01 Сәуір, 2021 NEWS
Фото:Рolisia.kz
Түркістан облысының полицейлері қымбат автокөлік ұрлаумен айналысқан төрт күдіктіні анықтады, деп хабарлады Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын белгісіз адамдар оның "Toyota Camry 55" маркалы автокөлігін ұрлап кеткені туралы арызданған. Полицейлер бірден оқиға орнына келіп, күдіктілерді жедел іздестіруге кіріскен.
Нәтижесінде ұрланған автокөлік Шымкент қаласынан табылды. Оны күдіктілер төрт миллион теңгеге сатып үлгерген. Ал автокөліктің есігін, электрондық сканер аппараты арқылы ашқан.
– Арнайы жүргізілген операция нәтижесінде біздің жедел уәкілдер төрт күдіктіні ұстады. Олардың төртеуі Ақтөбе облысының тұрғындары, оның ішінде екеуі деструктивті діни ағымның мүшелері болып шықты. Ұсталғандардың үшеуі бұрын қарақшылық және қару сақтағаны үшін сотталған. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелерінің алдын-ала жоспарланған сызба бойынша, әрқайсысы өз рөлін сомдау арқылы әрекет еткені анықталды. Күдіктілер құны 10 миллион теңгеден асатын автокөліктерді арнайы сканерлеу құрылғысының көмегімен ашқан. Олар автокөлік иелерін бақылап, есіктерін ашқан кезде электронды құлыптарды сканерлеген. Сезіктілер қымбат көлікке қол жеткізгеннен кейін, оларды тұрақтан немесе көшелерден ұрлап, айдап әкеткен. Тергеу бүгінгі күні күдіктілердің автокөлік ұрлығының жалпы бес дерегіне қатысы бары анықтады. Олар бес қылмыстың екеуін Ақтөбе облысында, екеуін Түркістан облысында және біреуін Қызылорда облысында жасаған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ күдіктілердің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда, – деді Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір