Президент Қ.Тоқаев Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевті қабылдады. Қазақстан президентіне Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты қабылданған шаралар, өңірдегі коронавирус індетіне қарсы атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндалды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Ақорда баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өмірзақ Шөкеев облыста ковид-менеджмент бойынша жүйелі жұмыс жасалғанын, санитарлық-эпидемиялық тәртіптің қатаң сақталғанын, халыққа екпе егу ісінің қарқынды жүріп жатқанын айтқан.
"Жалпы Түркістан облысы бойынша 1 миллион адамға екпе егілуі керек болса, бүгінде 200 мың адамға вакцина салынған. Аймақтағы жұқпалы аурулар ауруханаларындағы төсек-орындар мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, қажетті құралдармен жабдықталған. Өңір басшысының айтуынша, қазір облыс «жасыл аймақта», соған сәйкес кейбір шектеулер алынып жатыр.
Биыл Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толады. Мемлекет басшысына осы аралықта атқарылған жұмыстар мен өңірдегі өзгерістер туралы айтылды. Өмірзақ Шөкеев облыстың жалпы ішкі өнімі 41 пайызға өскенін, инвестиция 2,4 есе артқанын, құрылыс саласында ірі жобалар іске асқанын, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес бойынша оң көрсеткіш бар екенін атап өтті" делінген ақпараттық хабарламада.
Кездесу барысында президент облыс әкіміне үкіметпен бірлесіп Түркістан облысын дамытудың 2018-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарын қайта жаңартуды тапсырған.
Пікір қалдыру
пікір