• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 06:29:13
Алматы
+12°

Екі жылдан бері қоғамдық ұйым ретінде жұмыс істеп келе жатқан "Ел мен Жер" қозғалысы саяси партияға айналмақ. Алматыда өткен баспасөз мәслихатында қозғалыс жетекшісі, саясаткер Балташ Тұрсымбаев осындай мәлімдеме жасады. Ынталы топ қатарында режиссер Еркін Рақышев те бар.

Саясаткер мұндай қадамға қоғамдық ұйымның аймақтардағы өкілдерінен түскен түрлі ұсыныстар себеп болғанын айтады. Ол партия тіркеліп, алдағы парламент сайлауына қатысып жатса, депутаттық мандаттың 30-40 пайызын алатынына сенімді екенін жеткізді. Сөзінше, қоғамдық ұйым бұған дейін елдің дамуы мен жер мәселелерін көтере жүріп 60 мыңдай жақтас жинаған. Енді 12 миллион электораттың аудан, ауылдық елдімекендерде тұратын 4 миллионының даусын алуға ниетті.

 

Саясаткердің айтуынша, құрылғалы жатқан партияның ерекшелігі аймақтардан шыққан, ауылдың жайын білетін азаматтармен жұмыс істейтінінде. Құрылғалы жатқан көптеген партиялар негізінен облыс орталықтарынан ары бармайды деген ол "Ел мен Жер" ауылдарды аралап, ауыл мәселесін көтеретінін жеткізді.

 

Баспасөзге арналған хабарламада партияның басты мақсаты – елдi тығырықтан алып шығып, жарқын болашаққа бастайтын бағдарламаны жүзеге асыру, ұлттық идеология негiзiн қалау екені жазылған. Сондай-ақ партия әлеуметтік тұрмысы төмен жандардың мүддесін қорғап, әдiлеттi қоғам орнату үшін күресетіні айтылады.

Жиын барысында партияның бағдарламасы жасалып қойылғанын, алдағы уақытта тағы толықтырылып, шыңдалып, түзетіле түсетіні хабарланды.

Балташ Тұрсымбаев партия бағдарламасы нақты 4 мәселеге табан тірейтінін мәлім етті.

1) Елді дамыту. Ауылды қалпына келтіру, дамыту; ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін өрістету; кезінде жекеменшікке өтіп кеткен ірі жер иелерінің меншігіндегі жерді халыққа қайтару;

2) Жемқорлықпен күрес. Н.Назарбаев әулеті мен оның айналасындағы 100 шақты адам иеленіп отырған кен орындарын мемлекетке қайтару;

3) Жаңа конституция қабылдау. Оған 1993 жылғы конституцияны негіз етіп алу, сол арқылы суперпрезиденттік басқару формасынан кету;

4)  Әкімдерді сайлау. Халық ішінен шыққан, елдің тынысын, мәселесін білетін, өзін сайлаған халықтың алдында жауапкершілік алатын адамды жергілікті жерлерге басшы етіп қою;

Саясаткер алдағы сайлау таза өтетініне сенім білдіретінін, қоғам өзінің талабымен билікті сайлауды әділ өткізуге міндеттеу керек екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол "Ел мен Жер" партия құрғысы келіп жүрген өзге де бастамашыл азаматтарды қолдайтынын, Қазақстанда көп партия болуы керектігін, билікпен ымыраға келмейтінін айтып отыр.

Қазақстанда тіркелген 5 партия бар. Олардың үшеуінің өкілдері парламентте отыр. Тәуелсіз сарапшылар ресми тіркелген партиялардың қатарында балама пікір білдіретін, оппозициялық көзқарастағы саяси топтардың жоғын жиі сынайды. Оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай мен оның жақтастары екі жылдан бері өздерінің "Демократиялық партия" деп аталатын саяси ұйымын тіркей алмай жүр. Жуырда әділет министрлігі тіркеуге құжат тапсыруға келген оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалин бастаған "Алға Қазақстан" партиясының құжаттарын толық емес деп кері қайтарды. Қаңтар оқиғасынан кейін бірнеше саясаткер мен қозғалыс партия құрғысы келетіні туралы ресми мәлімдеме жасады. Олардың қатарында саясаткер "Байтақ-Болашақ" экологиялық альянсының жетекшісі Азаматхан Әміртай (Байтақ), экс-нұротандық экс-депутат Нұржан Әлтаев (Ел тірегі), саясаттанушы, экс-шенеунік Санжар Боқаев (Намыс), қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан (Жер қорғаны), журналист, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы (Ақ жүніс әйелдер партиясы) "Нағыз Атажұрт" ұйымының өкілдері, саясаткер, бизнесмен Болат Әбілов (Біздің таңдау) бар. Әділет министрлігі бүгінде "Ел тірегі", "Намыс", "Байтақ" және "Халық дербестігі" (Жұматай Әлиев) партиялары тіркелудің бірінші кезеңінен өткенін хабарлаған. Тіпті Жұматай Әлиевтің партиясы 20 мың қол жинап, құрылтай өткізіп қойған. Бірақ бұл жайында ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде ешқандай ақпарат жоқ.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір