13 Сәуір, 2022 NEWS
Украиндықтар ана тілінің төңірегіне бұрын-соңды болмаған ауқымда топтасып жатыр
"Қымбатты украин халқы! Біз украин жерінде өмір сүріп, украин нанын жеп отырмыз. Олай болса, оккупанттың тілінде емес, украин тілінде сөйлейік. Украина жасасын, Украин қарулы күштері жасасын"
Көрнекі сурет
Бұрын негізінен орысша сөйлейтіндер ана тіліне көбірек көшіп, өзгелерді солай істеуге үндейтін болған. Тіпті Львов қаласының орталығындағы ресторандардың бірінде "Қымбатты украин халқы! Біз украин жерінде өмір сүріп, украин нанын жеп отырмыз. Олай болса, оккупанттың тілінде емес, украин тілінде сөйлейік. Украина жасасын, Украин қарулы күштері жасасын" деп жазылған тақтайша ілулі тұр.
Жуырда Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің өзі Украина аумағында дерусификация жүруі үшін бәрін жасап жатқанын, бұл – Ресейдің өзін көрге тығатын саясатының бір көрінісі екенін мәлім еткен.
Наурыздағы зерттеу нәтижесінде украиндықтардың 76 пайызы украин тілін өзінің ана тілі деп есептейтіні (он жыл бұрын бұл көрсеткіш 57 пайыз болған), сұралғандардың 83 пайызы украин тілі елдегі жалғыз мемлекеттік тіл болуы керек санайтыны белгілі болған.
Сауалнаманы жүргізген "Рейтинг" әлеуметтік қызмет директоры Алексей Антипович украиндықтардың ана тіліне қарай бетбұрысы соңғы айдағы феномен еместігін айтады.
Оның сөзінше, 2005 жылы Виктор Ющенко президенттікке келгенде оның оппоненттері енді "украинизация күштеп жүргізіледі" дей бастаған. Оның тұсында украин тілі мен мәдениетін қолдауға арналған кейбір әрекеттер шынымен де жасалған. Алайда бұл орыс тілінің қолданыс аясын кеңейтуді қалайтындарды біріктіре түскен. 2010 жылы билікке проресейлік Виктор Янукович келгенде ел бағыты қай жаққа қарай ойысып бара жатқанын байқаған украиндықтар ана тілінде көбірек сөйлей бастап, 2012 жылы украин тілін ана тілі деп есептейтіндер саны 5 пайызға артқан.
2014 жылы Януковичтің елден кетуі, Қырым аннекциясы, Донбасстағы конфликт кезінде жоғарыдағы цифр украин тілінің пайдасына қарай тағы 10 пайызға артқан. Оған бір жағынан қарапайым арифметика да себеп болған. Өйткені Қырымда тұратын екі миллион, Донбасстағы үш миллион орыстілді адам Украинадан бөлініп қалды.
Одан бөлек, украин билігі украин тілін қолдайтын бірқатар заң қабылдаған. Оған сай, украин тілі білім, жарнама, баспа, қызмет көрсету тіліне айнала бастады.
Зеленскийдің тұсында тіл саясатына өзгеріс енгізілмегендіктен, жұмсақ украинизация жалғаса берген.
– Соңғы біржарым айдағы жағдай азаматтарды украин тілі жалғыз мемлекеттік тіл болуға тиіс деген ой төңірегіне топтастыра түсті. Тіпті бұндай көзқарас елдің шығысында да басым. Жуық аралықта бір тілге көшу ниетін орыстілді украиндықтардың үштен бірі, қостілді азаматтардың үштен екісі қолдап отыр, – дейді әлеуметтанушы.
Дереккөз: ВВС
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір