• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 11:16:36
Алматы
+12°

Баласын «Сәби» қоры ұйымдастырған «Домбыра-дастан» жас домбырашылар байқауына қатыстырған Маржан Тұрысбекқызы өнер додасының «ережесі шикі, балаларды алалайды» дейді.

Сөзінше, байқау ережесінің бірнеше олқы тұсы бар, алғашқысы – жас категория бойынша қатысушыларды екі топқа бөлгенде алғашқы топтағы балалардың жасы бір-біренен тым алшақ.

Байқау шарттарына сай, қатысушылар кіші және жасөспірімдер деп екі топқа бөлінген. Кіші топ 6 жастан 11 жасқа дейінгі балалардан (01.07.2010 жылдан бастап 30.06.2016 жылға дейін туған балалар), жасөспірімдер тобы 12 жастан 15 жасқа дейінгі балалардан (01.07.2006 жылдан 30.06.2010 жылға дейін туған балалар) тұрады.

 

«Неліктен бір топтағы балалардың өзара жас алшақтығына байланысты қосымша топ ұйымдастыру ескерілмеді, 6 жастағы баланың деңгейін, 11 жастағы бала мүмкіндігімен салыстыруға келмейді ғой» деп ашынады ол.

 

Маржан Тұрысбекқызы байқаудағы келесі келеңсіздік өзі мен өзі сияқты көптеген ата-ана үшін түсінбестік тудырғанын айтады.

2022 жылғы 10-31 қаңтар аралығында онлайн өткен алғашқы кезеңге 600-ге жуық бала жұмыс жіберген, оның ішінде 548 қатысушының жұмысы тіркелген. Екінші айналымға 213 бала, финалдық кезеңге 35 бала жолдама алады. Екінші кезең Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында офлайн-тыңдау форматында өткен. Маржан Тұрысбекқызы түсінбестік пен наразылық ата-аналар 14-15 наурыз күндері Алматыдағы "Қазақ концерт" залындағы тыңдалымға баласын жетектеп барғанда басталды деп отыр.

 

– Екінші кезеңге барғанда байқауға әуесқой өнерпаз балалармен қатар, маманданған музыка мектептерінің оқушылары да қытысып жатқанын көріп «бұл қалай» деп таңғалдық. Арнайы музыка дәрістерін алып, салалық теориясы мен практикасын ұңғыл-шұңғылына шейін оқып-тоқып үйренетін бала мен аптасына екі күн ғана үйірме сабағына баратын баланың музыкалық сауаты мен деңгейінде аспан мен жердей айырма бар емес пе. Кәсіби музыка мектептерінің нота білетін шәкірттері мен жеке қызығушылығының жетегімен мектеп үйірмесінен ғана күй үйренуші нота білмейтін талапкер оқушыларды бір "қазанға" салып, ортақ талап, бірдей шартпен "қойыртпақ" конкурс жасау – не, мүлде біліксіздіктен, немесе, қандай да бір теріс пиғылдан хабар беретін әрекет екені даусыз. Бұл – әрбірден соң, күй өнеріне талаптанып жүрген баланың сағын сындырып, талабына тас атумен тең. Мамандандырылған музыка мектебі шәкіртінің сарнатып, ағызып тартқан күйін, ауыздығымен алысып тұрған кейпін көргенде, менің баламның бет-жүзінде де таңданыспен бірге үрей мен сенімсіздік ойнап шыға келді. Бала болса да, теңсіздікті сезініп, психологиялық тербеліске бой алдырды. Еңсесі түсіп, сасып-салбырап, жасып барып қазылар алқасының алдында күй тартты. Мен балам өтпей қалған соң шырылдап жүргем жоқ. Әділдік үшін шырылдап жүрмін. О баста, байқаудың шарттарына «әуесқой өнерпаздармен қатар бір топта кәсіби мектептердің шәкірттері де болады» деп жазып қойса, мен ештеңе демес едім. Байқау шарттарын солай жасаған екен, онда адамша түсіндіріп, сұрақтарымызға жауап бермей ме?! Мен осындай әділетсіздік болып жатқанын Сәби қорына facebook-те де, Instagram-да да жаздым. Facebook-те жауап қатқан ешкім болмады. Қордың Instagram парақшасын жүргізетін адам өте дөрекі сөйлейді, дұрыстап жауап бермеді, – дейді Маржан Тұрысбекқызы.

 

Наразы ата-ана республикадағы мамандандырылған музыка мектеп талапкерлері конкурсқа қатысудан кенде емес екенін айтып, мамандандырылған музыка мектебінің шәкірттерінен бөлек, ел ішінен шыққан әуесқой өнерлі балалардан бөлек екі топ жасақтаса, дау туғызбас әділеттілік болар еді деп санайды.

– "Сәби"  қорының бұл конкурсты ұйымдастырудағы басты мақсаты – Қазақстанның жаңа, жас өнер таланттарын ашу деп жазылған ресми сайт бетінде. Алайда, мұндай теңсіздік, жаңа ғана қауызын жарып келе жатқан жас талапкерге қиянат емес пе!?, – дейді ол.

Сондай-ақ Маржан Тұрысбекқызы екінші кезеңде талапкерлер қазылар алқасының алдында күй тартқанда ұйымдастырушылар баланың өнерін ата-анаға да, дайындаған ұстазына да көрсетпегенін айтады.

Қамшыға пікір білдірген «Сәби» қорының жобалар бойынша жетекшісі Рысжан Досымжанқызы байқаудың ережесін әділқазы алқасы әзірлегенін, қор қаржылай қолдау білдіріп, ұйымдастырушылық жұмыстармен айналысатынын жеткізді.

Фото: Абылай Тілепбергеннің инстаграм парақшасынан

Байқаудың қазылар алқасының мүшесі, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, күйші Абылай Тілепберген «өнер додасының ережелерінде әділетсіздік орын алатындай ешнәрсе жоқ, шын мықты қай кезде де қандай сынақ болмасын өзінің үздік екенін дәлелдеп шығады» дейді.

 

– Байқаудың басты мақсаты – дарындарды, танаттарды іздеу. Іріктеу барысында 6 жастағы бала күйді 11 жастағы баладан артық орындаған жағдайларға куә болдық. Сол сияқты күйді кәсіби мектептің өнерпазынан да асыра шерткен әуесқой дарындар болды. Арнайы мектептен келіп отырып, тқмен деңгейде өнер көрсеткендер де ұшырасты. Қазақта күш атасын танымас деген бар. Бұл – өнер. Өнерлі, талантты адамның мықтылығы қай кезде де білініп тұрады. Оның үстіне бүгінгі күні көптеген мектептерде үйірмелер бар, консерваторияны бітірген небір талантты ұл-қыздардың бүгінде әр ауданда бірнешеден домбыра мектептері бар. Курстар бар. Интернет бәріне қолжетімді. Бір сөзбен айтқанда, өнермен шұғылданам деген балаға мүмкіндік көп. Әрине, жарыс болған соң біреудің бабы мен бағы қатар шаппай қалған шығар. Біреу қобалжып өз талантын аша алмай қалған шығар. Бірақ жарыс сонысымен да жарыс емес пе. Додада нәтиже маңызды. Біз соған қараймыз. Оның үстіне қазір өнер байқаулары өте көп болып кетті. Әрі олардың басым көпшілігі біздікі сияқты тегін емес, коммерциялық байқаулар. Көбінің қатысу жарнасы бар. Сондай байқаулардың бәрінде болмаса да көпшілігінде қатысушылардан ақша жиналып алады да барлық конкурсанттарға орынды оңды-солды үлестіріп, бір жапырақ қағазын, азын-аулақ сыйлығын таратады. Ондай байқауда қандай сапа, қандай өсім болады? Өнерпаз түрлі сынға түскен сайын шыңдалып, ысылып тұруы керек. Манағыдай байқаулар баланы өсірмейді. Бәлкім, сондай сапасыз өнер сайыстарына қатысып, баласы үнемі жүлде алып жүріп, біздің байқауда сүрінген соң ата-аналар дұрыс түсінбей жатқан шығар. Ондай да болуы мүмкін ғой. Одан кейін қатысушылардың ұстаздары балаға ауыр, жас шамасы мен мүмкіндігіне сай келмейтін материал беріп қойған жағдайлар жиі кездесті. Бұл – ұстаздардың қателігі. Мәселен, 11 жастағы балаға Құрманғазының «Сарыарқасын» тартқызып қойған. «Сарыарқаны» 11 жастағы бала тұрмақ, консерваторияның адамдары әрең тартады. Осы сияқты факторлардың салдарынан баланың дарыны ашылмай жатса, ол жерде жюрилердің, ұйымдастырушылардың кінәсі жоқ. Әйтпесе біз байқау әділ әрі ашық өткеніне кепілдік бере аламыз. Сол шағымданған ата-аналар ертең финалға өткен жеткіншектердің өнерін көрсінші, сол кезде келесі кезеңдерге тек кіл мықтылар өткенін байқайды. Ол жерде негізінен әуесқой, өзі ізденісімен үйірмелерге, мектептерге барып жүрген балалар. Кәсіби, мамандандырылған мектертердің ары кетсе 4-5 шәкірті ғана бар шығар. Біз екінші кезеңде арнайылап қатысушыларды сан бойынша бөліп қойдық. Алдымызға келген бала әуезқой домбырашы ма, кәсіби домбырашы ма оны қазылар алқасының мүшелері білген жоқ. Біз тек таза өнерді бағаладық. Сондықтан байқау ережесі әділ емес дегенмен түбегейлі келіспеймін. Біз әр номерді мұқият қарап, видеоларын қайталап көріп, әбден зерделеп барып шешім шығардық – дейді Абылай Тілепберген.

 

Жюри мүшесінің айтуынша, финал офлайн форматта, ашық түрде өтеді. Ал бұған дейінгі екі кезең іріктеу кезеңі болып есептелінетіндіктен, тыңдау алғашқыда онлайн, екіншісінде жабық жағдайда офлайн-тыңдау форматында өткен.

Фото: Ашық дереккөз

Қазылар алқасының келесі мүшесі, белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айгүл Үлкенбаева байқау барысында әр баланың өз жасына сай орындау деңгейіне баса мән берілгендіктен алғашқы топтағы жас алшақтықта тұрған ешнәрсе жоқ деген пікірде.

 

– Ата-аналар түсінбей 6 жастағы бала мен 11 жастағы баланы қалай салыстыруға болады деп жатыр. Біз бағалағанда әр қатысушының жасы мен оның орындау шеберлігін ескереміз. Бізге 6 жастағы бала қай шамада, 11 жастағы бала қай шамада ойнайтыны алғашқы қағысынан белгілі. 6 жастағы қатысушы мен 11 жастағы қатысушыны қатар қойып таңдау жасамаймыз, олардың жасына қарай мүмкіндігі мен талантын, дарынын, орындау шеберлігін бағалаймыз. Оның үстіне біз балалардың әр кезеңде көрсеткен өнерін салыстырамыз, соған ден қоямыз. Сондықтан топтағы жастың алшақтығына байланысты айтылған сын түсінбестіктен туған сын екенін айтқым келеді, – дейді күйші.

 

Айгүл Үлкенбаева байқау шарттарында шала тұстар бар екенін жоққа шығармайды. Соның қатарына әуесқой өнерпаз бен кәсіби музыка мектептерінің шәкірттерін қатар жарыстыруды қосады. «Бұл байқаудағы жұмысым – қазылық ету. Байқаудың шарттарын жасауға мен қатыспадым» дейді. 

– Конкурс бірінші рет ұйымдастырылып отырғандықтан шала тұстары бар. Байқау басталып кеткеннен кейін ештеңе істей алмадық. Тек үшінші турды өзгертуге тырысып, талапты күшейіттік. Ұйымдастырушыларға әуесқой домбырашылар мен кәсіби мектептердің шәкірттерін қатар қоймау керектігін, тым болмаса жеке-жеке топқа бөлген дұрыс болатынын жеткіздім, болашақта ескерулерін сұрадым. Негізінен байқау кейін де жалғасын тауып жатса, байқауға арнайы мектептердің балаларын қатыстырмау керек. Өйткені олардың өздерінің арасында өтетін конкурстар жеткілікті. Ал «Домбыра-Дастан» ел арасындағы талантты балаларды табу мақсатында жасалып жатқан конкурс болғандықтан, әуесқой, қарапайым балаларға жол ашылуы керек. Көш жүре түзеледі ғой. Бірінші рет болған соң мұндай нәрсе кетіп жатады, – дейді ол.

 

Республикалық «Домбыра-Дастан» жас домбырашылар конкурсы «Сәби» жеке қайырымдылық қоры жобаларының бірі. Қордың құрылтайшылары – Әсел Иманғалиқызы Тасмағамбетова, мен Кеңес Хамитұлы Рақышев. Байқаудың жүлде қоры қомақты – 40 миллион теңге. Қаражат 3 кезеңнен сүрінбей өткен 8 балаға бөлініп беріледі. Әр топқа 20 миллион теңгеден бөлінген. Әр топ бойынша орындар тек бірден ғана болады. Гран-при иегеріне 8 миллион теңге, 1-орын жеңімпазына 6 миллион теңге, 2-орынға 4 миллион теңге, 3-орынға 2 миллион теңге беріледі. Үшінші – финалдық кезең мамыр айына жоспарланған. Қазіргі уақытта байқаудың ресми dombyradastan.kz сайтында барлық қатысушылардың, бірінші, екінші кезеңде көрсеткен өнерінің видеосы жарияланған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір