Фото: Ашық дереккөз
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлы мен Гүлмира Сатыбалды және басқа да тұлғаларға қатысты тергеу барысында анықталған кейбір ақпараттарды жариялады.
"Тергеу барысында Қ.Сатыбалдыұлының бақылауындағы кәсіпорындардың – кірме теміржол желілері (соңғы шақырым) иелерінің ұрлығының қосымша фактілері анықталды. Аталған тұлғалар Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының көмегімен елдің қала құраушы кәсіпорындарына кірме жолдардың қызметтеріне тарифті негізсіз көтеру арқылы көп миллиардтық пайда тапқан. Бұл өз кезегінде азаматтар үшін тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерінің бағаларының артуына бағытталған. Қ. Сатыбалдыұлы бақылауындағы екі компанияның басшылары ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Кінәлілік туралы қорытынды шешімді сот анықтайды" делінген Антикор хабарламасында.
Қайрат Сатыбалдыұлы 13 наурыз күні қамауға алынған. Ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Елдегі бай адамдардың бірі. Кезінде ұлттық қауіпсіздік комитетінде, "Kazakh Oil", "Қазақстан темір жолы" ұлттық компанияларында істеген. "Kaspi.kz" акционерлік қоғамының негізгі акционері болған. Діни орталарда ықпалды адам саналады. Ол Ислам дінінің Сәләфизм ағымының белді өкілі деген бейресми ақпарат бар.
Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі 17 наурызда қамауға алынған Гүлмира Сатыбалдының кәсіпкер, белгілі продюсер Баян Мақсатқызының күйеуі Тұрсын Алагөзовтың компаниясын рейдерлік жолмен тартып алуға қатысы бар екені туралы хабарланған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір