• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 08:05:43
Алматы
+35°

Қытай Қазақстанмен шекарасын жауып, 1 қазанда коммунистік партияның "мемлекет құру күнін" тойлап жатыр. Қытай қоғамы соңғы жылдары бәрін билік басқаратын жаңа кезеңге қадам басты.

Бұл қандай кезең?

Өткен жылдан бастап Бейжің елдегі бай және қуатты технологиялық алпауыттардан бастап, азаматтардың жеке өміріне дейін қатаң бақылауға алды, репрессия жүргізді. Қытай билігі оны "ортақ даму" деген жаңа терминмен түсіндіреді.

Коммунистік партияның қоғамдағы барлық секторға жаппай қысым жасауының себебіне мамандар әр түрлі сараптамалар жасауда.

Кейбір сарапшылар үкімет келесі жылғы Қытай коммунистік партиясының Ұлттық құрылтайына дайындалып жатқанын айтады. Олар бес жылда бір рет өткізілетін 2022 жылғы саммит "бұрын-соңды болмаған деңгейде өткізіледі" дейді.

Өзгеріс пен репрессия қашан басталды?

2018 жылы конституцияға өзгеріс жасалған соң Си Цзиньпин Қытайды өмір бойы басқара алатындай мүмкіндікке ие болды. Ол енді үшінші рет Қытайдың ең жоғары басшысы болып сайланатын кезеңін бастайды.

"(Си) Қытайдың кез келген саласында өзінің көшбасшылығын дәлелдегісі келеді, мейлі ол халықаралық қатынастар болсын, ішкі істер, сыбайлас жемқорлық мәселелері, мәдени мәселелер болсын. Бұл – жаңа саясат, сондықтан сіздер енді барлық қозғалыстардың бір мезгілде болатынын көресіздер. Мүмкін келесі жылғы партиялық съезде немесе 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы қамтитын үлкен оқиғаларға дайындық кезінде солай болады" дейді Сингапур Ұлттық университетінің аға ғылыми қызметкері Лим Тай Вэй.

Көптеген сарапшылардың айтуынша, репрессия өткен жылдың 24 қазанынан басталған. Ол кезде "Alibaba"-ның негізін қалаушы және технологиялық магнат Джек Ма Шанхайда сөйлеген сөзінде Қытайдың реттеу жүйесін ашық түрде сынға алған. Іс-шарадан кейін көп ұзамай, реттеушілер Джек Ма иелік еткен "Ant Group" тобының 37 миллиард долларлық IPO-ны тоқтатуға мәжбүр етті, бұл – әлемдік бизнес қауымдастықты дүр сілкіндірді.

Содан кейін магнат үш айдай жоғалып кетті, ал қаңтардан бастап Бейжің елдің басқа технологиялық алпауыттарына шүйлікті.

Шілдеде Бейжің реттеушілері қытайлық "Didi" такси қызметі қосымшасын қысымға алды. "Didi"-дің ақпараттарына АҚШ шенеуніктері жағынан қауіп төнеді деген күдікпен Бейжің оны онлайн қосымшалар дүкендерінен шығарды. Салдарынан Нью-Йорк қор биржасына шыққан "DiDi"-дың акциясы құлады. Бұл саланың болашағы туралы қорқыныш туды.

Олигархтар туралы алаң

Өткен жылы Бейжің Қытайдағы ең ірі технологиялық кәсіпорындар есептелетін "Alibaba" және "Tencent" сияқты компаниялардың монополиясына бағытталған жаңа заң қабылдады. 2012 жылы Си қызметке кіріскеннен кейін басталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы науқанды кеңейте отырып, ондаған миллион төленбеген салықтық қарызы бар Қытайдың кейбір әйгілі жұлдыздарын нысанаға алды.

Сидней Лоуи институтының Шығыс Азия бойынша аға ғылыми қызметкері Ричард МакГрегор Бейжіңнің бұл әрекетін посткеңестік елдердің жағдайымен салыстыра түсіндірді.

"Қытай 1990-шы жылдардан кейін Ресейде қалыптасқан саяси белсенді, тіпті саяси қуатты олигархтар тобының өсуінен сабақ алды" дейді Ричард МакГрегор.

Жаңа терминдер: "Теңсіздікті жою", "ортақ даму", "Си Цзиньпин идеясы"

Қазір Қытайдың көптеген байларынан "дамудың ортақ қорына" ақша аудару сұралуда, оны кейбіреулер қара жәшік ретінде сипаттайды. Бейжіңнің бұл әрекеті "теңсіздікті жою" деп те түсіндірілуде.

Қытай билігі, сонымен қатар, коммерциялық жеке репетиторлық орталықтарды қудалауының себебі ретінде "әлеуметтік теңсіздіктерді азайту", "ортақ даму" деген уәж айтты. 

Коммунистік партия жастарға бағытталған жаңа саясаттарды да бастады. Мысалы, апта сайынғы компьютерлік ойындар уақытын шектеді. Кейбір телевидение шоуларына шектеу қойды, айталық, қытайлар "сисси" деп атайтын K-Pop әншілеріне тыйым салды.

2018 жылы Қытай конституциясында бекітілген "Си Цзиньпин идеясы" деп аталатын Сидің саяси идеологиясы ұлттық оқу бағдарламасына қосылады. Ол мектептерде бастауыштан жоғары деңгейге дейін оқытылады.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың коммунистік жолға қайта оралған саясаттары туралы жазылған BBC-дың сараптама мақаласын аударып ұсынған болатынбыз

 

Талғар Дәлелғазы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қытай Бейжің

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір