеді. Сондықтан кітап оқыңыздар, жаңалық оқыңыздар, жаңа нәрседен қорықпаңыздар!

– Өзіңіз шығармашылық топ қатарында болған "Хәрри Поттерге" қарай ойыссақ. Жинақтың барлық жеті кітабы аударылатыны айтылған еді. Қазір жұмыс қай деңгейде жүріп жатыр?

– Қазіргі таңда жеті кітаптың бесеуі шықты, алтыншысы енді басылып жатыр, келесі аптадан бастап сатылымға шығарылады. Ал жетінші кітапты аударып бітірейін деп қалдық. Оны енді редактор мен корректор қарайды. Сосын кітапты басуға дайындау деген секілді жұмысы әлі көп. Ол нақты қашан шығатынын айта алмаймын.

– Бұған дейін аударылған кітаптар туралы пікірлерге, оның ел арасындағы сұранысына көз жүгіртіп тұратын шығарсыз. Оқырман ықыласы, кітаптардың сатылымы қалай? Қайта басылып шыққаны бар ма?

– Әрине, бізге оқырман пікірі өте маңызды. Әлеуметтік желіде жазған пікірлер мен хаттарды оқимыз. Жалпы басында адамдар екіұшты қабылдаған еді. Кейін бірақ көпшіліктің ықыласына бөленді деуге болады. Оған шығарылған кітаптар тауысылып, бірнеше рет қайта басылғаны дәлел. Әлбетте бірінші кітапқа деген сұраныс көп. Себебі адамдар ең бірінші оқитын кітабы да сол. Сосын барып ұнағандары 2-ші кітапқа, 3-ші кітапқа сатылап өте береді. Осылайша әр оқырман өзінің оқу жылдамдығына қарай кітаптарды алып жатыр.

– "Хәрри Поттерді" аудару барысында ағылшын сөздерінің қазақ тіліндегі дәл, нақты баламасын табуға аса мән берілгенін оқығанмын. Бұл – қаншалықты жүзеге асты. Қиындықтар кездесті ме?

– Иә, ағылшын тіліндегі сөздерді қазақ тіліне дәл, нақты беруге тырыстық. Кейде олардың баламасын іздедік. Мысалы 4-ші Отсауыт кітабында Yule ball деген ұғым кездеседі. Ол қысқы күн тоқырауы кезінде тойланатын ежелгі мереке. Тура сол мерекені Еуропадан мыңдаған шақырым жерде өмір сүрген ата-бабаларымыз ислам келмей тұрып тойлаған. Оны кей жерде Нартуған, Қара түн (Карачун) деп атайды. Кейін христиан діні Еуропада таралған кезде ол мереке Святки/Рождествомен ұласып кеткен еді. Бізде ұмыт қалды. Қазір сөздіктерге қарасаң Святки деп береді. Біз солай тарихқа көз жүгіртіп, байырғы атауын балама ретінде қолдануды жөн көрдік.

Немесе кейіпкерлердің сөйлеу мәнерін алайық. Үшінші кітапта Азкабан тұтқыны, сиқыршыларды таситын Кезбе сері деген автобус бар. Соның кондукторы Стен және шопыры Ерн екеуі кокни деген акцентте сөйлейді. Аудармада олар кокниде сөйлегенін қалай көрсете аламыз? Кокниде сөйледі деп айтып кетсек болады, бірақ ол жеткіліксіз. Автор шығарған кейіпкер образы ашылмай қалады. Біз доместикация деген әдіске жүгіндік. Яғни шетелдік ерекшеліктің орнын жергілікті ерекшелікпен бастық. Сөйтіп кокнидің орнына батыс қазақстандықтардың сөйлеу мәнерін қойып едік, қазақ тілде сөйлеген кейіпкерлер бірден көп оқырманның ықыласына ие болды. Осындай мысалдар негізі айта берсе көп.

– "Хәрри Поттер" қазақшаға аударылғанға дейін 80 тілге тәржімаланғаны әлемдік бестселлерлерді қазақша сөйлетуде Қазақстан қаншалықты кенжелеп келгенін көрсетсе керек. Соңғы жылдары үкімет те, жеке баспагерлер де аудармаға көптеп ден қойып келеді. Осы бағыттағы жұмысты жандандыра түсу үшін тағы не керек?

– Иә, Хәрри Поттер қазақ оқырманына кеш жол тартты. Алайда, ештен кеш жақсы деген сөз осы жағдайға да қатысты деп ойлаймын. 2000 жылдары бүкіл әлемді жаулап алған кітап тек жиырма жыл өте қазақ тілінде сөйледі. Оған дейін біз орыс тіліндегі нұсқамен, не ағылшынша білетіндер түпнұсқадан оқып танысты. Сондықтан да болар, көбі орыс тіліндегі Гарри деген сияқты аттарға үйреніп кеткелі соншалық, қазақша Хәрри деп шығарғанда жатсынып, ерсі қабылдағандар болды. Кейін бұл – ағылшынша айтылуына қарап жасалғанын түсіндіріп, орыстан басқа елдердің барлығында дерлік Харри, Harri, Harry деген нұсқалар қолданылады деп көрсеткенде ғана жұртшылық Хәрриді қабылдады.

Үкімет 100 кітап жобасын іске қосып, Ұлттық аударма бюросын құрып, заманауи оқулықтарды аудару ісі енді қолға алына бастап еді, жоба жабылып қалды. Бұл хабар маған ауыр тиді. 100 кітап 1000 кітап бола ма деген үмітім бар еді. Алайда ол жобаны қаржыландыру тоқтап, Ұлттық аударма бюросы жабылған екен. Үкіметтің аударма саласына қатысты бұдан басқа  жобаларын естімеппін. Алайда жығылайын деген байрақты жеке кәсіпкерлер құлатпай, көтеріп кетті. Райса Сайран Қадыр соңғы 4 жылда “Steppe & World” баспасын ашып кітаптарды аударып келеді, одан бөлек Мазмұндама баспасы Оруэлдің "Мал қорасы" мен "1984", Әбдірасыл Әбделдинов жеке кәсіпкер ретінде ашқан Abelmann&Sons баспасы әйгілі "Тақтар таласын" аударды, Фолиант баспасы Толкиннің "Сақиналар әміршісі", Стивен Кингтің "Сол" деген кітабымен қоса басқа да талай кітапты аударды. Мен кішкентайымда қазақ тілінде кітап таба алмай, ана тілімде әлем жауһарларын оқысам ғой деп армандаушы едім. Сол арманым енді орындала бастағанына қуаныштымын .

– Жеке тәжірибеңізден түйгеніңіз көп шығар. Тіл үйренудегі тиімді тәсілдер, маңызды дағдылар мен қажетті ережелер туралы айтып беріңізші...

– Негізі тіл үйрену үшін керек ең басты нәрсе – ынта. Ынтасы бар адам кез келген жерден оқып, белгілі дәрежеге жетеді. Осы ынтаға дұрыс бағыт беретін жақсы ұстаз табылса, керемет болады. Қазір өздігінен оқу үшін де мүмкіндіктер көп. Интернетте кітаптар, сайттар бар. Өзім мектептен тыс уақытымда кітаптардың аудио дискі түріндегі нұсқасын оқитынмын, ағылшынша кино көріп есту қабілетін дамытатынмын. Қазір де студенттеріме Youtube-тан субтитры бар аудиокітапты естіп отырып, оны ауызша қайталап отырсаңыздар бірден Listening, Reading, Pronounciation жақсарта аласыздар деп айтамын, сіздерге де соны ұсынамын. Тек ерінбесеңіз болғаны.

Шуақ Қайратқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір