19 Қараша, 2021 NEWS
Көрнекі сурет
Солтүстік Қазақстан облысында эпидахуал күрделі. Күн сайын орта есеппен 150-ге жуық адам қауіпті індетті жұқтырып жатыр. Мамандардың сөзінше жағдай бұдан әрі ушықса, локдаун енгізілуі мүмкін, деп хабарлады Астана телеарнасы.
Қызылжар өңірі бір жарым айдан бері қызыл аймақта тұр. Өткен тәуліктің ішінде аймақта 143 адам қауіпті вирус жұқтырған. Қазір емдеу бөлімшелері 40 пайыз толық. Күніне 4-5 адам короновирустан көз жұмады дейді дәрігерлер.
– Жасанды желдету құрылғылары мен дәрі дәрмек жеткілікті. Былтырғыдай проблема жоқ. Қазір вирус өзгерген, белсенділігін арттырып отыр. Сондықтан көп жағдайда үлкен кісілер дертке қарсы келе алмай жатыр. Короновирустан қайтыс болғандардың басым бөлігінде қосымша аурулар болған, – деді Петропавл қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Жанна Маутова.
Өңірде той мен мерекелік жиындарды өткізуге тыйым салынған. Ойын-сауық орталықтарына демалыс күндері тек жасыл статусы бар адамдар ғана кіре алады.
– Дәл қазіргі кезде коронавирус инфекциясы анық шарықтау шегінде тұр. Ешқандай төмендеу де, қатты өсу де байқалып тұрған жоқ. Бір деңгейде тоқтап тұр. Егер бұл жағдай әрі қарай өршитін болса, тағы қаталдатылған шаралар енгізілуі мүмкін. Мысалы локдаун енгізілуі мүмкін, – деді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Меруерт Атамбаева.
Айта өтейік, аймақта тұрғындарды вакцинациялау шарасы өте баяу жүруде. Екпенің қос компонентін 240 мың адам, өңір халқының шамамен 65 пайызы салдырған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір