26 Сәуір, 2021 NEWS
Көрнекі сурет
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына түзетулер әзірледі. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Іс жүзіндегі тұжырымдама аясында 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу көзделген. Сондықтан ең төменгі кепілді зейнетақыны тағайындау тетігі, белгілі бір тұстарын жетілдіре отырып, базалық зейнетақыны тағайындаудың қолданыстағы әдістемесіне негізделген.
Қазіргі уақытта ең төменгі кепілді зейнетақыны тағайындау тетігі қарастырылып жатыр:
– ең төменгі мөлшерді ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін ұлғайту ұсынылады;
– қатысудың ең аз өтілін 10 жылдан 5 жылға дейін азайту;
– зейнетақы мөлшерін шектеуді алып тастау (қазіргі уақытта ең жоғары шектеу 33 жыл және одан көп болған жағдайда 1 күнкөріс деңгейін құрайды).
Жаңғыртудың тағы бір маңызды бағыты 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5 пайыз міндетті зейнетақы жарнасын енгізу болып есептеледі. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмысшылардың пайдасына жұмыскердің табысынан міндетті 5 пайыз зейнетақы жарнасын аударатын болады.
Президент жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарының мақсатын шартты-жинақтаушы құрамдауышты қалыптастырудан азаматтардың жеке зейнетақы жинақтарын толықтыруға өзгерту тәсілдерін мақұлдады. Сондай-ақ салық кодексінің шеңберінде жұмыс берушілерге жүктемені төмендету үшін енгізілетін жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын шегерімге жатқызу бөлігінде жеңілдіктер берілген.
Мұндай тәсіл халықаралық зейнетақымен қамсыздандыру стандарттарына сәйкес келетін зейнеткерлік жасқа жеткен кезде (зейнетке шыққаннан кейін табысты алмастыру коэффициенті) салымшылардың зейнетақы жинақтарының барабар деңгейін сақтауға, сондай-ақ жақын келешекте барлық салымшылардың зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану (тұрғын үй сатып алуға, емделуге ақы төлеуге) құқығын іске асыруға мүмкіндік береді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір