• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 08:24:20
Алматы
+12°

Іле ауданы – Алматы облысының ең іргелі аймағының бірі. Алматы мегаполисімен шекаралас ауданды дамытуға инвесторларды көптеп тарту керек. Бұл ретте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі алдыңғы орында тұруы тиіс. Іле ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев аудан әкімдігінің алдына осындай міндеттер қойды, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сапар барысында Қанат Бозымбаев Өтеген батыр ауылындағы Сервистік әкімдік ғимаратының халыққа қызмет көрсету мүмкіндіктерімен танысты. Қосөзен ауылында биылғы оқу жылында қолданысқа берілген №50 орта мектепті де аралап көрді. Мұнда  жалпы саны 630 бала оқиды, соның 300-дейі ауыл маңындағы 12 саяжайдан келіп білім алады. Мектепте балаларға сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған.

Сол сияқты Қанат Алдабергенұлы толық іске қосылғанда 84,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 мың тұрақты жұмыс орнын ашатын «Сокол» спорттық техникалық кешенінде де болды.

Өтеген батыр ауылындағы аллеяға атбасын тіреп, мұнда елді мекенді абаттандыру жоспарымен танысты. Аудан әкімі Бағдат Қарасаев тұрғын үйлердің аулалары мен балалар ойын алаңдарын абаттандырудың эскиздік жобалары, көп қабатты үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеу жұмыстары жайлы айтып берді. Яғни осы аллеяның бойындағы үйлердің қасбеттері бір сәулеттік келбетке келтіріледі. Сол сияқты көп пәтерлі үш үй мен 100 коттедждің, аудандық мәдениет үйі мен спорт кешенінің жобалары таныстырылды.

Аудан әкімі Іле өңіріндегі саяжайлардың инфрақұрылымдық мәселелерін шешудің жоспар-жобаларына жеке тоқталды. Оның айтуынша, биылғы жылы 234 млн. теңгеге 18 саяжай бірлестігіне апаратын 6,9 км жол жасалған. «Жомарт» және «Черемушки» саяжайларына ауыз су және электрмен қамту жүйелерін күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.

Бұл мәселеге облыс әкімі Қанат Бозымбаев аудан активімен кездесуінде ерекше мән беріп, жиын барысында келелі проблемаларды талқылады. Және ең басты міндет – Президенттің халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттер мен мемлекеттік бағдарламаларды нәтижелі орындау екенін атап өтті.   

Алдымен аудан әкімі Бағдат Қарасаев өңірдің 10 айдағы даму көрсеткіштері мен алдағы міндеттер жайлы баяндама жасады. Бұдан соң облыс әкімі Қанат Бозымбаев азық-түлік өндірісінің төмендеуіне жол бермеу, медицина мамандарының жетіспеушілігін болдырмау үшін шаралар қабылдау, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы үй кезегіндегілер санын азайту, саяжайлардағы әлеуметтік мәселелерді шешу сияқты бірқатар проблемаларға қатысты аудан әкімі орынбасарларының жауабын тыңдады.

Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

- Іле ауданы – іргелі аудан. Мұнда 310 мыңға жуық адам тұрады. Соның 60 мыңнан астамы - саяжай тұрғындары. Саяжайда тұратын адамдарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасауымыз керек. Ол үшін 3-4 жылға арналған стратегиялық жоспар болуы керек. Онда әрбір саяжай массивін газ, су, электр жарығы, жол сияқты инфрақұрылыммен қамту, әлеуметтік нысандар салу – барлығы да қамтылуы керек. Саяжай массивтерінде тұратын азаматтардың мәселелерін шешу жергілікті атқарушы органның маңызды басымдығы болуы тиіс, - деді Қанат Бозымбаев.

Сонымен қатар ауданға инвесторларды көптеп тарту керектігін ескертті. Бұл орайда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі алдыңғы орында тұруы тиіс.

Жиын барысында облыс басшысы Қанат Бозымбаев аудан әкімдігінің алдына халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы басқа да маңызды міндеттер қойды.

Үш ауысымды мектептерді жою үшін ұсыныстар енгізіліп, бұл істе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Жаңа жұмыс орындарын құруды ширату, қайта өңдейтін өндірістер ашуды жандандыру, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу, әлеуметтік мәні бар азық-түлік бағасының көтерілуіне жол бермеу, жастар мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау тапсырылды. Сол сияқты Алматы қаласы мен Іле ауданы арасындағы жолаушы көлігі қатынасы және жолақы төлеміндегі жеңілдіктер мәселесіне қатысты туындаған қиындықтарды алдағы уақытта қала басшылығымен кездесіп, талқылайтынын айтты. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір