02 Қыркүйек, 2022 Экономика
Көрнекі сурет
Президенттің елге заңсыз әкелінген көліктерді бірыңғай төмендетілген алым төлету арқылы заңдастыру туралы бастамасы азаматтар арасында түрлі реакция тудырып жатыр. 1 қыркүйекке дейін шетелден заңсыз түрде көлік кіргізгендер арзанға алынған автокөліктері заңды түрде рәсімделетініне риза. Заң бұзуға тартыншақтап, шетелден көлік алсам ба, алмасам ба деп екі ойлы болғандар санын соғып жатыр. Ал заңды бұлжытпай отырдайтын азаматтар ұсынысқа наразы. Айтуларынша, заңсыз әрекетті заңдастыру, заңға деген құрметсіздікті тудырады.
Ақан Жаханұлы есімді facebook қолданушысы заң барлығына бірдей орындалуы керек, орындалмай ма, онда ондай заң шығарып қажеті жоқ деген пікірде.
"Таза қазақи әрекет – орындалмайтын заң шығарып қояды, көлікті заңсыз кіргізіп-кіргізіп алып, артынан заңдастыра салады! Заңсыз жерге үй соғып-соғып алады да, артынан сол үйлерді заңдастыра салады! Әй, сонда заңға бағынатындар ескі көлігімен қалады екен де, заңды белінен басатындар көліктерін жаңартып ала ма екен?! Заңға пысқырмайтындар қалаған жеріне үйін соғып алады екен де, заңға бағынатындар үйсіз отыра ма екен?! Бұл әрекеттерің арқылы қалған азғантай заңға бағынатындарды да бағынбайтындар қатарына өздерің сүйреп кіргізіп жатырсыңдар емес пе? Заң шығардыңдар ма ол заң барлығына бірдей орындалсын! Орындалмай ма екен ондай заң шығарып қажеті жоқ! Көпшілік бағынбай жатса онда ол заң шала болғаны. Соны шығарған, қабылдаған адамдарды қуу керек, жазалау керек! Күшін жою керек!" деп жазды Ақан Жаханұлы.
Журналист, ақын Айнұр Төлеу орайы келіп тұрғанда заңды бұзбау үшін принципті түрде шетелден көлік алдыртпай қойғанын айтып, заңсыз әрекет заңды болып шыға келетініне ашынады. Ол талап ережелерді бұлжытпай орындаушы азамат ретіндегі құқығы тапталды деп есептейтінін қоса кетті.
"Осы да әділет пе? Жазда інім :"Көке, сізге кішкене биігірек, жолға шықсаңыз бала-шағаңыз артында ұйықтап жата беретін машина алайық. Мына көлігіңізді сатыңыз, қырғыздан жап- жаңасын айдап әкеп берем", деді. Мен ініме мораль оқыдым. "Оны қалай тіркейміз. Заңды бұзбай, осы кішкене көлігіммен жүре берейін құрсын",- деп шыққам ғой. Енді президент 1 қыркүйекке дейін кірген шетелдік көлікті тіркейміз деп отыр. Ініме заң, тәртіп туралы ақыл айтқаныма өкінгенім-ай. Негізі белгілі бір тәртіп, ереже, заң жасап алып, оны орындамағандарды кешіре беру де дұрыс емес қой. Онда біржола шетелден көлік әкелуге арналған талаптарды алып таста. Мысалы, мен талап ережелерді бұлжытпай орындаушы азамат ретіндегі құқығым тапталды деп есептеймін" дейді журналист.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір