20 Мамыр, 2022 NEWS
Фото: tengrinews.kz
Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған. Бұл туралы музейдің ресми өкілі Айдар Қырықбай мәлімдеді, деп хабарлады Tengrinews.kz сайты.
– Ол шамамен бір жарым күн жансақтау бөлімінде жатқанын білесіздер. Қазір ол палатаға ауыстырылды. Жағдайы орташа. Палатасына әлі ешкімді кіргізбейді, тек жұбайын. Жалпы, дәрігерлер оны қарап жатыр. Қазір өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, – деді Қырықбай.
Ол Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын айтты.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық музейдің басшылық құрамына қатысты қылмыстық іс қозғады. Оған директордың орынбасарлары, бұрынғы директорлар және т.б. кіреді. "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" 2017 жылы басталды. Осы уақыт ішінде бірнеше директор мен орынбасар ауысты. Тексеріс болғанын жасырмаймыз. Тексеріске Тұңғышбай Жаманқұловтың шағымы (қазақстандық актер. – ред.) негіз болған. Ол Мемлекет басшысының атына хат жазды. Осыдан кейін бізде Есеп комитетінің тексерісі болды. Олар ұсақ заңбұзушылықтар тапты, олардың ескертулерін Ұлттық музей орындады. Кейін Бас прокуратураға қаржылық аудит шағымы бойынша тексеріс жүргізілді. Онда да ұсақ ескертулер айтылып, олар түзелді. Жаманқұлов үшінші рет хат жазды. Онда Мұхамедиұлыны өзін айыптаған, – деп түсіндірді Айдар Қырықбай.
Бұған дейін Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеу жүргізіп жатқаны туралы ақпарат шыққан. Ұзамай Арыстанбек Мұхамедиұлының президентке жолдаған бейнеүндеуі жарияланды. Үндеуде ол өзіне қатысты тексеріс негізсіз жүріп жатқанын жеткізіп, президенттен тексерісті тоқтатуға ықпал етуді сұраған. Сол арқылы тергеу туралы ақпаратты жанама түрде растаған. Артынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық көрмесін өткізуде мемлекет қаржысын жымқырған деген күдікпен музей басшылығы тергеліп жатқанын ресми хабарлады. Бірақ Арыстанбек Мұхамедиұлының атын тікелей атамады. Осы оқиғалардың арасында Арыстанбек Мұхамедиұлы өзіне қол салмақ болып, тамырын кесіпті-мыс деген әңгіме тарады. Бірақ ақпарат расталмаған болатын.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір