• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 12:18:38
Алматы
+12°

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық кітапханасында желтоқсан қаhарманы Ермұханбет Қуандықтың "1 жыл 11 ай 3 күн" кітабының таныстырылымы өтті. Бұл — кітап авторының бас бостандығынан айырылып, қапаста отырған мерзімі...

Талай жастың тағдырын өксіткен 1986-ның Желтоқсан ызғарына ұрынып, жазықсыз жапа шеккен жүздеген қазақ жастары қатарында 24 жасар намысты ұл, қайсар мінезді — Ермұханбет те бар еді. Ол қарапайым азаматтық құқығын талап еткені үшін отаршыл-озбыр жүйе тарапынан қатал қуғынға ұшырады. Оқудан шығарылып,тергеуге түсті. Бес жыл бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі кесіліп, қапасқа қамалды...

Уақыт қысымымен, мерзімінен бұрын ақталып, 1 жыл11 ай 3 күн түрмеде отырып шыққан соң да, еңсесін түсірместен өз ортасына оралды. Қайтпастан қуына жүріп, ҚазМУ-дың тарих факультетіне қайта қабылданды. Оқуын аяқтап, дипломын қолына алды. Заман талабына қарай еңбектенді. Арада зулап 35 жыл өте шықты!..

Алайда, талауға түскен жас тағдырдың жадына өшпестей боп түскен естеліктері жанына тыныштық бермеді... Ол — қапаста отырған күндер мен түндер азабы, басына бұлт үйірілгенде жалған куәлік беріп, жалтақтық танытқан "достар" қиянаты мен сотта қаймықпай ақиқатты айтып, әділетсіздіктен ара түсуге ұмтылған бейтаныс замандастарының ескірмес ерлігі, ана тілді "өлі тілге" санап, толқыған жастарға өктемдік танытқан университет басшылығы өкілдерінің екіжүзді кесін-кейпі, тағысын тағылар...

Желтоқсаншы

Ермұханбет Қуандық өмірбаяндық деректі "1 жыл 11 ай 3 күн" атты су жаңа кітабында көп құпиясы әлі күнге толық ашылмай, жұмбақ жатқан Желтоқсан көтерілісінің өзі көзімен көріп, куәсі болған оқиғаларын боямасыз, қоспасыз нақты дерек-дәйектер арқылы жүйелі, тартымды баяндайды. Бұл кітапта Ермұханбеттің өмірін өзгерткен Желтоқсан тарихы, өзі мен "майдандас" достары басынан кешкен тәлейлі тағдыры тартымды да шынайы жазылған.

Бір ай ішінде Алматы мен Шымкент кітапханаларында дүбірлі таныстырылымдары жоғары деңгейде өтті. Тарихшы-ғалымдар, қаламгер, баспагерлер кітаптың көркемдігі мен тарихилығына жоғары баға берді. Ермұханбет Қуандық кітабының қуанышын қос қалада да бөлісе келген жамағат қатары көп болды. Шымкенттегі кітап мерекесіне Желтоқсаншылардың Оңтүстік өңірдегі ардагерлері ұйымшылдықпен тұтас жиналды. 

желтоқсаншы

 

желтоқсаншы

"1 жыл 11 ай 3 күн" кітабының көркемделу дизайны туралы бір ауыз сөз...
Фото: Автордікі

Мұқабадағы ақ-көк-қызыл бояулардың мағыналы ұласу үйлесімі мен түйсікті тіліп өткендей тік сызықтар көкірегі ояу оқырман назарын тереңге тартып, кітап мазмұнына бойлатып әкетеді. Кітапты көркем "киіндірудің" хас маманы, "Арна" баспасының директоры — Бақыт Ойса, желтоқсан тақырыбы пәлсапасын — ақ қар, көк мұз... жазықсыз төгілген алқызыл қан... бояулары тілімен "сөйлетіп", тақырыпты тап басып, айқын аша алған. Аталған кітап Республиканың барлық кітапханаларына таратылды, сондай-ақ кітап дүкендеріне де сатылымға шығарылуда.

Қуандық Ермұханбет 1963 жылдың 27-қаңтарында Түркістан облысы Ордабасы ауданының Ықылас Темір аулында дүниеге келген.

1971-1981 жылдары орта мектепте оқыған.

Әскер борышын 1981-1983 жылдары өтеп, арнайы жолдамамен,1984 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетіне түседі.

1986 жылы студенттердің құрылыс отряды құрамында, Чернобыльде болып, белсенді интернационалдық көмек көрсетеді.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушының бірі ретінде және Алматы алаңындағы қақтығыстар ортасында болғаны үшін 5 жыл бас бостандығынан айырылады. Қарлагтың қатаң тәртіптегі еңбекпен түзеу колониясына айдалады...

Бастапқы үкім 2 жылға қысқартылып, 1989 жылдың 3-ақпан күні, Е. Қуандық мерзімінен бұрын бостандық алған соң, оқуына қайта қабылданып, 1992 жылы тарих және саясаттану маманы дипломын алып шығады.

Е.Қуандық «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін тексеру жөніндегі Парламенттік Комиссияның» құрамында, оның жектекшісі М.Шахановтың қоғамдық көмекшісі бола жүріп, жазықсыз құрбандарды анықтауға сүбелі үлес қосты.

2000 жылдан бастап кәсіпкерлікпен шұғылданады.

Маржан Тұрысбекқызы

Журналист

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір