• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 06:42:21
Алматы
+12°

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Глазго қаласында БҰҰ-ның "COP26" деп аталатын климаттық конференциясын ашып, әлемнің "экологиялық ақырзаманға" жақындап келе жатқанын ескертті.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те экологиялық жағдайға алаңдаушылық білдіріп,  "біз өз көрімізді өзіміз қазып жатырмыз" деп айтты.

АҚШ президенті Джо Байден жаһандық жылынудың алдын алып, әлем көшбасшыларын бұл қиындықты жеңуге шақырды. Байден "парниктік газдарды азайту және қазба отындарынан тәуелсіздік болу – жұмыспен қамту жағдайына кері әсер етеді" деген аргументке қарсы шықты. Ол көлікті электрлендіру, күн батареялары мен жел турбиналары желілерін салу "кәсіподақтардағы жақсы, ақылы жұмыс орындарын" көбейтетінін айтты.

Жиында орман өрттерінің, құрғақшылықтың және климатқа байланысты басқа да апаттардың көбейгені айтылды.

Байден сондай-ақ өз әкімшілігінің ұзақ мерзімді стратегиясын жария етті. Оның сөзінше, АҚШ 2050 жылға дейін зиянды газдардың ауаға шығарылуын толықтай тоқтатады. Сонымен қатар, Байден АҚШ-тың климат туралы Париж келісімінен шығып кеткені үшін кешірім сұрады. Алайда, болашақта бұл жағынан әлемге үлгі болатынына сенетінін жеткізді.

Байден сөз сөйлегеннен кейін Франция президенті Эммануэль Макрон сахнаға шығып, үш құндылықты баса айтты: амбиция, ынтымақтастық және сенімді негіз етіп, климаттың өзгеруін ауыздықтау үшін бірге күш салуға шақырды.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон жаһандық жылынуды 1,5 ° C (2,7 ° F) дейін ұстап тұру үшін көміртегі қалдықтарын тез арада шектеу туралы келісімге қол жеткізу керек екенін айтты. Қазірдің өзінде әлем 1,1°C-қа жылынған. Алдағы онжылдықта зиянды қалдықтарды қысқартқанның өзінде, болжамдар бойынша 2100 жылға қарай температура 2,7 ° C-ға көтеріледі.

Джонсон Глазгоға жиналған 130-дан астам әлемдік көшбасшының орташа жасы 60-тан асқанын, ал климаттың өзгеруінен ең ауыр зардап шегетін ұрпақ әлі тумағанын атап өтті.

Джонсон көмірмен жұмыс істейтін электр станциялары мен бензинмен жұмыс істейтін көліктерді тоқтатуға, сонымен қатар бай елдер жасыл экономикаға көшуге және климаттың нашарлауына бейімделуге көмектесу үшін кедей елдерге қолма-қол ақша аударуға шақырды.

Ұлыбритания патшайымы Елизавета II видео және хат арқылы "Тарих көрсеткендей, мемлекеттер ортақ мақсатта біріккенде, әрқашан үміт ұшқыны болады" деген қолдауын жолдады. Ұлыбритания ханзадасы Чарльз әлем көшбасшыларына "біздің аяулы ғаламшарымызды құтқару керек" екенін айтып, "әлемнің көзі мен үміті сіздерде" деп әр елдің басшыларына сөз арнады.

Кешқұрым сөйлеген Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди 2070 жылға дейін Үндістан көміртегісіз кезеңге аяқ басатынын жариялады. Моди Үндістан әлем халқының 17 пайызын, бірақ жаһандық зиянды қалдықтардың 5 пайызын ғана құрайтынын атап өтті.

Дегенмен, саммитке қатыспаған да елдер болды. COVID-19 пандемиясы кезінде өз елінен шықпаған Қытай төрағасы Си Цзиньпин де, Ресей президенті Владимир Путин де Глазгодағы саммиттің ешбір кезеңінде болмайды.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да Глазгоға бармады. Ол жоспарын өзгерту себебін айтпады. Конференция 12 қарашаға дейін жалғасады.

"COP26" климаттық саммитінің бірінші ірі келісімінде 100-ден астам әлемдік көшбасшы 2030 жылға қарай орман отауды тоқтатуға және қайта орман өсіруге уәде берді. 

Келісімге 19,2 миллиард доллар шамасындағы мемлекеттік және жеке қаражат кіреді. 

Келісімге қол қоямыз деген елдер, соның ішінде Канада, Бразилия, Ресей, Қытай, Индонезия, Конго Демократиялық Республикасы және АҚШ сияқты елдер әлемдегі ормандардың шамамен 85%-ына ие.

Қаржының бір бөлігі бүлінген жерлерді қалпына келтіруге, орман өрттерін жоюға және жергілікті қауымдастықтарды қолдау үшін дамушы елдерге жіберіледі.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Глазго климат

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір