• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 17:26:44
Алматы
+12°
Ресейде жарияланған ішінара мобилизациядан кейін Қазақстанға келгісі келетін ресейліктер саны артты. Ұшақ билеттерінің бағасы сұраныстың көптігінен шарықтап тұр. Арнайы құрылған телеграм чаттар Қазақстаннан пәтерді қаншаға жалдауға болады, орыс тілімен жүріп-тұру жағы, орыстарға деген көзқарас қалай деген мазмұндағы хаттарға толы. Оларға ақылы қызмет көрсететіндер де табыла кетіп, Қазақстанға еш алаңсыз келуге үгіттеп жатыр. Ал жергілікті жұртшылық солтүстіктен келетін адам нөпірімен көптеген мәселе де ілісе келетінінен айтып, әлеуметтік желіде алаңдаушылығын білдіріп жатыр.
 
Мәселен, журналист Халима Тәжіқұл Қазақстанға келгісі келетін ресейліктер сәт сайын артып жатқанын айтады. 
 
"Телеграм каналдағы "Казахстан - чат форум" деген топты көрсеңіз, бізге қарай ресейліктердің "ұлы көші" басталған ба дерсіз. Буынып-түйініп отырған орыстар Қазақстанға қалай жетеміз, қаншаға жетеміз, тіл мәселесі қалай деген сұрақ қойып жатыр. Ал әлгі топтың админі деп көрсетілген Азамат Деловой мен Айша дегендер бізде бәрі жақсы, шекара ашық, жалдайтын пәтер тауып береміз деп жайылып төсек, иіліп жастық болып әлек. Арасында шекара жабық, босқа әуре болмаңдар дегендерді әлгі екі админ блоктап жатыр. Олардың "бизнесіне" кедергі келе ме екен осыдан? Бизнесі бар болсын, бізге дәл бүгінгідей алмағайып кезеңде қауіпсіздік мәселесі маңызды емес пе?Ертең есіктен кіріп, төр менікі деп басынбасына кім кепіл? Ақорда ма, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ме? Тегтеп кетуді өтінем. Онсыз да "Олар көбейіп барады..." деген сөз көп.
Пы.Сы. Админі топты жабық етіп қоям деген соң біразын скриндеп алуға тырыстым. Бәрін скриндеу мүмкін емес, секунд сайын жазып жатыр өйткені.
Біздікі байбалам салу емес, көргенімізді айту, сақтандыру" дейді журналист.
  
 
Саясаттанушы Арман Әмір ресейліктердің тасқыны әлеуметтік мәселелерді ушықтырып, тәртіпсіздік жиілеуі мүмкін деген пікірде.
 
"Кешеден бері мобилизациядан қашқан ресейліктер Қазақстанға ағылуда. Көбісі Алматы мен Елордаға барып тұрақтағысы келітіндігі айдан анық. Шовинизм дертінен айықпаған ресейліктер қазақтардың басқа қаласына "цивилизация" жетпеген деп ойлайдымыс. Ендігі жағдай не болмақ?! Мысалы Алматыда қазірдің өзінде пәтер жалдап тұру қиынның қиыны, пәтер аз, баға удай. Оқуға түскен жүздеген шәкірт жатақханаға сыймай, пәтер жалдай алмай қала сыртындағы алақандай времянкаларды пана қылып жүр. Ресейліктер келген соң пәтер бағасы өсетіндігі белгілі. Пайданың иісің сезген пәтер иелері студенттерді шығарып, орнына ресейліктерді кіргізе бастайды. Ондай мысалдар жайлы естіп жатырмыз. "Ничего личного, только бизнес".
Сол студенттер не істейді? Әлеуметтік наразылық өседі. "Келімсектер жайлы жерге жайғасып жатқанда, өз еліңде өгейдің күнің кешкендей" сезімде болмай ма ол жастар. Үкімет бұл мәселені шешу үшін аса бір шара қолдана алмайды. Өйткені мүмкіндігі де жоқ, құлшынысы да аз. Қаңғып жүрген олардың ұл-қыздары емес қой. Олардың балалары Кипр мен Лондонда.
Сонда не болмақ? Қарапайым ғана логика. Әлеуметтік әділдікті үкімет орната алмаса халықтың өзі орната бастайды. Алдыңғы екі айда қылмыс ұлғайып, "гоп-стоп" фактілері қайта оралады. Релокация жасаған агрессор елдің "балалары" таяқ жегені туралы жаңалықтар мен хабарламалар тарай бастайса еш таңқалмаймын.
 
Теолог, исламтанушы Қайрат Жолдыбай тіпті жергілікті халық пен ресейліктер арасында қақтығыстар туу ғажап емес деп отыр. 
 
"Жаппай елімізге ағылып жатқан ресейліктердің қаупі көп. Үйлердің, жалға берілетін пәтерлердің бағасы шарықтайды. Азық-түлік, көлік бағалары қымбаттай түседі. Жұмыс күші арзандап, көптеген азаматтарымыз далада қалуы мүмкін. Сондай-ақ, ұрлық, қылмыс көбейеді. Орыс тілінің қолдану аясы мен ықпалы одан әрі күшейе береді. Жергілікті халық пен ресейліктер арасында жанжал, қақтығыстар орын алып, аяғы ұлтараздық мәселеге айналуы ықтимал".
 
Тәртіпсіздік, жанжалдар міндетті түрде болады деген белсенді Айсұлтан Жақып шекараны жабатын кез келді деп санайды. 
 
"Мілә, айтпады демеңдер. Ертең Z пен V әріпі тұрмақ, көлігінде РФ туы тұрған мәшнелерді қирату, тонау басталады. Ұрып-соғу міндетті түрде. Сотталатын да, сорлайтын да біздің ұлт соңында...
Президент мырза! Ресей-Қазақстан шекарасын жабатын кез келді. Шпинголет пен күршекті қоса ілген дұрыс. Егер, алдағы сайлауда қайта сайланудан үмітті болсаңыз нақты қадам мен жылдам шешімнің уақыты қазір. Нөсерден соңғы селдей ағылуда ресей азаматтары. Ал, селдің салдары жаман болатынын бәріміз білеміз. Мұнан соң елде тәртіпсіздік көбейеді. Ішкі қақтығыстарға алып келсе маңқамызды сүртіп беретін ешкім жоқ. Қазақтың досы қазақ қана."
 
Журналист Нәзия Жоямерген Ресей-Қазақстан шекарасындағы кезек делінген видеоны жариялап, биліктен дереу шекараны жабуды талап етеді. 
 
"Мынау шекарадағы кезек. Путиннің Украинаға ашқан соғысынан қашып, Қазақстанға тығылған ресейліктер. Туған елінен безгенше Путинге неге қарсы шықпайды? Қазақстанға құдайға қажеті жоқ осылардың. Жүрген жерлерін бықсытып, сасытып жүреді. Шекараны жабу керек! Ресейдің азаматтары ғой, өз қотырын өздері қасысын! Украинада қаншама жазықсыз жан өлді. Бала-шаға, қыз-келіншек, қариялар қырылды. Сол кезде мыналар қайда болды??? Путинге неге тоқта демеді?! Зардабын тартсын енді! Қазақстанға кіргізбеу керек! Шекараны жапсын. Ресейліктерге жалған құжат жасап, ИИН алып беріп жатқандар қатаң жазалансын! Ақша үшін арын, анасын, Отанын сатып жіберетін оңбағандар көп. Елге қауіпті олар" дейді журналист.
 
 
Қалыптасқан жағдайға байланысты сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев үкімет ресейліктердің Қазақстанға келуіне шектеу қоя алмайтынын, бірақ Қазақстанға келген шетел азаматы өз елінен рұқсаты болмаса, Қазақстанда тұруына рұхсат берілмейтінін мәлім етті.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір