• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 13:44:25
Алматы
+12°

Лайло Маккабаева Түркияға 2019 жылы көшіп келген. Қазір Стамбул қаласында тұрады. Халықаралық шетелдік компаниялардың бірінде логист болып жұмыс істейді. Лайло Маккабаеваның айтуынша, Қазақстанда хиджап киіп жұмысқа орналасу өте қиын. Туған жерін тастап, өзге мемлекетке кетудегі басты себеп – осы. Лайло бөтен елде қалай өмір сүріп жатқанын, екі жыл өмірінде қандай өзгеріс болғанын Қамшы порталына берген сұхбатында айтып берді.

– Мен 1997 жылы Шымкент қаласында тудым. Бала кезден өзге тілдерде сөйлеп, үйренуге қызығатынмын. Үйде қазақша, өзбекше сөйлесетінбіз. Мектепті қазақша оқып, үздік тәмәмдадым. 2013-2017 жылдары Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ағылшын-түрік тілі мамандағы бойынша білім алдым. Бұдан бөлек орыс және араб тілдерін өз бетімше үйрендім. Студенттік кезде, хиджап кие бастадым. 2019 жылы магистрант атандым. Алайда қос дипломым болғанына, 6 тілді жетік меңгергеніме қарамастан жұмысқа орналасу маған қиынға соқты. Орамалыма байланысты көп жерде шеттетіп жатты. Әсіресе мемлекеттік бюджеттік мекемелер, ірі жеке компаниялар кері қайтарып жатты, – дейді ол.

Лайло Маккамбаеваның жеке мұрағатынанЛайлоның айтуынша, Түркияда жұмысқа орналасу үшін, адамның сырт келбеті, киімі, ұлты және діні мүлдем маңызды емес. Бастысы өз ісіңнің маманы болсаң жеткілікті.

– Қазір Түркияда ағылшын және түрік тілі мамандығы бойынша доктарантурада оқимын. Алайда сабаққа күнделікті барудың қажеті жоқ. Сондықтан алғашқы жылдары куртарда ағылшын тілінен сабақ өтіп, күнімді көріп жүрдім. Кейін шетелдік компанияда жұмысқа шақырды. Алатын айлығым, біздің курспен есептегенде 200 мың теңгені құрайды. Әрине, бұл көп емес. Бірақ өз басыма жетеді. Мен мұнда қалтамды қампайту үшін келгенім жоқ. Өз мамандығым бойынша жұмыс істеп, өзімді дамытып, таным көкжиегімді кеңейткім келді. Ол үшін Түркияда барлық мүмкіндік бар. Түркияға алғаш келгеннен өзімді жайлы сезіндім, жергілікті халық жылы қарсы алып, жол сілтеп, көмектерін ұсынып жатты. Бауырлас ел болғандықтан, түріктер қазақтарды ерекше жақсы көреді. Қос мемлекеттің ұқсастықтары да баршылық. Мысалы, тағамдары, тәттілері, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрінде айтарлықтай өзгешілік жоқ, – дейді Лайло Маккабаева.

Лайло Маккамбаеваның әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Лайло Маккамбаеваның әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Лайлоның шетелде болғанына өкінген сәттері де болған. Туған інісі қайтыс болғанда жақындарының жанынан табыла алмаған. Сол үшін өзін кінәлі сезінеді.

– Туған жердің тасы да ыстық. Жұмыста отырған кезде Қазақстанды картадан көргенде, қазақ тілінде сөйлеген жерлестерімді кездестіргенде, көзіме еріксіз жас келеді. Бұйырса, қасиетті рамазан айынан кейін отбасыма, жақындарыма барып келу ойымда бар. Алайда Қазақстанда түбегейлі қалу әлі ойымда жоқ. Оған сұхбаттың басында айтқан жағдай себеп. Бірақ менің жүрегім, әрдайым туған жермен бірге. Мен өз елімің патриотымын! Өзімнің ұлтым өзбек болғанымен, жүрген жерімде қазақ тілінде сөйлеуге тырысамын. Қазақ халқының ерекшелігін, қонақжайлығын айтып жүремін, –  деді Лайло.

 

Айзада Бидан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір