• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 13:33:09
Алматы
+12°

Фото автордікі

Өткен жылдың соңғы күндерінде суық хабар келді. Абайдың тікелей ұрпағы, шөпшегі – Айдар Бағфұрұлы Ақылбаев дүниеден өтті. Соңғы сапарға шығарып салуға Абайдың, Құнанбайдың ұрпақтары жиналды.

Жаназасына мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, Диар Қонаев қатысты. Ақынның тұяғымен қоштасу үшін Абай елінен Абай аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Елдар Оразалин келді. Ол марқұмның туыстарына Шығыс Қазақстан облысының әкімінің, Абай ауданының әкімінің атынан көңіл айтты.

Суық хабарды естіп, Семейден Алматыға Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи- мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры Тұрдықұл Шаңбай келді.

Айдар Бағфұрұлы Ақылбаев Алматының  Орталық зиратында шешесі Ғафура Раззаққызы, ағасы Бәукен Бағфұрұлының жанында жерленді.

Жерлеу рәсімінен кейін, Айдар Ақылбаевқа Құран бағышталған. Карантин шараларының себебінен, асына көп адамды жинауға мүмкіндік болмады.

Ең жақын туыстары – Абайдың тікелей ұрпақтары, бірге оқыған достары, елден келген Тұрдықұл Шаңбай, Елдар Оразалин жиналды, марқұмды еске алды.

Тұрдықұл Шаңбай мен Елдар Оразалин биыл өткен Абайдың 175-жылдығы туралы да екі ауыз сөз айтты.

Олардың айтуынша, аты жаман аурудың індетінің кесірінен дүркіреген той өтпесе де, барлық аймақтарда, соның ішінде Абайдың елінде көптеген іс-шаралар, онлайн-конференциялар, кітаптардың тұсаукесерлері, челленджтер, концерттер өткен.

Карантин болғандықтан, олардың көбісі онлайн-режимінде өткен. Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық- мұражайында ремонт, реконструкция, модернизация жасалды.

Мұражайда үш тілді сандық (электрондық) гид бағдарламасы орнатылды. Демек, мұражайда үш тілде эксурсоводсыз экскурсияны жасауға болады. Абайдың мұрасын ұмытпау, сақтау, зерттеу, дәріптеу үшін үкімет көңілін, қаражатын бөліп жүр.

Қазіргі таңда Абайдың тікелей еркек кіндікті екі-ақ ұрпағы қалды. Олар – Айдардың ұлы Данияр және Айдардың ағасы Эрнесттің ұлы – Айдос. Екеуі де – Абайдың Ділдәдан туған үлкен ұлы Ақылбайдың ұрпақтары. Айдос Ақылбаев Украинада тұрады.

Данияр Ақылбаев – мұхиттанушы, жасы елудің шамасында, үш қыздың әкесі.

Айдар Ақылбаев – Бағфұр Әлімқұлұлы мен Ғафура Раззаққызының үш ұлының кенжесі еді.

Ағалары – Эрнест, Бәукен.

Айдар Ақылбаев 1949 жылы Алматыда туған. Политехникалық институтты бітіріп, көп жыл Маңғыстау мұңай өндеу саласында жұмыс істеген. Бертінгі кезде Алматыға көшіп келген.

Әкесі Бағфұр кезінде байлардың ұрпағы, Абайдың ұрпағы ретінде қудалауға ұшырады. Анасы Ғафура Раззақ Омарханұлы Әуезовтің қызы. Раззақ – Мұхтар Әуезовтің туған ағасы еді. Демек, Айдар Ақылбаев һәм Абайдың ұрпағы, һәм Әуезов әулетінің жиені еді. Бағфұр мен үлкен ұлы Эрнест Ұзынағаштың маңайында орналасқан Мыңбаев ауылының зиратында жерленген.

Р.S. Биыл мемлекет басшысы Абай еліне сапар жасап, ауылдың ақсақалдарынан батасын алған. Абайдың есімі, Абайдың мұрасы, Абайдың елі мемлекет басшысының, үкіметтің назарынан тыс қалмайды.

Хакім Абай айтқандай, "Өлсе өлер табиғат, адам өлмес". Демек, Абайдың да, ұрпағы Айдардың да есімі, жарқын елестері есте қалады.

Асқар Дайырбек

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір