• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 12:40:01
Алматы
+12°

Шымкент қаласында Өзбекстанның 70 азаматы мен Қытайдың 62 азаматын жұмысқа заңсыз қабылдағандар анықталды, деп хабарлады polisia.kz сайты.

Ақпан айында ішкі істер министрлігі "Мигрант" жедел алдын алу іс-шарасының екі кезеңін өткізген.

– Пандемияға кезінде Қазақстан аумағында болған мыңдаған шетелдік елден шыға алмай қалды. Ішкі істер министрлігі көші-қон қызметінің, шет мемлекеттер өкілдіктерінің және көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның көмегімен бұл адамдардың құжаттарын ресімдеуге көмек көрсетілді. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 133 мың заңсыз мигрантқа елден өз еркімен кетуге көмектесті. Төлқұжаттарының қолданылу мерзімі өткен 675 шетелдік қайтып оралуға арналған куәлік алды, – деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Сайт мәліметінше, көші-қон заңнамасын қасақана бұзу фактілері де анықталған. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында 582 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тиісті рұқсатсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактілері бойынша 28 қылмыстық іс тіркелді.

Шымкент қаласында Өзбекстанның 70 азаматы мен Қытайдың 62 азаматын жұмысқа заңсыз қабылдаған бірқатар заңды тұлғалар анықталды. Қазіргі уақытта заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сонымен қатар, жедел-профилактикалық іс-шара барысында іздеуде жүрген 140 қылмыскер ұсталды. Олардың ішінде 129 қазақстандық, ТМД елдерінің 10 азаматы, сондай-ақ сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері және бопсалау фактісі үшін халықаралық іздеуде жүрген Түркия азаматы бар.

– Қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де өздерін қауіпсіз сезінуі тиіс. Бұл – полицияның негізгі міндеті. Сонымен бірге біздің елде уақытша жүрген қонақтар заңдарды құрметтеуге және елде болу ережелерін бұзбауға міндетті. Сондықтан көші-қон қызметінің бұл бағыттағы жұмысы тұрақты түрде жүргізілуі тиіс, – деді министр Тұрғымбаев.

Көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше, көші-қон заңнамасын қасақана бұзушыларға қатысты заңсыз иммигранттарды шығаруға 969 сот шешімі шығарылған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір