• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 17:55:22
Алматы
+35°

2021 жылғы 15-16 қараша күндері Ақтөбеде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған және "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Студенттер сарайында «Тұғырлы Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Мақсат — ата-баба армандаған тәуелсіздік халыққа не берді,  жетістіктеріміз қандай,  қай тұста қапы қалып жүрміз деген төңіректе көпшілікке ой тастау,  ұлттық өнерді, қазақтың айтыс дәстүрін жалғастырып жүрген ақындарды жұртшылықпен тағы бір қауыштыру.

15 қараша күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин​ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына​ арналған​ «Тұғырлы Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысының қазыларымен және қонақтарымен кездесті. Кездесуге халық әртісі Асанәлі Әшімов пен оның жұбайы Бағдат Әшімова,​ айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы​ Жүрсін Ерман,​ Қазақстанның​ еңбек сіңірген қайраткерлері​ ​ ​ Аманжол Әлтай,​ Ғалым Жайлыбай мен​ Даулеткерей Кәпұлы,​ ақын-импровизатор Бауыржан Халиолла​ қатысты.​ Кездесу барысында мәдениетке, айтысты ұлттық өнер түрі ретінде дамыту және дәріптеу сұрақтары​ талқыланды.​

Ақындар айтысына Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Сөз сайысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы,  белгілі ақын Жүрсін Ерман жүргізді.

Құттықтау сөзімен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова ашып, сәттілік тіледі.

Жыр жәрмеңкесіне Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарынан 20 суырып салма өнердің өкілдері келіп, көрермендерді әуезді әуен, ұтымды ұйқасқа бөледі.

Сөз сайысының нәтижесінде бас жүлде ақтөбелік ақын Марат Ахметовке бұйырып, ол 2 млн теңге ақшалай сыйақыны қанжығасына байлады. Бірінші орынды алматылық Рүстем Қайыртай (1,5 млн теңге), екінші орынды ақтөбелік Аруна Керімбек (1млн теңге) пен батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы иеленді.

Ал үшінші орынды жамбылдық Қанат Мырзаханұлы, түркістандық Дәурен Ақсақалов, ақтөбелік Жұлдыз Қожабекова, павлодарлық Рауан Қайдаров бөлісті. Олардың әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Алматылық Нұрлан Есенқұл және шығызқазақстандық Серік Қуанғанға 450 мың теңгенің арнайы сыйлығы табысталды. Сондай-ақ барлық ақындар дипломдармен марапатталып, 300 мың теңгеге ие болды.

Qamshy

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір