• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 16:20:08
Алматы
+12°

Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда өтіп жатқан Демократиялық партия бастамашыл тобы жақтастарының митингіне оппозициялық журналистер Ермұрат Бапи мен Рысбек Сәрсенбай да келді.

Митингте сөз алған Ермұрат Бапи билікке қарсы әрекеттерде халықтың қолы биліктің жағасына жететіндей жағдайда болуы керек екенін айтты.

журналист Ермұрат Бапи

– Халықтың екі қолына бір күрек болатындай жұмыс жоқ. Енді екі аяғымызды басып тұратын жерімізді де өзімізге қалдырмайын деп жатыр. Жер мәселесіне қатысты жалпыхалықтық қозғалыс ұйымдастыру керек. Бұған барлық ұйымдар қатысуы керек. Қазақтың жерінің мәселесі жалпыхалықтық мәселе, біздің ертеңгі болашағымыздың мәселесі. Жалпыхалықтық митинг жасағанда ғана жерімізді қорғап қала аламыз, – деді ол.

Журналист Рысбек Сәрсенбай Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев та, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген уәделерін орындамағанына назар аударды.

журналистер Рысбек Сәрсенбай

– Бүгін ел, жерді, тәуелсіздікті қорғамасақ, ертең кеш болады. Бұлай жалғаса берсе, жерден де, елден де айырыламыз. Назарбаев пен Тоқаев 500 мың адамды жұмыспен қамтитындарын, 1200 кәсіпорын салатындарын айтқан. Сол уәделері қайда? Қайда сол кәсіпорындар? Сол 1200 кәсіпорын бүгінде жұмыс істеп тұрса, Қытайдың 56 зауытына күніміз қарап қалар ма еді, – дейді журналист.

Митинг өтіп жатқан аумақта әлі де интернет істемейді.

Митингке шыққандардың қолдарындағы плакаттарда "Қытай елшісі елші ме, жаушы ма?", "Үкімет Қазақстанды саудаға салмақ", "Қытай экспансиясына жол жоқ", "Қытай, жерімізге көз салма", "Жеріңді қорғамасаң, "жер" боласың", "Қытай экспансиясы тәуелсіздіктен айыру", "Жер сатылмайды, жалға берілмейді", "Саңырау президент керек емес", "Ұлтарақтай болса да, атақоныс жер қымбат" деп жазылған.

Осы күні шетелдегі оппозиционер Мұхтар Әблязов та жақтастарын бірнеше қалада митингке шығуға шақырған. Алматыдағы митинг орны ретінде ол да Шоқан Уәлиханов атындағы алаңды белгілеген.

Демпартия белсендісі Дәурен Достияров алаңда 400-ге жуық жақтастарының жүргенін айтады. Сондай-ақ ол алаңға келе жатқан белсенділердің жолда ұсталғаны туралы хабар жетіп жатқанын жеткізді.

Қамшы тілшісі де бұл жолғы митингке бұған дейінгі акцияларға қарағанда көп адамның жиналғанын байқаған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір