28 Қазан, 2021 NEWS
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен «Елбасы жолы» экспедициясы Шымкентке келді. Экспедиция құрамында Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Ел Үміті» бастамасы аясында жүзеге асып жатқан жобалардың үздік, әрі белсенді 10 қатысушысы бар.
Экспедиция тәуелсіздік жылдарында еліміздің жеткен жетістігін келер ұрпаққа дәріптеп, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың саяси өмір жолын кеңінен насихаттау мақсатында жолға шыққан.
— «Елбасы жолы» экспедициясы Шамалған ауылынан бастау алды. Республиканың түкпір-түкпірінен келген 14-29 жас аралығындағы белсенділер Қаскелең мен Алматы қаласына барып, Елбасы Н.Назарбаевтың «Атамекен» тарихи-мәдени орталығынан маңызды мағлұматтар алды. Одан кейін еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласына келіп, «Елбасы медалі» жобасының қатысушыларымен кездестік. Енді экспедиция Шымкенттегі 5 жасқа дейінгі ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығына келіп отыр, - дейді «Елбасы Академиясы» КҚ-ның баспасөз хатшысы Мадина Сұлтанова.
Н.Назарбаев қорының «Қамқорлық» оңалту орталығы Шымкентте 2020 жылы желтоқсан айынан бастап жұмыс істеп келеді.
— Орталық айына 30 балаға көмек көрсете алады. Ашылған уақыттан бері 270 балаға көмек көрсетілді. Шалғай аудандардан келген 221 бала тәуліктік стационарда, 49 шымкенттік бүлдіршін күндізгі стационарда ем қабылдады. Емделушілердің 45 пайызының қимыл-қозғалысын дамытуға көмектессек, 35 пайызының сөйлеу қабілеті дамыды. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мәселен, КСВП аппараты арқылы баланың есту қабілетіндегі ақауды ерте анықтай аламыз. Сондай-ақ, мұнда Балалардын церебральды сал ауруына арналған оңалту жұмыстарын ерте кезеңнен бастауға мүмкіндік бар. Оның барлығы дәрігердің нұсқауымен, арнайы бағдарлама бойынша жүзеге асырылады, - дейді «Қамқорлық» оңалту орталығының бөлім меңгерушісі Ләззат Шералықызы.
Экспедиция мүшелері оңалту орталығындағы ең озық заманауи құрылғыларды көріп, жеке және топтық сабақ өтетін кабинеттермен танысты.
Айта кетейік, экспедицияның 25-31 қазан аралығына жоспарланған сапары Теміртау мен Нұр-Сұлтан қалаларында жалғаспақ.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір