• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 12:48:08
Алматы
+12°

1949 жылы 4 сәуірде 12 мемлекет ұжымдық қорғаныс арқылы тәуелсіздікті сыртқы күштерден қорғау үшін арнайы келісім-шартқа қол қойды. Бұл Солтүстік антлантикалық келісім ұйымының (НАТО) құрылуына себеп болды. Қазіргі таңда бұл ұйымның құрамында 30 мемлекет бар. Ал НАТО-ның басты мақсаты не? Ұйымға кірудің алғышарттары қандай? Украина оның құрамына кіре ала ма? Ресейдің Украинаға басқыншылығынан Қазақстанға төнер қандай қауіп бар, осы және өзге сауалдардың жауабын төмендегі материалда іздеп көрдік.

НАТО қандай ұйым, оған мүшелікке қалай өтуге болады?

НАТО әскери-саяси ұйымының ең алғаш құрылғандағы мақсаты – Кеңес Одағының ықтималды агрессиясынан қорғану еді. Қол қойылған Солтүстік Атлантикалық келісім-шарттың 5-бабында ұжымдық қорғаныс жөнінде: «Одақ мүшелерінің біреуіне жасалған қарулы шабуыл барлығына жасалғанмен тең» деп жазылған. Одақтас мемлекеттер қажет болған жағдайда дереу көмек көрсетуі қажет.

НАТО-ға мүше болғысы, Солтүстік Атлантикалық аймақтың қауіпсіздігіне үлес қосқысы, келісім-шартты жүзеге асырғысы келетін кез келген мемлекеттің бірнеше кезеңді еңсеруіне тура келеді. Осыған байланысты НАТО-ның «Мүшелік әрекет жоспары» (ағылшынша Membership Action Plan (МАП)) бар. Бұл НАТО-ның ұйымға мүше болғысы келетін мемлекеттердің жеке қажеттіліктеріне негізделе отырып әзірленген кеңес беретін, көмек пен қолдау көрсететін бағдарламасы. MAП-қа қатысу – ұйымға болашақта мүшелік ету дегенді білдірмейді.

MAП – мақсаты анық және елдер арасында кері байланысты қамтамасыз ететін бағдарлама. Бұған саяси және техникалық бағыттағы, сондай-ақ НАТО-ның барлық мүшелерімен бірге нәтижелерді бағалауға негізделген жыл сайынғы кездесулер кіреді. Бағдарлама қатысушы елдің қарсыластардан қандай әдістер арқылы қорғанатынына баса назар аударады.

MAП-қа қатысу арқылы НАТО-ға 2004 жылы Болгария, Эстония, Латвия, Литва, Румыния, Словакия және Словения кірді. 1999 жылдан бері MAП мүшесі болған Солтүстік Македония Республикасы 2020 жылдың наурызында НАТО-ға қабылданды. Ал Қазіргі MAП қатысушылары – Босния және Герцеговина. Сонымен қатар, НАТО-ға кіру үшін бірқатар талаптарға сай болу керек. Солардың негізгілері:

  • халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу;
  • заң үстемдігі және адам құқықтары қағидаттарына адалдық таныту;
  • өздерінің қарулы күштеріне тиісті демократиялық және азаматтық бақылау орнату;
  • БҰҰ мақсаттарына сәйкес келмейтін кез келген тәсілден – қорқытудан немесе күш қолданудан аулақ болу;
  • Еуроатлантикалық әріптестік кеңесінің жұмысына, «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасына және НАТО-ға кірмейтін серіктес елдермен ынтымақтастықты дамытуға толық қолдау көрсетуді және қатысуды жалғастыру;
  • экономикалық еркіндік, әлеуметтік әділеттілік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын ұстану арқылы тұрақтылық пен әл-ауқатты нығайтуға бейімділігін көрсету және тағы басқалары.

Украина және НАТО

2008 жылы Бухарестте өткен НАТО саммитінде одақ Украина мен Грузияның ұйымға мүшелікке ұмтылуын құптап, «бұл елдер НАТО-ға мүше болады» деп келісті. Бірақ оларға НАТО-ға кіру бойынша іс-қимыл жоспары ұсынылмады.

 

RAND сараптамалық орталығының аға саясаттанушысы Сэмюэл Чарап іс-шаралар жоспары туралы: «Соңғы 14 жылға жуық уақытта бұл бағытта ешқандай қозғалыс болған жоқ» дейді.

 

Ол кезде Украинаның президенті Виктор Янукович елдің НАТО-ға қосылуының қажеті жоқ деп мәлімдеді. Ал 2017 жылы Украина парламенті НАТО-ға мүшелікті қалпына келтіру туралы заң қабылдап, конституцияға соған сәйкес түзетулер енгізді.

2020 жылы Украина НАТО-ның кеңейтілген мүмкіндіктер бойынша серіктесі атанды.

Қазіргі президент Владимир Зеленский ақпан айында Украинаның НАТО-ға мүше болу ниетін «конституцияда бекітілген (және) өзгеріссіз» деп қайталады.

Фото: Ашық дереккөз

Украинаның НАТО-ға кіру мүмкіндігі, Ресеймен арадағы соғыс немен тынады? Ресей агрессиясының Қазақстанға қандай салдары болады? Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы осы сұрақтар төңірегінде пікір білдірді.

Ресейдің Украинаға соғыс ашуының негізгі себебі неде?

– Біздің көпшілік азаматтар бұған дейін, тіпті саясат, халықаралық саясат жөнінде қызығушылық танытпаған. Соңғы күндері соғыстың себебін, оның салдарын, қандай жағдайларға алып келгенін бәрі көріп те байқап отыр ғой. Мені әлем жұртшылығының ғана емес, сонымен қатар біздің елімізде бұған дейін Путинге арқа сүйеген, Путинге үміт артқан бірқатар азаматтардың, оның ішінде орыстілді азаматтардың жүз пайызы болмаса да біразының көзі ашылғаны қуантып отыр. Меніңше, Украинадағы соғыста мәселе тек қана Украинада, бұл жалғыз Путинде немесе оның билігінде ғана емес. Қазіргі рейтингтер бойынша Путинді жақтаушы Ресей азаматтарының саны 50%-дан асады. Барлығын құртқан, аянышты жағдайға жеткізген жалғыз Путин емес. Бұрынғы Кеңес Одағын, баяғы ұлылықты аңсау – қазіргі постимперлік Ресей қоғамындағы кесел. Содан арыла алмай отырған жағдайының көрінісі. Украина – бұрынғы Кеңес Одағын құрамыз, Ресей империясын қайта жандандырамыз дегендегі Кремльдің бірінші қадам ғана. Бұл – жеке менің ғана ойым емес, көптеген біздің де, шет елдерің де белді сарапшы, саясаттанушыларының алға тартып отырғаны. Қазір соғыс әрекеттерінде батыс елдерінің украиндықтарға көмек көрсетуі, санкциялық соғыс жариялауы, қару-жарақ жеткізіп беруі, қаржылай көмек беріп жатқаны, Украина халқына деген демеушілік қана емес, адамгершілік қол ұшын созу. Сонымен қатар бұл жерде «Путинді Украина жерінде тоқтатпайтын болсақ, оның арты «бұға берсең, сұға береді» дегенге келеді» деген таза саяси есеп бар. Сондықтан Ресей тарапы баяғы Кеңес Одағын күшпен, қарумен қалпына келтіру, постимперлік ұлылық, алыпшылдық саясатын ұстануы соғысқа әкеліп соғып отыр.

– Сіздіңше, соғыста кім жеңеді?

– Көріп отырғанымыздай, Ресей оңбай қателесті. Өзінің әлін дұрыс бағалай алмады, украиндықтарды қарсылас мемлекет ретінде көрмеді, ондай мемлекет бар екенін мүлде мойындаған жоқ. Енді өзі мойындамаған, өзі «жоқ» деп санаған мемлекеттен кәдімгідей «таяқ жеп» отыр. Соғыс қашан аяқталатыны белгісіз. Оны тап басып ешкім айта алмайды. Бірақ соғыс аяқталмай тұрып-ақ Путиннің, Ресей Федерациясының үзілді-кесілді жеңілгені анық.

 Қазір Украинаның НАТО-ға мүшелік ету мәселесі талқыланып жатыр. Бұл қазіргі уақытта мүмкін бе? Украина қандай талаптарды орындауға тиіс? Жалпы бұған НАТО мүдделі ме?

– Украина 2014 жылы Қырымнан, Донбасстан айырылып қалғаннан кейін, НАТО-ға кіруді тездетуге тырысып жатыр. Өйткені өзінің қауқары, әлеуеті Ресей сияқты алып мемлекетке қарсы тұруға жетіңкіремейтінін біледі. НАТО қазір Украинаны қабылдағысы келмейді. Оның бірнеше формальды нұсқасы бар:

Біріншіден, Қырым, Донбасс бойынша соғыс жағдайында отырған мемлекет.

Екіншіден, Ресейдей ядролық мемлекетпен қақтығысқа түскісі келмейді. Бұл мәселеде сескенгендіктен 2022 жылға дейін созып келді, әлі де созатын түрі бар. Бірақ осы соғыс күндері біз, НАТО-дан, батыстан белгілі бір дәрежеде Украинаның да көңілі қалғанын көріп отырмыз. Көмек көрсетіп жатыр, бірақ қолынан келетіндей деңгейде емес. Бұған ұйымға кіргеннен гөрі, «өзімізді өзіміз қорғаймыз» деген Зеленскийдің бірнеше мәлімдемесі дәлел. Қазір Ресеймен келіссөздер жүріп жатыр және Зеленский мен Путин кездеседі деген де пайымдаулар бар. 

Соғыс жағдайында, асығыс түрде елдің НАТО-ға кіріп кетуі мүмкін бе? Батыс елдері оған жол бере ме?

– Соңғы күндері НАТО жағы да, Украина да бұны айтарлықтай көтеріп жатқан жоқ. Яғни НАТО-ға мүшелік мәселесі мүлде талқыланып жатқан жоқ десе болады. 

Негізінен талқыланып жатқаны – Еуроодаққа мүше болып кіру. Бұл – өркениеттік ұйым. Таза әскери көмегі болмағанымен, әжептәуір қолғабыс. Әлеуметтік-экономикалық артықшылықтары бар. Әрине, НАТО сияқты «біздің біреуімізге келіп тиісетін болса, басқаларымыз болысамыз» деген тікелей уағдаластық, алғышарт жоқ. Әйткенмен бір өркениет болғаннан кейін, егер бір елге тиіссе қалғандары да шама-шарқынша көмектесетіні назарға алынып отыр. Сондықтан қазір, көбіне Киевтің қозғап жатқаны НАТО-дан гөрі Еуроодаққа мүшелікке ену. Ұйымға тездетіп Украинаны қабылдау өте қызу талқыланып жатыр. Еуропа елдерінің басшылары, сыртқы істер министрлері жақында Франция, Версальда бас қосты. Дәл осы мәселені талқылады, дегенмен, шешімге келген жоқ. Себебі әлі де сол Ресейден сескену байқалады.

Еуроодаққа енудің өзі бір уақытта қабылдана салатын шешім емес. Оның өзінің көптеген талаптары бар: бюджеті белгілі болуы керек, жұмыссыздық деңгейі, жемқорлықтың деңгейі өте төмен болуы қажет. Керісінше, нарықтық экономиканың деңгейі жоғары болуға тиіс. Осы стандарттардан өтіп барып қана, тиісті мемлекет мүше бола алады. Кей мемлекеттер кезінде 10-15 жыл тиісті дайындықтардан өтті. Мысалы: Түркия жетпісінші жылдардан бері, Еуроодаққа кірем деп ұмтылды. Елу жыл болды, әлі стандарттарына көтеріле алмай отыр. Сондықтан бұл – өте ұзаққа созылатын шаруа. Енді Еуропадан Киевтің сұрап отырғаны: «Бізге осы процедураның бәрін тездетіп істесеңіздер, әрине бәрі бір күнде бола салмайтыны түсінікті. Бір дауыс берумен шешіліп кетпейді, бірақ сол процедураны тездетіп, басқаларға бес жыл десеңіздер, бізді бес айдың ішінде айналдырып жіберіңіздер» деп отыр. Еуропа қазір бір тұшымды ойға келмеді. Соңғы Версальдағы кездесу соны көрсетті. Еуропаның ескі мемлекеттері: Германия, Франция әлі де Ресейге қарайлап отыр.

– Украина мысалын басшылыққа алып, Ресейден қазақстанға тікелей қауіп төніп тұрғанын айтатындар аз емес. Сіздіңше, қазіргі уақытта ондай пікірдің жаны бар ма?

– Ресейдің Украинаға тіс батпай, оны бағынышты ету пиғылы келмеске кетсе, «енді қалғанын жинай бастайық» десе әрине, бірінші кезекте ойға Қазақстан кетеніні анық. Алайда бұл мәселе өзінің өзектілігін 24 ақпанға дейін сақтап келді. 24 ақпанда Ресейдің қандай мемлекет екеніне әлемнің басым көпшілік мемлекеттері көз жеткізді. Грузиядағы, Қырымдағы, Донбасстағы, Сириядағы қылмыстарына шыдады, қанша рет көз жұмды. Қазір ең соңғы шегіне жетті. Ресейге экономикалық ашық соғыс жарияланды. «Бұл соғыстан Ресей аман-есен шығады» дегенге мен өз басым үлкен күмәнмен қараймын. Ресей сарапшылары, экономистерінің басым бөлігі «Ресей шекарасын сақтап қала ма, сақтап қала алмай ма?» дегенді ойлауда. Украинадан және оны қолдап шыққан халықаралық қауымдастықтан ресейлік режим «орнынан тұрмастай» өте қатты соққы алды. Санкциялар бір-екі күнде нәтиже бере қоймайды, бұл ұзаққа барады. Сол бірнеше айдың ішінде Ресейдің имперлік мүдделерінен, меніңше көп нәрсе қала қоймайды. Мейлі көңілдері, дәмелері қалатын шығар, бірақ қазірдің өзінде оған жеткізетін мүмкіндіктерінен айырылды. Ресей үшін қазіргі негізгі мәселе – барын сақтап қалу болып тұр.

– Ресейге салынған сакциядан қандай салдар болуы мүмкін?

– Бұл – қазір өте өткір мәселе болып тұр. Біз осы жайында ойлануымыз керек. Біз санкцияны айналып өтетін жолдарды ұсынып, Қытайдың тауарларын жеткізіп, Ресейге көмектесетін болсақ, Еуразиялық економикалық одақ немесе ОДКБ арқылы түрлі жеңілдіктерге барсақ, бұл – біз үшін үлкен проблемаға айналады. Тікелей шығындары бар. Жанама батыстың санкцияларына ұрынуымыз мүмкін. Бұл бірінші салдар.

Екінші, ресейліктер үшін әлемнің жартысы, шекаралар жабылғандықтан, ұшақтар қатынамайды, визалар берілмейді. Ресейден талай азамат қашып жатыр. Ресей үшін ашық бірнеше мемлекет қана бар: Грузия, Түркия. Соның бірі – Қазақстан. Қазақстанда олар не істейді? Өзіміздің жағдайымыз оңып тұрғаны шамалы, екі-ақ ай бұрын қаңтар оқиғасы болды. Ресей азаматтарыны ңағылуы жығылғанға жұдырық болады. Олар жүз мыңдап, миллиондап келсе, соның өзі қысым. Ал олардың кім екені, қандай ойлармен келетіні белгілі. Көпішілігі – путиншіл. Бұл бізге түстетін әлеуметтік-экономикалық салмақ. Оларға жұмыс керек болады, олар тұрғын үй сатып алады. Тұрғын үй сатып ала бастаса, үй бағалары қымбаттап кетеді. Онсыз да жұмыс орындары тапшы өңірлерді жұмыссыздық жайлайды. Оған қоса қылмыстық мәселелер, ұлтаралық мәселелер, қауіпсіздік мәселелері бар. Екінші салдары осы.

Тағы бір мәселе – Ресей рубльі құлап жатыр. Ресейдің өзінде тапшылық, бағаның қымбаттауы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде шекаралас аймақтардан ресейліктер келіп, біздің дүкендердің барлығын босатып кетуде. Себебі өздерінде бізден әлде қайда қымбат. Бұл қайта азық-түлік дағдарысына, не болмаса бағаның шарықтауына алып келуі әбден ықтимал.

Қазіргі уақытта осындай мәселелерді көбірек ойланауымыз керек. 

Рүстем Айткәрім

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір