08 Маусым, 2022 NEWS
Көрнекі сурет/Фото:Азаттық радиосы
Қазақстанда оқушы қыздарға орамал тағуға рұхсат беру мәселесі қайтадан талқы тақырыбына айналды. Әңгіме Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың елдегі басылымдардың біріне берген сұхбатындағы бірауыз сөзінен басталды.
Ол жерде журналист министрден "мектепте орамал тағуға рұхсат беру мәселесі қайта қарала ма?" деп сұрайды.
Министр Қазақстан зайырлы мемлекет екенін, мектеп формасына байланысты арнайы бұйрық барын айтып, алайда кез келген топтың білім алуын маңызды деп санайтынын атап өтті.
– Орамал таға алмайтынына байланысты ата-аналары мектепке жібермейтін қыздар қашықтан оқуға мәжбүр. Ал мұның теріс әсері болады. Біз инклюзивті қоғам құруға тиіспіз. Сондықтан бұл – назар аударуға тұрарлық мәселе, – деді министр.
Мәселе қоғамды қақ жарды. Мектепте орамал тағуға рұхсат беруге қарсы шығып жатқандар Қазақстан зайырлы қоғам болғандықтан, мектеп формасы бірыңғай болуы керектігін, бүгін ислам дінін ұстанушылардың қыздарына орамал тағуға рұхсат берілсе, ертең өзге дін мен ағым өкілдері өз талабын қойып шығуы мүмкін екенін айтады. Орамалға рұхсат берілуін қолдайтындар ел ата заңы бойынша ешкімді тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне кемсітуге болмайтынын басшылыққа алып, мектепте орамал тағуға рұхсат бермеу адам құқығын шектеу деп есептейді.
Мәселеге байланысты халық facebook желісінде ойын қалай білдіріп жатқанына шолу жасап, бірқатарын ұсынуды жөн көрдік. Мәселеге көзқарас біржақты болып қалмауы үшін төменде әртүрлі пікірдегі адамдардың ойы берілген.
Асылтай Тасболат: Орамал десе, дін адамның жүрегінде деп қуып кетуді түсінбей өтетін шығармын. Либерал, демократ адам ешқашан адамның діни сенім бостандығына қол сұқпауы тиіс. Дін жүректен бөлек, нақты атрибуттармен көрініс табады. Орамал тағу діннің әлеуметтік бейнесі, соны талқылап жатырмыз. Ал жүрек эзотерикалық қабат, абстракция. Орамал тағуға қатысты тақырыпқа әкеп тығуға дым келмейді соны. Зайырлы мемлекет деген - атеистік идеология үстемдік құратын саяси құрылым емес. Дін ұстанушыларға деген жеккөрініш шкаласы тым жоғары екен қоғамда. Аймағамбетов дұрыс дүниені талқыға салып отыр. Орамал таққан мен сақал қойғанның барлығы экстремист яки террорист емес қой. Батыс елдері соңғы кезде хиджабты адам құқығына, ал пәранжаны қауіпсіздік мәселесіне жатқызуға келіскендей шешімдер іздеп жатыр. Әлгі айтқаны дөп келе бермейтін футуролог Фукуяманың мақаласын оқып едім былтыр, сондай орта жол іздеп жатыр екен Еуропарламент. Мигранттар көп қой енді. Ал Британия тіпті арнайы кабинкаларда, әйел секюритиді кіргізіп қарайды екен паспорты мен жүзін. Орамал таққан оқушылардан потенциал террорист көру қауіпті тенденция. Инклюзив қоғам олай болмайды.
Michael Sherimbek: Орамал мәселесі бүгін ғана болып отырған жоқ қой. Егер қазір шешілмесе әрі қарай үлкен мәселеге айналады. 6 жасар қызды орамалмен қаптап мектепке жіберудің логикасын ұғына алмай-ақ қойдым. Дәл сол қыздарын мектепке орамалмен жіберетін ата-аналардың дені - барып тұрған эгоист һәм балаларын еш ойлағысы келмейтін адамдар деп есептеймін. Өзіңіз ойлап қараңыз, бүкіл мектептегі қыздардың шашы ашық жүреді. Олардың көбі діни мәселелерден хабары да жоқ. Сыныпқа басы оранған өздерімен қатар қыз кіріп келеді. Не істейді ол балалар? Әрине, ол орамалды қыздан алыс жүретін болады. Оның үстіне үйіне барып болған жағдайды айтса, кәдімгі қыздардың әке-шешелері "Ойбай, жолама ондайларға" дейді. Нәтижесінде, енді ғана мектепте барған кішкентай қыз қоғамнан оқшауланып, өзін бөтен сезініп депрессияға ұшырай бастайды. Ал, ол кезең балалардың қалыптасу кезеңі екенін ескерсек, әлгі қыздың болашағы қандай боларын ойлай беріңіз. Ол қыз болашақта ешкіммен араласпайтын болады. Есейген кезде қоғам оны қабылдағанымен, баланың санасында қалып кеткен комплекс пен реніштің соңы неге апаратынын есептей көріңіз.
Әрине, қоғамға сенім еркіндігі деген нәрселерді түсіндіру жүргізу керек деген сияқты «жел» әңгімені айтуға болар еді. Бірақ, реал ондай емес. Медреседе оқып шыққан соң, есейе келе көпшілік сыныптаспен жолығып көрдік. Соның барлығы да кезінде максимум тақуалыққа ұмтылған жастар еді. Бірақ, сол қысымнан шыққан бойда бәрі өзгерді. Сіздерге айтайын, үлкен өмірге қадам басқан кезде, сол кезеңдегі діндар балалардың ішіндегі қысым көріп өскендері еең қуып кететіндердің қатарында болады. Кәдімгі жастар жасауы мүмкін «қызықтарды» он еселеп жасап, іштей жарылады. Ешкім өз баласына зорлап дін қабылдатуға қақысы жоқ. Дін әр адамның ақылы толысып, саналы түрде қабылдауы яки қабылдамауы тиіс нәрсе болуы керек.
Сондықтан, мектепке орамалсыз кіргізу - мемлекеттің қылмысы емес. Мектепте орамалмен жіберу - ата-ананың қылмысы. Һәм ол үшін жауап беруі тиіс сол ата-аналар.
Әрине, барлығымыз ұрпақтарымыздың болашағы жарқын болуын һәм адами қалыптан таймас ізгі жандар болып қалыптасуын қалаймыз. Дегенмен, тәрбие деген бір тұтам орамалмен берілмейді. Ол адамның санасында берілетін/қалыптасатын экосистема.
Serik Abikenuly: Инклюзивті қоғам... Қызға хиджаб кигізу мәселесінде министр осылай депті. Көз алдыма болашақ қазақ мектебі елестеді. Иудейлер хитона киіп, симла жамылып, қытай, жапон текті буддаға табынушылардың балалары самхатиға оранып, дхоти, сариға малынған кришнаиттер дәлізде түтін түтетіп, "Хари, Кришна" деп әндетіп, кебін кигендер сақалды қауғадай етіп, кафтан-сарафан кигендер Үштік жырын жырлап, протестанттар қара рясасын сүйретіп... Осы мектеп пе? Инклюзивті қоғамда "тек мұсылман балалар орамалмен келсін, басқасына рұқсат жоқ" дей алмаймыз. Сөйлегенде абайлау керек!
Ғабит Нурханұлы: Әр адамның жеке діни ұстанымын сыйлау деген болады. Мысалға сіз Құдайға сенбейсіз, балаларыңызға орамал таққызбайсыз, дін қабылдатқызбайсыз, жарайды ол сіздің еркіңізде, сіздің таңдауыңыз. Бірақ біз Құдайға сенсек, қыздарымыздың орамал таққаның қаласақ ол біздің, яғни менің таңдауымыз емес пе? Сіз өз бала шағанызды өзіңіз тәрбиелеңіз, мен өз бала шағамды өзім тәрбиелейн.
Nurgali Nurtay: Сыртта кім не кисе өзі білсін, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін, шаруамен келген, білім ордаларында оқитын адамдарға стандарт міндеттеу керек. Мемлекеттік ту сияқты рәміздер бәрінен биік тұруы тиіс.
Нұрбол Сейілбек: Негізінде мемлекеттік мекемелерде діни құлшылық жасауға болмайды деген норма бар, бірақ осындай бап бар екен деп намазын қаза етіп жатқандар кем. Намаз оқылып жатыр. Бірақ лестницалардың астында, шатырға шыға берістегі оқшау жерлерде немесе қуыс-қуыста. Сол секілді орамал мәселесі де дәл осындай жағдайда. Діни атрибуттарды мемлекеттік мекемеге тағып келуге болмайды делінеді. Менімше, дұрысы рұқсат беру керек. Бірақ қадағалауды, тәртіпті күшейту керек, болды. Қадағалау күшею керек дейтінім кезінде біраз ЖОО-да намазхана болды. Көп студенттер ол жерді сабаққа бармай, жиналып дін үйренетін жерге айналдырып жіберген. Осылай лағып кетпеуін қадағалау шартымен рұқсат берген жөн деп есептеймін. Әйтпесе радикализмді қолдан күшейтуіміз ықтимал.
Дина Имамбай: Баланың да діни сенім бостандығына қол сұқпау керек ата-анасы. Зорлықпен қызына хиджаб кигізіп, ол мектепте буллингке ұшырап, психологиялық күйзеліске тап болып, жап-жақсы оқып жүрген сабағы төмендеп, соның кесірінен 9-сыныптан кейін мектептен кеткен қызды білем, ақыры күйеуге беріп жіберді әке-шешесі. Біздің қоғам либералдық, демократтық көзқарас деңгейіне жеткен жоқ. Қаңтарда қаншама адам сақалы болғаны үшін ғана азапталды.
Айла Иден: Содан кейін ол ата аналар қызым еркектермен бірге оқымау керек, еркек мұғаліммен сөйлеспеу керек, деп тұрса тағы да діни сеніміне нұқсан келтірмеу үшін оған да рұқсат беру керек пе?
Тоқтар Жақаш: Осы түбі орамалмен алысып өлетін шығарсыңдар, түге! Орамал деген әйелдің сәні емес пе? "Тағамын" дегендер таға берсін! Тақпайтындар тақпай-ақ қойсын! Не проблема? Рұқсат беру деген жаппай міндеттеу емес қой! Неге ондай баланың құқығы тапталуы керек?
Lyazzat Akhatova: Оқушыларға мектепке орамал тартып баруға рұқсат бермек боп жатқан Аймағамбетовты қолдаймын деп кетіпті, енді. Құқығын шектемеу керек ешкімнің деген пікірге негіздейді. Шынымен құқықтық жағына келсек, керісінше білім саласындағы арнайы ережелерге (оның ішінде мектеп формасы туралы) барлық оқушы бағыну керек. Ешкімнің діни сенімін күштеп өзгерткелі жатқан ешкім жоқ. Ол Конституциямен бекітілген әр азаматтың құқығы. Қанды қаңтардан кейін дінге байланысты қай мәселеде де ойланып, шешім қабылдамаса қиын. Басқа елдердің тәжірибелеріне қараудың қажеті жоқ. Өйткені радикалдық ұйымдар олардың мемлекеттігіне қауіп төндіріп тұрған жоқ, біздегідей.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір